Сауатты жазу – тіл мәдениетінің бір көрінісі

Қыркүйектің 8-і Халықаралық сауаттандыру күні. Айтулы күнді ЮНЕСКО 1965 жылдың 8 қыркүйегінде Тегеран қаласында өткен Білім министрлерінің Бүкіләлемдік сауатсыздықты жою жөніндегі конференциясының ұсынысы бойынша бекіткен.

Сауаттылық оқу мен білімнің негізі дейміз. Бірақ сауат ашуға құлықсызбыз. Сауаттылық артқан сайын қоғамның алға басып, дамитынына көзіміз әлдеқашан жеткен. Әйткенмен әлі күнге сауатты адамдардың жолын торуылдап, аяқтан шалып қалуға ұмтылып тұрамыз. Сауатты адамның табысын көре алмай күндейміз. Сөздің шыны керек, біле тұра сауатсыздыққа жол береміз. Сауатсыздықтың салдарынан түрлі келеңсіз жағдайлар орын алып, білімнің саяздығы дамуды тежеп тұрса да қолдаймыз. Неге?..

Қашанда қай салада болсын сауаттылықты арттыру мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бүгін біз қаншалықты сауатты жазып, ойымызды дұрыс жеткізіп жүрміз? Осы турасында ой қозғаймыз.

Мархаба Ахметқалиқызы Тұрсынова, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығының жетекшісі, ҚР Үкіметі жанындағы Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобы мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

Кез келген сауатты адам жазу кезінде емле ережелерін сақтауға, стильдік дұрыс қолданыстарға баса назар аударып, ауызша сөйлеуде орфоэпиялық заңдылықтарды естен шығармау керектігіне көңіл бөлмей жатады. Күнделікті бір-бірімізге жазатын шағын хабарламаның өзінде емле ережелері мен тыныс белгісін қойып, сөйлеу кезінде қазақ тіліне тән әдемі әуезділікті сақтасақ, тілімізге деген, жазуымызға деген құрмет болар еді.

Бүгінгі күні әлеуметтік желідегі жазбаларда сауаттылыққа көңіл бөлінбейтіні, оны маңызды емес деп санайтындары өкінішті-ақ және осының бәрін кітап оқымағаннан деп түсінемін. Кітап көп оқыған адам дұрыс қолданысқа ден қойып, сауатсыздыққа жол бере қоймайды.

Қазақ жазуын латын графикасына көшіру жағдайында да осы мәселе басты назарда болу керек. Жаңа әліпби, жаңа жазу оңай болмағанымен, жаңа емлені меңгерген адам қиындықсыз жазатын болады. Мектеп табалдырығын аттаған баладан еңкейген қарттарымызға дейін жаңа белеске көтерілген қазақ жазуының болашағы үшін ат салысқаны абзал, себебі латыннегізді жазуымыз қазақ тілін таза қалпында сақтауға мүмкіндік береді.

Бектұрсын Аманқұлұлы Қалиев, қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты:

— Күні кеше ғана Қазақстан халқы Тілдері күні мерекесімен бірге туған күні де қатар аталып өтілген ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында «Біздің заманымыз – жазу заманы. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білу, сөз қандай орында қалай өзгертіліп, қалайша біріне-бірі қиюласып, жалғасатын жүйесін білу керек», – деген екен. Яғни жазу қай кезеңде болсын, адамзаттың бүгін мен ертеңін жалғастырушы алтын көпір ретінде игілікті қызмет атқарып келеді.

Ал жазуды белгіленген талапқа сай, жүйеге лайықты сауатты түрде игеру немесе жаза білу – білімділіктің бастауы десек, біздің ана тіліміздегі жазуымыз, яғни қазақ тілінде жазуымыз қазіргі таңда сын көтермейтіндей халге душар болып отыр.

