Әбу Насыр әл-Фараби мұраларының адамзат өркениетіне қосқан үлесі

Әбу Насыр әл-Фараби мұраларының адамзат өркениетіне қосқан үлесі

Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектері — Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі, рухани және мәдени мұрасы. 2019 жылдың 26 тамызында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ойшыл, философ, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын 2020 жылы атап өту туралы № 133 Жарлығы шықты. Бұл қабылданған мемлекеттік маңызды құжаттың еліміздің қоғамдық-саяси және интеллектуалдық рухани өмірінің қарыштап дамуына үлкен серпіліс әкелетіні анық. Әбу Насыр әл-Фараби мұраларының Елбасы Н. Ә. Назарбаев қабылдаған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасындағы қоғамдық сананы жаңғыртудағы өзекті мәселелерімен толық сәйкес келеді.

Ортағасыр дәуірінде исламдық ғылым өз дамуының биік шыңына көтерілді. Сол дәуірдегі өркениеттің барлық жетістіктеріне, ғылым, білім, мәдениеттердің алға өрлеуіне Орталық Азия түріктері де айтарлықтай өз үлестерін қосты. Орта ғасырларда адамзат білімінің молайып, ақыл-парасатының жетілуіне орасан зор еңбек сіңірген ғұламалардың бірі — қазақ топырағынан шыққан Әбу Насыр әл-Фараби болды. Ғұлама ғалымның шығармаларына мың жылдан артық уақыт өтсе де, оның жазған еңбектері уақыттың қатал сынынан өтіп келеді. Бүгінгі күнде бүкіл дүниежүзінің мыңжылдық рухани демеушісі, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің Отаны — бүгінгі қазақ жері екені дәлелденді.

Тарихта Аристотельден кейін «екінші ұстаз» деген жоғары атаққа ие болған әл-Фараби өзінің энциклопедиялық дарыны мен білімінің арқасында философиялық, әлеуметтік, саяси, этикалық мәселелермен бірге жаратылыстану және математика саласындағы көптеген ауқымды іргелі ғылыми мәселелердің шешімін тапқан ғалым. Әбу Насыр әл-Фарабидің мемлекеттік құрылымға байланысты ілімі Платон мен Аристотельден басталатын парадигмаларға сәйкес келеді. Оның білімнің түрлі саласындағы ғылыми жетістіктері тарихи-философиялық дамудағы ғылыми көзқарасын және таным мен ғылыми-зерттеу әдістемесіндегі рөлін анықтаудағы маңызды бөлігін құрайды. Әл-Фарабидің энциклопедиялық мұрасы осы уақыттағы ғылыми ізденіс пен ақыл ұмтылысының биік шыңы болып саналады. Ұлы ойшылдың ғылыми мұрасын түсінуге жол ашатын әл-Фарабидің «Ғылымдардың жіктелуі туралы сөз» атты трактаты осының дәлелі болады.

Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлақ әл-Фараби ат-түрки 870 жылы Сырдария бассейні бойындағы Отырар қаласында дүниеге келген. Жазба деректер мен археологиялық зерттеулер ортағасырларда Жетісуда, Қаратауда, Сыр бойында, Тараз, Баласағұн, Сығанақ, Отырар, Сайрам, Мерке т.б. үлкенді-кішілі көптеген қалалардың болғанын көрсетеді. Бұл қалалардың сол кездерде құрылыс техникасы мен сәулет өнері едәуір жоғары дәрежеге көтерілген. Осы тұста Ұлы Даланы мекендеген түркі халықтардың адамзат өркениетіндегі орны жоғары болып, көршілес жатқан хорезм, парсы, араб елдерімен тығыз саяси, мәдени, экономикалық тығыз қарым-қатынас жасап отырған. Көне замандардан бері түркілер өзінің кешенді шаруашылығын дамытып, ірі-ірі қалалар, тұрақты мекендер салып, оларды саяси-экономикалық және мәдени орталықтарға айналдырған. Ұлы Жібек жолы арқылы жақын және алыс көршілерімен қарым-қатынас жасады.

