Ұлыларын ұлықтаған, төл тарихын ұмытпаған

Ұлыларын ұлықтаған, төл тарихын ұмытпаған

Жақсылықта сүйіншілейтін халықтың баласымыз ғой. Сүйінші! Қаламыздағы бірнеше мектепке тарихи тұлғаларымыздың есімі берілді. Өте қуанышты хабар! Сондай, қуанып жатқандардың бірі 103 мектеп-лицейі болар! Себебі бұл оқу орнының директоры Рахат Қазтаев бастаған ұжымның алаштың ақырғы ақиығы Әлімхан Ермековтің есімін алу жолында атқарған ұйымдастыру, оқу-әдістемелік, ғылыми тәжірибелік жұмыстарына куә болған едім.

Мектепте заман талабына сай білім мен тәрбие берудің нақты жұмыс жоспары жасалынған. Сондай жұмыстың бірегейі — Әлімхан бабамызға арналған мұражайдың ашылуы, тұлға есімімен аталатын математика пәнінен олимпиаданың жан-жақты сәтті ұйымдастырылып өтуі және «Ғасыр адамы» атанған жерлесіміз профессор, физика ғылымдарының докторы Темірғали Көкетаев есімімен арнайы жабдықталған физика пәні кабинетінің ашылуы, міне, осындай танымдық-тәрбиелік, ғылыми маңызы өте жоғары игі істерімен өздерінің Ұлы дала елінің тарихи тұлғасының есімін алуға толық негіз бар екенін дәлелдеген еді.

Тәуелсіздік алғаннан бері кенішті шаһарымыздағы мектептерге әлем таныған қазақ ұлтының тарихи тұлғаларының есімдерін беру туралы ойды нақты іске асыру идеясын ұсынған Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшылары — Гүлсім Қожахметова, Бақытгүл Абдикерова сынды өз істерінің майталмандарына мың алғыс! Атаулары сандармен айтылатын кеңестік жағымсыз нөмірленген мектептер емес, енді тұлғалар есімімен аталатын білім ұяларында сол бабалар есіміне сай, олардың рухани мұрасын оқу негізінде білім мен тәрбие алатын жас патриоттар өсіп, жетілетініне сенім мол! Осы жолда тарихи тұлғалар есімін алған барлық мектептер ұжымдарына сәттілік тілеймін!

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА,
ҚарМУ жанындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры