Академик Евней Арыстанұлы Бөкетовке арналған мемориалды музей

Академик Евней Арыстанұлы Бөкетовке арналған мемориалды музей

Қарағанды мемлекеттік университетінің алғашқы ректоры, көрнекті ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қаз КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Евней Арыстанұлы Бөкетовке арналған музей 6 экспозициялық залға бөлінген, онда хронологиялық тәртіппен академиктің өмірі мен қызметі туралы экспонаттар орналастырылған. Бұл экспонаттар мен деректемелер ғалымның өмірімен терең танысуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта музейдің ауданы 324 шаршы метрді құрайды.

Бірінші зал – болашақ академиктің туылған күнінен бастап Қарағанды қаласына көшкенге дейінгі, 1960 жылға дейінгі өмірі, яғни балалық шағы, жастық шағы, отбасылық жағдайы туралы материалдар көрсетілген. Бұл залда Бөкетовтар әулетінің шежіресімен, болашақ ғалым туған ауылдың макетімен, академиктің жеке заттарымен, құжаттарымен танысуға, оның ғылыми қызметінің бастапқы кезеңдерін бақылауға болады.

Екінші зал – Е. А. Бөкетовтың ғалым ретіндегі өмірі мен қызметі, Қазақстан Республикасы ҰҒА химия-металлургия институтының директоры және ғылыми қызметкері болған кезеңдері көрсетілген. Ғалымның алғашқы ұстаздары туралы білуге мүмкіндік беріледі, олар — А. И. Тарасова, И. А. Трофимов, В. Д. Пономарев, Қ. И. Сәтпаев. Бөкетов химия саласындағы жаңа бағыттың – халькогендер мен халькогенидтердің химиясы мен технологиясының негізін салған. Бөкетов мыс-электролиттік шламдардан селен, теллур элементтерін бөліп алудың пиро және гидрохимиялық әдістерін жасап, Д. Менделеев жасаған элементтердің периодтық жүйесіндегі химиялық элементтер аналогтарының жіктеліміне түзетулер енгізді. Металлургиялық тотықсыздандырғыштар арқылы көмірді сутектендіру мүмкіндігін дәлелдеді. 50 өнертабыстың, 10 патенттің иесі. Яғни бұл залда докторлық диссертациясымен, ғылыми мақалаларымен, өнертабысқа берілген авторлық куәліктерімен, патенттерімен танысуға болады.

Үшінші зал – Е. А. Бөкетов ҚарМУ-дың бірінші ректоры қызметін атқарған кездегі жеке кабинеті (жиһаздар, ғалымның киімдері сол қалпында сақталынған). Мұнда академиктің жазушылық, публицистикалық қызметін көрсететін экспонаттар орналасқан. Әдебиет саласында Ебіней Бөкетов Абай мен Мұхтар Әуезов шығармаларын талдап, бірсыпыра туындылар жазған сарабдал сыншы. Ол студент кезінде-ақ Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Ғабиден Мұстафиндердің алдында өзінің өз қатарынан артық туған асыл жанның бірі екенін дәлелдеп берген. Қарағанды университетіне ректор болып тағайындалмастан бұрын ол қара металлургия мен органикалық химияның, журналистиканың, аудармашылықтың кез келген саласын шыр айналдыратын құдірет иесіне айналған. Сергей Есениннің «Анна Онегина» поэмасын, Владимир Маяковскийдің өлеңдерін ана тілімізде сөйлеткен тамаша аудармашы, өйткені ол өзі де көкірегі тұнып тұрған ақын болатын. Артына «Алты хат» атты көркем әңгіме-хикаялар жинағын қалдырған. Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің қайраткерлері туралы көркем публицистика, естелік және өмірбаяндық повесть жанрында орыс және қазақ тілдерінде жазылған бірқатар әдеби шығармалары жарияланған. «Түйе қомында туған адам» («Человек, родившийся на верблюде», 1975); «Творчество қырлары» («Грани творчество», 1977); «Шоқанның қасиетті ісі» («Святое дело Чокана»); «Белгісіздікке барар жолда» («Пути в незнание» жинағында. — М., 1984) атты очерктер мен эсселер жинағының авторы. И. Василенконың «Артемка» повесін, Э. Золяның «Әңгімелер мен мақалаларын», И. Вазовтын «Тепкіде» романын, У. Шекспирдің «Макбет» және В. Маяковскийдің «Кандала» («Клоп») пьесаларын қазақ тіліне аударған. Осы шығармалардың барлығын да осы залдан табуға болады.

Төртінші зал – ректордың демалыс бөлмесі (жиһаздар еш өзгеріссіз сақталынған).

Бесінші зал – академик Е. А. Бөкетовты мәңгі есте қалдыру, сондай-ақ 60 жылдық, 70 жылдық, 75 жылдық, 80 жылдық, 85 жылдық, 90 жылдық мерейтойларға арналған экспонаттар. Сонымен қатар, музейге арналған керамикалық құмыралар мен сый жазбалары бар кітаптар, сондай-ақ Петропавл қаласында (Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) өткен конференция материалдары, басқа да түрлі конференция материалдары қойылған. Бөкетовтің алты томдық шығармалар жинағы, Медеу Сәрсекенің «Ебіней Бөкетов» және Мәскеу қаласындағы «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» сериясында жарық көрген «Евней Букетов» кітаптары, библиографиялық көрсеткіштер, Е. А. Бөкетов ескерткішінің жұмыс макеті т. б.

Алтыншы зал – 30 орындық конференц-зал. Мұнда студенттер мен оқушылар үшін дәрістер, «Бөкетов» оқулары, сондай-ақ келушілермен кездесулер өткізіліп отырылады. Сонымен қатар, бұл залда Оңтүстік-Шығыстағы университет қалашығының жоспар-макеті, ҚарМУ бас корпусы құрылысының басталуын көрсететін стенд, ескерткіш орындар картасы т. б. көрсетілген.

Музей материалдары студенттердің музей тәжірибесінен өту кезінде, курстық және дипломдық жұмыстарды жазу кезінде қолданылады. Жастарға патриотизм, білім алуға ұмтылу, адамдарға адал қарау және өмірге деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді.

Жыл сайын музейді 3000-ға жуық жоғары және орта оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары, делегациялар, басқа қалалардан, шетелден келген қонақтар келіп тамашалайды. Келушілердің көпшілігі ізгі тілектерін, өз пікірлерін қалдырады.

Ақпан-наурыз айларында академиктің туғанына 95 жыл толуына орай іс-шаралар өткізілді. Е. А. Бөкетов атындағы № 52 орта мектебінің барлық сынып оқушыларына, Қарағанды қаласының жоғары және орта-кәсіптік оқу орындарының студенттеріне, ҚарМУ-дың бірінші курс студенттеріне кең көлемде лекциялар оқылып, фильм көрсетіліп, экскурсиялар жүргізілді.

Маржан ТЮЛЕБАЕВА,
ҚарМУ тарихына арналған музей директоры