Қарағандыда «Тіл жанашырлары» марапатталды

Қарағандыда «Тіл жанашырлары» марапатталды

Қазақстан халқының тілдері күні мерекесінде облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының иегерлері анықталды. Айтулы байқау 2012 жылдан бері тіл саясатын жүзеге асыра отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосқан тұлғаларды анықтау мақсатында ұйымдастырылып келеді. Соңғы үш жыл көлемінде тіл тақырыбын қозғап, мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері, үш тілді жетік меңгерген жастар арасынан үздік деп танылған 8 үміткер жекелеген аталымдар бойынша марапатталды. Биыл сыйлықты табыс ету салтанаты алғаш рет телевизиялық нұсқада түсірілді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы «Тіл майталманы» атанды. Аймақ әкімі Жеңіс Қасымбек ақын ағамызға марапатты өз қолымен табыс етті. Арқаның ақиық ақыны ҚарМУ-дың 1989 жылғы түлегі. «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» аталымына «Қарағанды облысы бойынша Соттар әкімшісі» мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы бас маманы Әйгерім Қарымсақова, «Тіл жаршысы» аталымына «Жаңаарқа» газеті редакциясы, «Үздік телехабар» аталымына «Бірінші Қарағанды» телеарнасының тілшісі Жаңабек Нар, «Жас полиглот» аталымына «Нұрбанк» акционерлік қоғамы Қарағанды филиалының маманы Әсемай Пушанова, қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт жастары арасындағы «Тіл білгірі» аталымына «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері Юрий Михуля, «Мемлекеттік тіл – бизнесте» аталымына Сәтбаев қаласындағы «ДАМУ» дизайн студиясының директоры Шолпан Жангаскинова, «Үздік оқытушы» аталымына Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Мунира Ағымбаева лайық деп танылды.

Баспасөз қызметі