Күнделікті тіршілікте жан-жағымызды түгендеп, бағамдайтын болсақ, ана тілінде таза, сауатты жазатын адамдар тобы азайып бара жатқанына куә боламыз. Оның басты себебі – ана тіліне деген немқұрайдылық болса, әрі қазіргі ғылым мен технология сағаттап дамыған кезеңде қажетті ақпаратты жылдам жеткізіп, ақпарат алмасуда сөздер мен сөз тіркестерін, тіпті сөйлемдерді де барынша ықшамдап қолданатын әрекетінде жатыр деп ойлаймыз. Яғни ойымызды жазбаша түрде жылдам жеткіземіз деп жүріп, тіліміздің болашағына балта шауып жатқанымызды өзіміз де байқамаймыз. Бұл жерде тыныс белгілеріне қатысты қателікті айтудың өзі артық. Оған көзді жұма қарап, дұрыс қойылмаған пунктуациялық қатеге кешіріммен қарайтын жағдайға жеттік. Әрине, бұл – дұрыс емес.

Қазіргі кезде көпшілік өте қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік желі ішінде хат-хабар алмасу белсенділігін бір сәт болсын төмендетпейтін жағдайға жетті. Соның ықпалынан сөз ішінде кей әріптерді тастап кету, белгілі бір буындарды «жұтып қою», сөз тіркестерін біріктіріп жазып жіберу, қосымшаларды қазақ тіліндегі сингармонизм заңына сай дұрыс жалғамау секілді толып жатқан қателікке жол беріп жатамыз. Сондай-ақ қазақ тіліне тән төл сөздерімізде кездесетін дыбыстарды таңбалауда да әріптердің аражігіне мән бермейміз. Осы айтылғандардың салдарынан оқырманға түсініксіз сөздер тізбегі пайда болып, ой ауырлап, оларды қабылдау тіпті қиындап кетеді.

Сондықтан балабақша, мектеп қабырғасынан бастап қазақ тілінің емле ережелерін жетік меңгеріп, сауатты жазуға ден қою қажет. Сауатты жазуға қазақ тілі орфографиялық сөздіктерінің де қосар үлесі зор. Өйткені дұрыс немесе бұрыс жазып отырғанына күмәнданатын адам бірден орфографиялық сөздікке жүгініп, қатесін түзетіп отырады.

Алайда осы 30 жылдың ішінде баспа бетінен жарық көрген орфографиялық сөздіктерге үңілер болсақ, бір сөздің әр жылы шыққан сөздікте әртүрлі жазылғанын көресіз. Мұндай ала-құлалық, жүйесіздік қарапайым адам тұрмақ, тіл мамандарының өздерін де кейде шатастырып жатады. Егер қазақ тілінде сауатты жазатын ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз десек, мұндай сөздерді тым кешіктірмей, бірізге, тәртіпке, жүйеге түсіріп, нақты жазылу емлесін тайға таңба басқандай етіп көрсету керек.

Сауатты жазу тек сөздіктермен ғана шектеліп қалмайды, сауаттылықтың негізі теориялық біліммен қатар оқытудың практикалық жағымен де тығыз байланысты. Мектепте немесе ЖОО-да болсын, алатын грамматикалық білім мен білікті тиянақтап, жаттығу жұмысына ден қойып қарайтын болсақ, функциялық сауаттылығымыз да арта түсер еді.

Осы сауаттылық мәселесіне де біздің университетіміз оң қабақ танытып келеді. Мәселен, филология факультетінде сауаттылықты қалыптастыру мақсатында «Жазу тарихы», «Тіл мәдениеті», «Қазақ тілінің емле ережелері», «Латыннегізді қазақ жазуы» секілді арнайы курстар оқытылады. Бұрындары барлық факультетте дерлік «Сөйлеу (тіл) мәдениеті» курсы оқытылатын еді, оқу бағдарламасына енгізілген өзгеріске байланысты қазір аталған курс оқытылмайтын болды. Сондықтан жазған дүниесінде кейде салғырттықтан, кейде білместіктің салдарынан жіберілетін орфографиялық және стилистикалық қатені болдырмау үшін барлық факультетте «Сөйлеу (тіл) мәдениеті» курсын қайта жандандыру қажет.

Сауатты жазу – жазу мәдениетінің сапалы көрсеткіші. Әрбір адамның ана тілінде қатесіз, сауатты жазуы үлкен жауапкершілікті, ыждағаттылықты талап етеді. Сондықтан ана тіліміздің тазалығы үшін күресеміз десек, әрқайсымыз емле ережелерін саналы түрде сақтап барып жазуға мән беруіміз керек.

Баспасөз қызметі