Тіл – ұлт айнасы

Тіл – ұлт айнасы

Қашанда әрбір халықтың құнды қазынасының болғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Сондай асыл да киелі қазынамыздың бірі сонау ата-бабамыздан бізге мирас болып жеткен ұлттық тіліміз – қазақ тілі. Ал бүгінде ана тіліміз өзінің ұлттық мәртебесі дәрежесіне көтеріле алды ма деген сұрақ – жүрегінде ұлтына деген сүйіспеншілігі бар әрбір адамның ойында жүрген сауал.

Шын мәнінде, ұлттың болашағы – тілінің дамуында, көркеюінде. Оны тілдің қоғамдағы қызметі рөлінің қаншалықты күшейгенінен байқай аламыз.

Ана тілі – бұл туған әкеңнің, анаңның тілі. Шыр етіп дүниеге келген сәттен, есіміміз кіре бастағанан-ақ адамдық қасиетті қалыптастыратын әдептілікті, халықтың ізгілік пен ізеттілікке толы нұрлы, асыл сөздерін, тілдің жан тербетер әсер-күшін ана тілінде ұғып үйренеміз.

Халық – тіл мұрасын бар байлығымен, көркемдік қуатымен ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, әрі қарай өркендетіп дамытушы қозғаушы зор күш. Қазақ халқын құраған ру мен тайпалар тарихта өте ертеден, біздің жыл санауымыздан бұрын-ақ мәлім болған. Содан бастап тіл халқымыздың қарыштап алға басуының бірден-бір қуатты құралы болып келе жатыр. Қазақ перзентінің қиын-қыстау кезеңдегі басынан кешкен өмірі, ерлік істері, аңыз-әңгімесі, шығарған өлең-жыры, табиғат құбылысы, көрген-білгені, жалпы, дүниетанымы жайындағы ұғымы, сезім-әсері бәрі-бәрі де ана тілінде сақталып, жадына тоқылады. Туған тілі арқылы атадан балаға мирас болып қалады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бірақ әлі шешілмей жатқан түйінді мәселе де баршылық. Тәуелсіздік алып, егемен ел болған соң қазақ халқының барлық мәселесі өздігінен, біртіндеп эволюциялық жолмен шешіледі дедік. Әзірше олай болмай отыр. Қазақ ұлтының этникалық бет-бейнесін, ұлттық мазмұнын сақтайтын құндылыққа көңіл бөлінбеуде. Олардың мазаққа айналуына жол берудеміз. Әсіресе қазақ тілі дамуындағы туындаған қайшылық ұлт жанашырларын ерекше алаңдатады. Ақпараттағы орыс тілінің басымдылығы және оның ресми тіл дәрежесінде-ақ Қазақстандағы атқарушы биліктің шынайы қолданбалы тіліне айналуы – қазақ тілін «қызық» жағдайда қалуына әкелуде.

Ата заң бойынша бізде бір мемлекеттік тіл болғанымен, шын мәнінде, мемлекеттік екі тіл бар. Оның үстіне, қазақ тілі қазіргі қоғамда аударма тілі ретінде қалып қоюда. Яғни кез келген құжат әуелі орыс тілінде дайындалады да, кейін барып қазақ тіліне аударылады. Әлемде мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктері бар жалғыз мемлекет болса, ол – біз шығармыз. Күні бүгінге дейін парламенттің, үкіметтің мәжілісі, негізінен, ресми тілінде өтетіні бәрімізге аян жайт. Тек хаттама үшін ғана қазақша басталатынына етіміз үйреніп алғандай.

Ұлт тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан кез келген мемлекет өзінің ұлттық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғауға барын салады.

Елбасы Н. Назарбаев сөзінде: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпағымызға бабамыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараны жүзеге асыруды жалғастыру керек.

Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деген болатын. Елбасының осы ой-пікірін мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін меңгеруге зейін қойып, ертеңгі күні мемлекеттік тілде еркін сөйлеуді мақсат еткен ұлты қазақ азаматтары ғана емес, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері де қостайды деген сенімдеміз.

Ұзақ жыл бойы қызыл империяның бұғауында болып келгендіктен, қазақтың тең жартысына жуығы өз тілінен айырылып, не орыс емес, не қазақ емес болып қалды. Оларды ешқандай әдіс-айла, ешқандай күш қазақ ете алмайды. Сондықтан сондай қандастарымыз келешекте «таза қазақ» болып қалыптасса дейміз. Ол үшін барлық қазақ баласының тілін ана тілінде шығарып, ана тілінде тәрбиелеп, білім беруі тиіс. Балабақшада ұлттық рухта тәрбиелеп, мектептерде қазақша оқытса ғана оң нәтиже берер еді. Қазақша сөйлейтін, қазақтың бай мәдениетін, салт-дәстүрін бойына сіңіріп, таза қазақша өмір сүретін ұрпақ өсіп шықса; Мәңгілік ел – Қазақ жұрты ұлан-байтақ даласында көсіле күн кешіп, бай табиғатын өзі игеріп, күшті қуатты мемлекет болып қалыптасса; Елімізде ұлт рухының алтын қазығы – қазақ тілінің мәртебесі үстем болса дейміз. Сол арқылы мәдениетімізді, өнерімізді қазақша өркендетіп асқақтатсақ, ұлттық рухымыз биіктей түсер еді.

Алпауыт көршіміз Ресей мемлекетінің ғана емес, БҰҰ-ның ресми тілі болып отырған орыс тілі ешқашан құрып кетпейтіні бесенеден белгілі. Ал Қазақстаннан басқа жерде толыққанды дамуы мүмкін емес ана тіліміздің (қазақ тілінің) тағдырын кім ойлауы тиіс? Міне, осы мәселе ұлт тағдырына бейжай қарай алмайтын әрбір Алаш перзентін алаңдатады.

Бүгінгі қазақ қоғамында қазақ тіліне деген мынадай көзқарас бар: 1) бойында ұлттың қаны бар, рухани өресі биік – шын жанашырлар; 2) қасиетті қазақ тілінің өркені өсіп, өрісі кеңісе деген тілекшілер; 3) екі ортада қалып, яғни қай тіл бел алса, соның «сойылын» соғуға әзір жүргендер; 4) қазақ тілінен мүлде хабарсыздар. Осы көзқарастар түйісіп, бір мүддеде бас қосатын күн туса ғана қазақ тілінің бағы жанар еді…

Алаш арыстарының бірі – Халел Досмұхамедов ХХ ғасырдың басында: «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл – шатасқан тіл. Ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды…

Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол – күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл – сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате», – деген екен. Осыны әрбір қазақ баласы жүрегімен сезініп, терең түсінер, сезінер уақыт жетті…

Б. А. ҚАЛИЕВ,
ҚарМУ-дың доценті, ф.ғ.к.