Тарихты таразылау – ардың ісі

Тарихты таразылау – ардың ісі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай айтқан үндеуінің тарихшылар үшін ерекше маңызы бар. Себебі, осы проблеманы зерттеудің өзектілігіне қайтадан көңіл аудартты. Арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, зұлмат жылдардың ашылмай жатқан жақтарын зерделуді тапсырғаны ғылыми және гуманистік тұрғыдан да өте дұрыс шешім болды. Тарихтың тағылымын білу, озығынан ой түю, тозығынан безіну бүгін ұрпақ үшін үлкен өмір мектебі. Азаттық пен тәуелсіздік үшін өмірлерінің соңына дейін адал қызмет жасаған арыстарымызды еске алу, ерлік істерін насихаттау, олар армандаған Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін бірлігімізді бекемдеп, ұлтаралық татулықты сақтап және білім мен ғылымда үлкен жетістіктерге жету біздің парызымыз.

Мемлекеттігін қалпына келтіру жолындағы азаттық күрестің жаңа кезеңі ХХ ғасырда қазақ халқы тағы да мың өліп, мың тірілді. Осы күресте қазақ басқа елге, ұлтқа қауіп те, қатер де келтірген жоқ еді. Тек қана отаршыл жендеттердің атының тұяғының астында тапталған қара шаңырағын қайта көтерудің ұлттық бағытын анықтау барысында қайта оянған еді. Сондай ой арманы болғаны үшін кеңестік империя қазақтың озық ойлы оқыған азаматтарын және олардың тірегі қазақ деген ұлттың ең қарапайым шаруа адамдарын да жау санап, саяси жала жауып, қуғындап, жазалады.

Осы трагедияның тарихын таразылау қажеттігі 1997 жылы Елбасының көрегендік саясатынан басталды. Енді бұл проблеманы жүйелі обьективті зерттеудің жаңа кезеңі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай айтқан үндеуінен соң мемлекеттік дәрежеде жаңаша бағытпен зерттеледі деген ойдамыз. Кешенді ғылыми зерттеулер мен құжаттар жинақтары жарық көрсе, оны оқып, танып білу арқылы тарихтан сабақ алып, ұлттық санамызды тағы бір биікке көтеретініміз даусыз. Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты Сталиндік саяси қуғын-сүргін тарихы және құрбандарын ақтау мәселелері тақырыбындағы маңызды дөңгелек үстел ұйымдастырып өткізуі сол игі тарихи істің бастамасы болды деп ойлаймыз. Осы дөңгелек үстел жұмысына Қарағанды университетінің ғалымдары да қатысып, пікір алмастық.

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА,
«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.к., доцент