Махмұт Қашқари «Диуан лұғат ат-түркі» атты әйгілі еңбегінде: «Қарашоқы Фараб қаласының атауы. Бұл оғыздар шаһарларының біреуі», — деген. Отырарда араб, парсы ғалымдары болған. Ибн Хаукал «Отырар шаһарының ұзындығы мен ені бір күндік жолға жетіңкіремейді. Жері тұзды және сазды келеді», — деген. Макдисидің аймақтағы ең үлкен басты шаһар Фараб екенін айтқан. Осы мәліметтерге қарағанда ІХ ғасырда Отырар қаласы Сырдарияның орта ағысындағы ірі отырықшы мәдениеттің орталығы және түркі халықтарының, оның ішінде үйсін, қаңлы, қарлұқ, оғыз, қыпшақ тайпаларының мекені болған. Әл-Фарабидің әкесі Отырар қаласы әскери гарнизонының қолбасшысы болған.

Әл-Фарабидің туған жылы 870-ші жыл, қайтыс болған жылы 950-ші жыл деген мәлімет ресми түрде белгіленген. Ұлы ғалымның туған жері Отырар (Фараб), қайтыс болған жері Дамаск (Сирия). Әл-Фарабидің туған жері Сырдария бойындағы Фараб (Отырар) екенін дәлелдеп жазып, картаға түсірген арабтың атақты ғалым-географы ибн-Хаукал. Ол өзінің «Китап Масалик уа мамалик» деп аталатын географиялық еңбегінде Түркістан аймағының сипатын беріп, қалаларын картаға түсірген. Ол Отырарды жазғанда, картаға түсіргенде әдейі арнайы тоқталып: «Бұл жер атақты ғұлама, асқан философ әл-Фарабидің туған жері», — деп жазған. Ибн Хаукал мен әл-Фарабидің жастары шамалас, оның үстіне екеуі бірін-бірі жақсы білген, екеуі де Сирияның сол кездегі атақты әмірі Сайф-ад-Даулаға қызмет еткен адамдар.

Әл-Фарабидің өмір сүріп, ғылыми шығармашылықпен айналысқан уақыты ІХ ғасырдың соңы мен Х ғасырдың басы — ислам өркениетінің шарықтап дамуы кезеңімен сәйкес келеді. Әл-Фараби заманында Түркістан елі исламды қабылдап, ғылыми, мәдени салада араб тілін меңгере бастаған. Исламданған көшпелі мәдениет бұрынғы мәдениетке қарағанда әлдеқайда жоғары тұрған, рухани жағынан дамыған жаңа сатысы болып табылады. Өйткені ол жоғары сатыда этика мен идеологияға негізделген әмбебеп өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде қызмет етеді. Көшпелілік пен исламның бірігуі түркілердің мәдени тұйықталуы жағдайынан шығып, жалпыадамзаттық интеграцияға қадам басуға мүмкіндік береді. Сондықтан әл-Фарабидің араб елдерінде болып, ғылымды сол тілде жазуы түсінікті. Ол кезде араб тілі дүниежүзінде ең жоғары ғылыми дәрежеге көтерілген тіл болатын. Әл-Фарабидің араб ғалымдары қатарында саналуы да содан. Шын мәнінде ислам дін әрі өркениет ретінде Шығыс елдерінің тарихи-мәдени дамуында зор рөл атқарғаны белгілі, әсіресе бұл жайт ортағасырлық кезеңге қатысты. Әл-Фарабидің заманынан бастап, ол туып-өскен Отырар аймағы мұсылман әлемімен біртұтас жүйе болып, түріктердің қоғамдық-саяси және тарихи-мәдени өміріне ислам дінінің зор ықпалы болды.

Қазақстан мен Орта Азиядағы тұңғыш фарабитанушы болған профессор Ақжан Машановтың пікірінше, әл-Фараби балалық шағында сауатын Отырарда оғыз-қыпшақ тілінде ашқан. Оның заманында Жібек жолы бойындағы түркі қалаларының, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезі еді. Бастапқы білімді ол туған қаласы Отырарда алады, одан соң Хорасанға барады. Әбу Насыр әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарларға шығып, тез есейеді. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасады. Ол 16 жасында керуенге ілесіп, білімін одан сайын толықтыру мақсатында араб мәдениетінің орталығы Бағдатқа оқуға келген. Әл-Фарабидің бұл жерде ғылым үйренуге толық жағдайы келеді.

