Академик Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ тарихына арналған музей

Академик Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ тарихына арналған музей

Қарағанды мемлекеттік университеті Қазақстандағы ең жоғарғы оқу орындарының бірі болып саналады.

Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ музейі 2002 жылдың қыркүйек айында құрылған (Университет, 28). Экспозициялық ауданы 505 ш. м құрайды.

Бұнда университеттің алғашқы құрылуы, ғылыми-техникалық жетістіктері, мәдени өмірі және спорттағы бағындырған белестері, факультеттердің қызметі көрсетілген.

Музейдің экспозициясы 4 бөлімнен тұрады:

1. Университеттің қалыптасуы – (1938 жылы мұғалімдер институты құрылды, 1952 жылдан бастап педагогикалық институт болды, содан кейін 1972 жылы ҚарМУ болып қайта құрылады).

2. Бейнелеу өнерінің көрмесі – (Бұл бөлімде бейнелеу өнері және дизайн мамандығы бойынша қорғалған түлектеріміздің ең үздік деген дипломдық жұмыстары көрсетілген).

3. Университеттің дамуы – (Бұл бөлімде университеттің оқу-әдістемелік жұмысы, ғылыми-зерттеу және халықаралық қатынастар, саяси-әлеуметтік, мәдени өмірі және спорттағы жетістіктері көрсетілген).

4. Факультеттердің құрылуы мен қазіргі кездегі тыныс-тіршілігі

1. 1938 жылы 9 мамырда Орталық Қазақстанда сауаттылықты көтеру мақсатында Қарағандыда екі жылдық оқыту мерзімімен Молотов атындағы Қарағанды мұғалімдер институты ашылды. Алғашқы директоры болып Репалова Полина Романовна тағайындалды. Ең алғашқы факультеттер – тарих және филология факультеттері. Алғашқыда мұғалімдер институтында барлығы 12 оқытушы мен 117 студент дәріс алған.

1939 жылы мұғалімдер институтының директоры болып Иманқұлов Рахым Иманқұлұлы тағайындалды.

Ал 1941-1945 соғыс жылдары Мұқанов Қажыақбар институттың директоры қызметін атқарды. Сұрапыл соғыс жылдары жүрек қалауымен университет оқытушылары мен студенттері Отанын қорғап, өзінің азаматтық парызын орындап, жас ұрпаққа үлгі бола білді.

Шынының астында сол кездегі алғашқы диплом мен әр түрлі төл құжаттар көрсетілген (1938ж).

2. Естелік тақта – университетімізде көп жылдар бойы қызмет еткен, дүниеден озған ұстаздарымызға арналған.

3. 1952 жылы 4 тамызда Қарағанды педагогикалық институтының ректоры педагогика ғылымдарының кандидаты С. Б. Баймұрзин тағайындалды. Ол 20 жыл бойы осы институтты университет болып қайта құрылғанға дейін басқарды. 1952 жылы университетте физика-математика, тарих-филология, жаратылыстану факультеттерінің қазақ және орыс бөлімдері жұмыс істеді. Шынының астында 1950 жылдардағы дипломдар мен төл құжаттар көрсетілген.

4. Мұнда мұғалімдер институтының директорлары, педагогикалық институттың ректорлары және ҚарМУ-дың ректорлары көрсетілген.

ҚарМУ-дың алғашқы ректоры Е. А. Бөкетов Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, химия және металлургия саласындағы үлкен ғалым, белгілі жазушы, аудармашы және әдеби сыншы.

5. Университеттің ашылуы. Ашылу салтанатына қатысқан белгілі жазушы Сәбит Мұқанов және басқа да қонақтар. Алғашқы болып салынған биология және география факультеттері. Мына жерде әр түрлі мақтау қағаздары, дипломдар көрсетілген.

6. Университетіміздің материалдық базасы. Өзіміздің баспамыз, жеке жылыту станциямыз, студенттердің тұрмыстық кешені, 14 дәрісхана, ҚарМУ-дың тарихи музейі, табиғат музейі, археология музейі, «Университет» асханасы, «Аюлы» шаңғы орталығы және демалу орталығы, оқу залы бар. Университет қалашығы. Келесі суреттер осы қалашыққа сәйкес келеді.

7. Университетке келген қонақтар. Университетімізге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев, белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәдени қайраткерлер, Үндістан, АҚШ, Ұлыбритания, Ирактан келген елшілер, белгілі жазушылар Олжас Сүлейменов, Медеу Сәрсеке, Кәкімбек Салықов, Мырзатай Жолдасбеков, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров, «Асар» партиясының Төрағасы Дариға Назарбаева, «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева, Конститутциялық Советтің мүшесі Қабылсаят Әбішев, сонымен бірге университетіміздің 40 жылдығына келген қонақтар.

