Тарихи тұлға

Тарихи тұлға

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің тәуелсіздігі мен халқымыздың бостандығы үшін күрес жолында құрбан болған Нығмет Нұрмақовтың туғанына биыл 125 жыл. Зобалаңға толы отыз жетінші жылдарда репрессияға ұшыраған Нығмет Нұрмақовтың өмір жолы, халқына сіңірген ерен еңбегі ел жадынан еш ұмытылмақ емес.

Нығмет Нұрмақұлы жастайынан орыс тілін жетік білген. Оған ауылдағы орыс мектебінде, кейіннен Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқуы себеп болса керек. 1911 жылы Қу болысының атақты байы Ақайдың Қасені Романовтар әулетінің патша тағына отырғанына 300 жыл толуына орай Омбы қаласында өтетін ауыл шаруашылығы көрмесіне ұлттық дәстүрдің қыр-сырын кеңінен ашып айтып, аударма жасайды деп хатшылыққа Нығмет Нұрмақовты алып кетуі соған айқын мысал. Осы іссапарда орыс саяхатшысы, этнограф, фольклорист Григорий Потанинмен, Омбыдағы мұғалімдер семинариясының қызметкері, халықшыл-демократ Александр Сидельниковпен танысады. Сол жолғы жүздесу оның Омбы семинариясына түсуіне ықпал етеді. Зерттеуші ғалымдар Омбы мұғалімдер семинариясы Нығмет Нұрмақовтың тарихи тұлға болып қалыптасуына зор ықпал еткенін алға тартады. Қоғам қайреткері ретінде танылуына, қоғамдық-саяси қызметке араласуына жол ашқан бірден-бір мектеп екенін айтады.

Нығмет Нұрмақовтың ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсыновтан дәріс тыңдағанын айта кету керек. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың талантын студент кезінен жазбай танып, дарынды жастың талабын шыңдап, оқуына қаржылай көмек көрсеткені туралы айтылып та, жазылып та жүр. Нығмет Нұрмақов Голощекиннің «Кіші Қазан төңкерісіне» ашық қарсылық көрсеткен тұлға. Алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді: ««Кiшi Октябрдiң» авторы Ф. Голощекиннен бiр жыл бұрын Қазақстан билiгiне келген Нығмет Нұрмақов сынды ұлтжанды тұлғаларды билiктен шеттету — қанқұйлы Сталиннiң Голощекинге жүктеген негiзгi тапсырмасы болатын», — дей келе, Қазақстанға «Кiшi Октябрь» төңкерiсiн жүргiзiп, байларды кәмпескелеу туралы мәселені көтерген Мәскеудегі жиында Ф. Голощекин Сталинге Нұрмақовты байшыл, ұлтшыл деп айыптағанын айтады. Нығмет Нұрмақұлы байларды қудалап, мал-мүлкін кәмпескелеу ел экономикасының тұралап қалуға әкеліп соқтыратынын ашып айтып, өзін жұмыстан босату туралы И. Сталинге өтініш тастайды. Бірақ, Нығмет Нұрмақов қызметінен алынбайды. Керісінше Голощекин барлық кәмпескелеу жұмыстарын Нұрмақовқа міндеттейді. Белгілі нығметтанушы Болат Қабдөшев: «Кiм күштi, бай ма, кулак па, мұның бәрi бос сөз. Кешегi 1912 жылдары мыңдаған қазақ жiгiттерi Семейге түрлi өндiрiске жалданып жұмыс iстеуге шығатын. Қазiр ол жоқ. Кедей ендеше қайда барады, әрине байға. Ол тамағын тауып, күнiн көрудiң жалғыз жолы. Байларға салық салып, оның есесiне жергiлiктi және мемлекеттiк бюджеттi өсiру, кедейлерге көмек беретiн қор құру, кооперацияны қолдап, мектептер салып, мәдени жұмыстарды өркендету керек. Ендеше Октябрьдiң лебiн осылай түсiну керек. Яғни, кедейлерге төңкерiс лебi барды деген сөз», — деген Нығмет Нұрмақов голощекиндiк «Кiшi Октябрьге» мүлдем басқаша рең бередi», — деп жазады.

Ұлт зиялысы саяси қуғын-сүргіннің тұзағына алғашқылардың бірі болып ілініп, 1937 жылы маусым айының 3 жұлдызында Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалып, оны қыркүйек айының 27-і күні өз айыбын мойындады деп айтулы «үштіктің» үкімімен ату жазасына кеседі. Ұлт зиялысы КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен тек 1958 жылы ақталады.

«Ерлік — елге мұра, ұрпаққа – үлгі», осындай зиялыларымыздың, батырларымыздың әрбір жүріп өткен жолы — біз үшін үлгі, шежіре, тағдырлары – тарих, тағылым. «Ел ерімен еңселі», елім деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат. Халық мұндай қаһарман ұлдарын жыр-аңызға айналдырып, өшпес ерлігін ауыздарынан тастамай, жан жүрегінде сақтайды. «Ер есімі мәңгі ел есінде!» деп бекер айтпаса керек.

Аружан ДЖАНКАБАЕВА,
ҚарМУ студенті