Ислам халифатының орталығы Бағдатқа келген әл-Фараби білім алуға және ғылыми-танымдық қызметке белсене араласып кетеді. Алғашқы кезде әл-Фараби өзін-өзі ақын, музыкант ретінде танытқан. Ғылым-білімге өте құмар зерек әл-Фараби мұсылман бола тұрып, тіпті басқа діннің өкілдері болған оқымыстылардан үйренуге тайсалмады. Оның алғашқы ұстаздары ертедегі Александриядан, Византиядан ығысып келген ғалымдар болған. Мәселен, медицина туралы білім мен логиканы христиан оқымыстылары Юханна ибн Хайланнан, ал жаратылыстану ғылымдары мен грек тілін атақты аудармашы Әбу Башар Маттадан үйренеді. Бір нұсқада әл-Фараби шәкірт шағында ғалым Әбубәкір ибн Сиражбен жақын араласып, оған логиканы үйретіп, одан астрономияны үйренген деп айтылады. Араб елі осы жоғарыда аты аталған ғалымдарға зор құрмет көрсетіп, олардың жемісті еңбек жасауына жағдай жасап, ғылым жасауға пайдаланған. Кейін келе араб елінің өзінен және араб тілінде жазатын ғалымдардан мұсылман ғылымын жоғары дамытатын адамдар шықты. Сөйтіп, грек ғалымдары Платон, Аристотельдер бірінші ұстаз болса, әл-Фараби екінші ұстаз болып шықты. Ол өз өмірінің көп жылдарын араб халифатының саяси және мәдени орталығы болған Бағдатта өткізді. Мұнда өз білімін әбден тиянақты меңгеріп, толықтырады. Көрнекті ғалымдармен байланыс жасайды, сөйтіп өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және асқан байсалдылығы арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен абырой-беделге ие болады. Бірақ өресі тайыз кертартпа хадисшілер оны жек көріп, ғалымның еңбектерін сынға алған. Олар әл-Фарабидің бүкіл ойының негізгі мәніне қарсы шыққан, өйткені оның дүниеге көзқарасы шынайы болмысты танып білуге, адам бақытын о дүниеден емес, бұ дүниеден іздеп табуға меңзейтін еді. Ақыр сонында әл-Фараби лажсыздан Бағдаттан кетеді.

Тарихи деректер бойынша жетпіске жуық тіл білген. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, музыка салаларынан 200-ге тарта трактат жазып қалдырған. Әл-Фарабидің ғылыми-философиялық көзқарастары мен бағыт-бағдарлары өте күрделі саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдайларда қалыптасты. Әл-Фарабидің қоғамдық-философиялық, жаратылыстану туралы ғылыми көзқарастары орта ғасырлардағы Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі мәдениет, философиялық және ғылыми ой-пікірлердің даму нәтижесі болып табылады. Оның дүниетанымы екі әлемнің — көшпелілер мен отырықшылар өркениетінің және Шығыс пен Грек-Рим мәдениетінің өзара байланыстарының нәтижесі еді. Әл-Фарабидің философиясын зерттеушілер оның бұл саладағы трактаттарын терең талдай келіп, әл-Фарабидің философиялық мұрасында үш басты жайтты атап көрсетеді: дүниенің мәңгілігін тану, детерминизм — зерттеу принципі, яғни себептілік сыр-сипатын ашу — ғылымның қайнар көзі; адам жанының өшпейтіндігін теріске шығарған ақыл туралы ілім. Бұл үш принцип — әл-Фарабидің философиясының биік шоқтығы және ерекшеліктері болып саналады.

Әл-Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтады. Сондықтан бұл еңбектердегі жазылған мәселелер күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Оның мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Ол: адам ғылымға түрліше тосқауыл жасайтын мемлекеттен кетіп, ғылыми өркен жайған елде тұруға тиіс дейді.

