Мұражай – тарих айнасы

Мұражай – тарих айнасы

Мұражай – қаншама ғасыр қойнауынан бізге жеткен жәдігерлерді сақтаушы тылсым орын, адамзат жасаған ерекше өнер туындыларын жинақтаған жер. Әлемде 100 мыңға жуық мұражай бар деп есептеледі. Ең алғашқы мұражай, Александрия қаласындағы Мусейон атты ғимарат өз тарихын сонау б. э. д 290 жылдан бастайды. Мұражайлар өздерінің қалыптасу кезеңінде бір елдің басқа елдерді жаулап алған кезінде қолға түсірген қандай да бір өнер туындыларын, қайталанбас жәдігерлерін жинақтау үшін салынса, уақыт өте келе оның қызметі өзгеріп, мән-маңызы арта түсті. Қазіргі таңда мұражай тарихи маңызы бар ескерткіштер мен жәдігерлерді жинақтап, сақтауға қызмет етеді. Ерекше өнер туындыларын рухани құндылық ретінде дәріптейді. Сонымен қатар, ұлы тұлғалардың өмірінен сыр шертетін құнды заттарды ұрпаққа паш етеді. Осылайша мұражайлар тарихи, мәдени құндылықтарды әрі заттай, әрі рухани байытатын баға жетпес орынға айналды.

Халықаралық мұражайлар кеңесінің шешімі бойынша 1977 жылдан бері әлем елдері мұражай күнін атап өтуде. Бұл күн жай мереке ретінде ғана емес, жыл сайын белгілі бір тақырып аясындағы әлемдік рухани маңызы бар іс-шара түрінде өткізіліп жүр. Мысалы, 2007 жылғы халықаралық мұражайлар күнінің тақырыбы «Әлемдік мұра үшін бәріміз жауаптымыз» болса, 2018 жылы «Гиперкоммуникация дәуіріндегі мұражайлар: жаңа тәсілдер, жаңа аудитория» атты тақырып болды. Уақыт өтіп, ғылымның, технологиялардың қарыштап дамуына байланысты мұражайлардың да араға жылдар салып жаңашылдыққа бет бұрғанын екі тақырып арасындағы айырмашылықтан сеземіз. Тіпті, сандардың өзі бұған дәлел. 2007 жылы бұл іс-шараның өтуіне 70 мемлекет қатысса, 2015 жылы әлемнің 145 елінен 35 мыңнан астам мұражай қатысқан. Бұл көрсеткіштерден даму анық байқалады. Біздің еліміз де бұл мерекеге белсене қатысып, әртүрлі іс-шаралар өткізіп жүр. Атап айтқанда, ИКОМ-Қазақстан халықаралық мұражайлар ұйымының мүшелері атанған «Ғылым ордасының» Археология мұражайы, Табиғат мұражайы, Сирек кездесетін кітаптар мұражайы, Қазақстан ғылымының тарихы мұражайы жыл сайын мереке аясында салтанатты жиналыс өткізіп, бірқатар мәселелерді талқылайды.

Елімізде 150-ден астам мұражай бар. Көне заманнан келе жатқан бай тарихы бар Қазақстан өзінің әрбір өңірінен бірнеше мұражай ашатындай деңгейде десек, артық айтпағанымыз. Оның үстіне болашақта зерттелетін, сыры ашылмаған қаншама тарихи орындар бар. Сондай-ақ, тарихы бай елдің ұлы тұлғаларының қалдырған тәлімі өз алдына бір мұражай. Халқымыздың тарихындағы талай тауқымет мен қасіретке дәлел, ұлт құндылықтарының сан алуан мұрасы, тарих айнасы мұражай болғандықтан бұл атаулы мерекені де ұмыт қалдырмайық.

Адель МАКЕШОВА,
ҚарМУ студенті