8. Қазақтың ұлттық бұрышы. Бұл бөлімде бейнелеу өнері және дизайн мамандығы бойынша қорғалған түлектеріміздің ең үздік деген дипломдық жұмыстары көрсетілген. Суреттер, бесік, күбі, қымыздың ыдыстары, келісап (тары үгітетін ыдыс), үстел, сандық, ет табақ, үш шекті домбыра, қобыз, іштесер, қамшы, гобелен тоқымасы, ат жабдықтары, ертоқым, бүркіттің заттары (тұғыр, томаға, балдақ), қыштан, ағаштан, ермексаздан, гипстен жасалынған бұйымдар, шахмат, қыздардың басына киетін сәукелелері, байдың тағы, темірден жасалынған әшекей бұйымдар көрсетілген.

9. Оқу-әдістемелік жұмыстар. Бұл стендта студенттердің контингенті, қабылданған және оқуды бітірген студенттер санының көрсеткіші, факультет, кафедра және мамандықтар санының көрсеткіші, компьютерлік техникамен қамтамасыз етілудің жыл сайынғы көрсеткіштері көрсетілген.

10.Ғылыми-зерттеу жұмыстары. ҚарМУ-дың студенттері мен оқытушылары оқу және ғылыми-зерттеу жүргізу үшін шетел ғылыми білім беру орталықтарына барумен қатар, ҚарМУ-да жақын және алыс шетел мемлекеттерінен келген (Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Моңғолия, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан) 200-ден астам шетел азаматы білім алуда.

11. Бүгінгі таңда Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-да тағылымы мол, тәжірибелі ірі ғалымдар еңбек етуде. «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан студенттер жетерлік. Алғашқы Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған арнайы бұрышымыз бар.

12. Университет баспасы. 1972 жылдан бастап қызмет еткен редакциялық-баспа бөлімін қайта құру нәтижесінде 1997 жылы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің баспасы ашылды.

13. Университет кітапханасы 1938 жылы ашылды. 1938 жылы кітапханада 7 млн. кітап қоры болды, ал қазір 1 млн. 800 мың дананы құрайтын кітап қоры бар. 7 оқу ғимаратында орналасқан 17 оқу залы мен 10 абонемент те пайдаланушыларға қызмет көрсетеді және 3 мультимедиялық зал ашылды.

14. Университеттің мәдени өмірі. Студенттер сарайында оннан астам әр түрлі үйірме бар. «Жарқын» халық би ансамблі (1977 ж. құрылған) – республикалық және халықаралық байқаулардың, Қазақстан, Ресей, Түркменстан; Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Мәскеуде өткен Бүкіләлемдік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты, «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің І сыйлығының иегері, Ш. Жиенқұлова атындағы ІІ республикалық қазақ би байқауының, аймақтық және республикалық студенттер фестивалінің лауреаты, Австриядағы Қазақстан Республикасының Мәдениет күндері бағдарламасына қатысқан болатын. 2002 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша «Жарқын» ансамблі Түркияда өткен Жерорта теңіз елдері студенттерінің VІ халықаралық фестивалінде Қазақстанның студент жастары атынан өнер көрсетті. «Шабыт» ақындар клубы бірнеше мәрте облыстық, аймақтық және республикалық студенттер айтыстарының лауреаты атанған. КВН командасы болса Халықаралық КВН Одағы Жоғарғы Лигасына қатысушы, ҚР КВН Суперлигасының чемпионы, Қарағанды облысының әкімінің КВН Кубогінің иегері.

15. Біздің спортшыларымыз. Мұнда әртүрлі жарыстарда жүлдеге ие болған ҚарМУ ұжымының кубогтары мен грамоталары. Бокстен ҚР Европа чемпионы, әлем кубогының иегері, СССР чемпионы Нұрқазов Серік Төкенұлы, екі дүркін Олимпиада ойындарының чемпионы Муравьев Владимир Павлович, пауэрлифтингтен әлем чемпионы Сивоконь Алексей Николаевич, 2004 жылғы бокстен Афинадағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 7 дүркін Қазақстан чемпионы Геннадий Геннадиевич Головкин. 2006 жылы ол кәсіби бокске ауысты, қазір әлем чемпионы. Кикбоксингтен әлем чемпионы Г. Папу, жеңіл атлетикадан Олимпиада ойындарының қола жүлде иегері Д. Карпов, бокстен 2012 жылы өткен Лондондағы Олимпиада ойындарының чемпионы С. Сапиев, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қыздар арасындағы күрестен қола жүлде иегері Эльмира Сыздықова.

16. Мәртебелі қонақтарымыз, студенттеріміз өз ойлары немесе пікірлерін қалдыратын кітабымыз бар.

Маржан ТЮЛЕБАЕВА,
ҚарМУ тарихына арналған музей директоры