Әл-Фарабидің қоғамдық-саяси көзқарастары, әсіресе оның «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» деп аталатын еңбегінде анық көрінеді. Ғұлама ғалым «Тәнді емдеуші — дәрігер, ал жанды емдеуші — әмірші деп аталатын мемлекеттік қайраткер» деп тұжырым жасайды. Орта ғасырлар кезеңінде мұсылмандық шығыста асқан білімді ғұламалардың негізгі басты қызметі мемлекеттік билікті қорғау және ел тыныштығы мен бейбітшілікке тірек болу саналды. Әл-Фараби азаматтық ғылымның қалыптасып дамуына өлшеусіз үлес қосты. «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» шығармасында ортағасырдағы гуманитарлық білім туралы жеткілікті түсінік бере отырып, адамды тәрбиелеу мен мемлекеттік өмірді құрудың тиімді жолдарын көрсетеді. Әл-Фараби мемлекет пен қоғамның кемелденуі туралы әлеуметтік-саяси теориясында ғалым мемлекет басқарушылары мен сол қоғамда өмір сүретін адамдардың да ұстануы тиіс мемлекетті басқарудың императивтері мен механизмдерін ашады. Қоғамдық-саяси мәселе бойынша кең түрде зерттеу жұмыстарын жазып, билік басындағыларға халықты қалай дұрыс басқаруға болатынын жол сілтеп көрсетіп береді. «Ізгі қала бес түрлі адамдардан құралады: ең құрметті адамдардан, шешендерден, өлшеушілерден, жауынгерлерден және байлардан. Ең құрметті адамдар санатына даналар, пайымдағыш адамдар, маңызды істерде беделді болатын адамдар жатады. Олардан кейін діни қызметкерлер мен шешендер, атап айтқанда, дін уағызшылары, сөз шеберлері, ақындар, музыканттар, хатшылар және солар сияқтылар да солардың тобына жатады. Өлшеушілер дегеніміз — есепшілер, геометрлер, дәрігерлер, астрологтар және басқа сондайлар. Жауынгерлер дегеніміз — жасақшылар, сақшылар және соларға ұқсастар солардың тобына жатады. Байлар дегеніміз — қалада байлық табатындар: егіншілер, мал өсірушілер, саудагерлер және басқа сондайлар» деп, ізгі қаланың тұрғындарын бес әлеуметтік категорияға бөліп көрсетіп, олардың әр тобы туралы түсінік беріп отырады.

Әл-Фараби заманында түркі жұртының қала-мемлекеттері басым болған. Сондықтан әл-Фарабидің «қала» түсінігін «мемлекет» түсінігімен сәйкес қарастыруы орынды. Ол қала-мемлекеттің қоғамдық өмірінің толық мінездемесін сипаттай отырып, ізгі қалалардың жетілдірілген әлеуметтік құрылымының анықтамасын берді. Өзінің еңбегінде ғалым қала халқының бостандығы мен тең құқылығына ықыласпен қарайды, бірақ басшысыз, оның өкіметінсіз жалпыға ортақ бақытқа жету мүмкін емес деп есептейді.

Кейбір мәселелерге түсінік берген кезде ақыл-ой мен терең философиялық білімге ие болып отырған әл-Фараби өз дәуірінен асып түсті. Әл-Фарабидің дәуірінде мемлекетті монархиялық билік құру әдісі негізінде басқарды. Бұқара халыққа салынатын салықтар, елдердің арасында сансыз тонаушылық соғыстар жиі болып тұрды. Сондықтан әл-Фарабидің мемлекеттік басқарудың механизмдерін жетілдіріп, билікті ізгілендіру үшін коллективік, топтық басқарудың үлгісі идеясын, демократиялық әділетті, ақылды басшы туралы идеясын ұсынды. Әл-Фарабидің ойы бойынша қоғамның жетілген алғашқы үлгісі «қала-мемлекет» билігі болып есептелінді. Сондықтан ғалым қала билеушілерінің мемлекетті басқаруда олардың ақыл-ойы мен кемеңгерлігіне қарап 4 топқа бөліп қарастыра келіп: «Халыққа қажетті әділетте заңдар болса, онда мемлекетті басқарудың ісін шыңына жеткізе жетілдіруге мүмкіндік береді», — деп есептеді. Және ғұлама ғалым ел басқарушы әкімдер өздерінің жұмысында алдымен халық үшін игі істерді көп жасаса, қала-мемлекеттің өркендеуіне жол ашылады деген тұжырымға келеді. Бұл жерде ғалым идеалды мемлекет пен адамның кемелденуі туралы адамгершілік теорияны басшылыққа алып, барлық азаматтар ұстануы тиіс мемлекет басқарудың тиімді механизмдерін көрсетіп береді.

