Ұлы Жеңіске 75 жыл

Ұлы Жеңіске 75 жыл

Ерлікпен келген Ұлы Жеңіске биыл — 75 жыл. Жеңіс күні десе, ең алдымен ардагерлеріміздің елі үшін жасаған ерлігі есімізге түседі. Сол бір 1941—1945 жылдардағы сұм соғыста өздерінің отбасыларын тастап, отқа оранған қан майданға аттанған майдангерлер қасық қаны қалғанша жаумен шайқасты. Майдан шебінде Отан үшін жанын пида етті.

Бүгінгі бейбіт күнде тыныштық таңын атырған ардагерлеріміздің ерен ерлігін, тыл еңбеккерлерінің тынымсыз тірлігін мақтан тұтамыз. Ер есімі қашанда ел есінде. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылы да елімізде орын алған төтенше жағдайға қарамастан соғыс ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетілетінін атап айтты. Жеңіс күні қарсаңында салтанатты жиын өткізіп, соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткен ардагерлерін ардақтап, құрмет көрсетуді Қарағанды мемлекеттік университеті де игі дәстүрге айналдырғанын айта кету керек. Қазіргі таңда оқу ордамызда 14 тыл ардагері бар. Биыл білім ордасы кәсіподақ комитетімен әр тыл ардагеріне 30 мың теңге мөлшерінде сыйақы табыстауды, ал Студенттер сарайының шығармашылық ұжымы Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Отан деп соққан жүрегі» атты онлайн-концерт беруді жоспарлап отыр.

Ардагерлерге құрмет — ерлікке тағзым…

Бақдәулет МАНАРБЕК,
ҚЖ-12 тобының студенті