Әл-Фараби туралы жазған адамдардың бәрі оның үстінен түркі киімін тастамағанын айтады. Бұл оның түркінің салт-дәстүрін қатаң ұстаған ортада есейгенін, «білім іздеп келді» дейтін арабтарға оның тіпті де еліктемегендігін көрсетеді. Екіншіден, ол түркіге тән жауынгерлік өнерді өте жақсы меңгерген. Ол адамдардың патриоттық сезімдерінің күшті болуына үлкен мән беріп: «Ол өзінің халқын сүйіп, беріліп, оның абзал дәстүрлерін дамытып, жоғын жоқтап, мұңын мұңдап отыруы қажет», — дейді.

Әл-Фарабидің шыққан тегі туралы қазірде белгілісі — оның әкесінің Фараб гарнизонының қолбасшысы екендігі. Түркілердің ерлік дастандарын жастайынан санасына сіңірген ғұлама еңбегінде ежелгі түркілердің қаһармандық рухтағы жазылған батырлар жырының кейіпкерлерінің әрекетінің тұруы да заңдылық еді. ІХ-ХІ ғасырларда мұсылман әлемі түркі көшпелілеріне тең келетін сарбаздар жоқ екендігіне көз жеткізді. Түріктердің тартымды адамгершілік қасиеттері де ерекшелеп тұратын. Түркілерге деген сұраныстың арта түсуіне байланысты енді араб саяхатшылары мен ғалымдары тарапынан олардың этнопсихологиясы да зерттеле бастады. «Түріктер мынадай халық: кек, жылпостық пен алдау, екіжүзділік, бәле жабу, қулық, өсек, дос-жаранға тәкаппарлық, көршілерді көре алмаушылық дегендерді білмейді», — деп жазды мұсылман ғалымы әл-Жахиз. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан, оның ішінде әскери отбасыдан шыққаны бізге мәлім. Бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Демек әл-Фарабидің әкесі түріктердің белгілі әскербасысы болған. Жалпы табиғатынан түріктер әскери соғыс өнеріне бейімділігімен ерекшеленіп, саяси басқару жүйесінде ықпалды күшке ие болды. Әсіресе түріктер саяси-құқықтық салада басқалардан әлдеқайда озық тұрды. Көшпелі әлем батырлар мен ұлы қолбасшыларды, дүниежүзілік деңгейде мойындалған ғұлама ғалымдарды өмірге әкелді. Мемлекет құру да шығармашылық білімді, басқару өнерінің әдіс-тәсілдерін қажет етеді. Түріктер арасында ақылды әдіс-айланы дұрыс қолданып, соғыса білу де үлкен өнер болып саналған. Олар дүниежүзіне танымал әскери династиялардың негізін қалады. ХХ ғасырға дейін Орталық Азияда, Иран мен Ауғанстан хандықтарының тақтарында көбінесе түркі тектес ақсүйек әулеттер отырды. Көшпелі түріктер үнемі әскери күш пен саяси өкіметті өз қолдарына ұстап отырып, билік жүргізген. Ислам әлемі тарихындағы көрнекті қолбасшылар мен мемлекет құрушы қаһармандардың көбі, атап айтсақ, Махмұт Ғазнауи, Бейбарыс, Әмір Темірлер түрік тектестерден шықты. Әл-Фараби заманында түркілер ислам өркениетінің қорғаушыларына айналды. Көшпелі жауынгердің бойында туабітті дарыған ерлікке деген құштарлық, тайсалмас жүректілік, ақкөңіл де адал, мәрт мінездің қалыптасуы ол өмір сүрген орта мен этнопсихологиялық жүйеге тікелей байланысты болған. Тарихта көшпелі халықтар пассионарлық үлгідегі адамдардың генераторы сияқты өмір кешті. «Олар өздерінің намыстары мен адамгершіліктерін жеке бастарының қауіпсіздіктері мен материалдық құндылықтардан жоғары қоятын», — деген Е. Хара Даванның пікірінде шындық бар.

Ортағасырлар заманында ғұмыр кешіп, әлемнің екінші ұстазы атанған ғалым әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Әл-Фарабидің еңбектерінің ауқымы сол заманның материалдық жағдайы мен қоғамдық-саяси құрылысына байланысты болса да, өзінің өміршеңдігімен Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси және рухани дүниесінің талаптарына толық жауап береді.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,
тарих факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары