Рухани жаңғырудың алтын тұғыры

Рухани жаңғырудың алтын тұғыры

Ұлы Дала елінің тарихи құндылықтарын, рухани байлығын сәбиіндей мәпелеп, тәрбиелей білетін халық өз тарихына, әдебиетіне енжар қарай алмайды. Ғасырлар бойы жасалған тарихи құндылықтарды оқып біліп, бүгінгі тарихымызбен сабақтастығын көрсету «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты болып саналады.

Қазақтың ежелгі мекені Ұлы Дала, қазіргі Мәңгілік ел – Қазақстан Алтайдан Каспийге дейін созылып, Батысы Сібір ойпаты, Шығысы Тянь-Шань тауларының теріскейін алып жатыр. Ұлы даланың жері де, терең тарихы да, өскелең ұрпаққа беретін ұлағаты да үлкен. Дала өркениетінің түп-тамыры ежелгі түркіден тарайтын мәдени үрдіс. Ата-бабаларымыз «Уақыт» пен «Кеңістік» атты ұғымдардың мағынасын терең білген. Сол даналықтың сабақтастығы Еуразияның Ұлы даласындағы көшпелілердің өмірін, салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, өнер мен мәдениетін қалыптастырған.

XX ғасырдың басында елді егемендікке үндеп бас көтерген «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы өз жұмыстарын «сөздiң киесi, iстiң иесi бар» деп бастаған. Осынау нақыл сөз әлі күнге дейін тәуелсіздігіміздің терең ұлттық идеясы, тіпті, керек болса, «Алты алаштың» атам заманғы алыс, алыс та болса жақын ұранындай естіледі. Ғасырлар өтті, адам мен оның санасы, ілім мен білім, әдебиет пен мәдениет өзгерді. Өзгеріссіз қалған тек – қазақтың Киесі мен Иесі, Тілі мен Ділі. Қазақтың ұлттық мемлекеттілігі – алдымен жерге, тілге, содан кейін ділге, ақырында елге, түбінде елін қорғаған ерлерінің ерлік істеріне негізделген.

Ұлы Дала елінің өркениеті, өлең-жыр өнері, ұшқыр ой, суырып салма «сөз жарысы», «түн қатып жүріп» жасаған ерліктері, соғыс алаңын тітіркенткен «жорық жырлары», елім деп «еңіреп өткен ерлерінен» айрылғанда айтылатын «жоқтаулары» – түбі бір түркілердің атадан балаға мирас болып қалған мәңгі мұрасы, бүтін бір елдік пен ерлік симфониясы — Дала Дастаны болып табылады. Қазақ халқының еркіндікке, егемендік — тәуелсіздікке деген табиғи және тарихи ұмтылысы, оның арман-мұраты, рухани құндылығы бүгінгі рухани ұстаныммен үндесіп жатыр. «Көп түркі енші алысып тарасқанда, қара шаңыраққа ие болып қалған» қазақтың тәуелсіз Мәңгі қазақ елінің алтын тұғыры – ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып, бүгінге жеткен рухани қазыналары – сөз құдыреті, қасірет пен қасиетке толы күйлері, асқақтай шалқыған әндері, сұлу сырлы, өршіл де өміршең саздары.

Сақ дәуірінен бері Ұлы дала 24 мемлекеттілікті бастан өткеріпті. Соңғысы — Қазақ хандығы. Солардың тікелей тарихи мұрагері — Қазақстан Республикасында табылған көне көмбелер, жазба жәдігерлер, «Алтын адам» және қолөнердің асқан үлгілері, көк түркінің оймақ жазуы музейлерде сақтаулы. Күлтегін-Білге, Бумын және Істемі қағандар Алтайдан Қарақорымнан Каспийге дейінгі жерді қорғау үшін соғыстар жүргізді.

Ұлы дала Елінің рухын Қорқыттың күйлері, әл-Фарабидің туындалары, Қашғаридің «Түркі сөздігі», Баласағұнның «Құтты білігі», Яссауидің сопылық ілімі көтерді. Асан-қайғының ақылгөйлігі, Қазтуған мен Ақтамбердінің жорық жырлары, Мұхаммед Хайдар Дулатидің шығармалары, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, Сырым батырдың сөздері, Махамбеттің отты өлеңдері ұлттық рухты одан әрі жалғастырды.

Ұлы Дала елінің рухының биіктігін көрсететін бүгінгі күнге дейін сақталған Жошы мен Алашаханның мазарлары да төл тарихқа ерекше құрметпен қарауға үйретеді. Кеңестік саясаттың құрбаны болған Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Имам Әлімбеков, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов тәрізді Алаш қайраткерлерінің тәуелсіздік жолында атқарған саяси еңбектері ұлттық рухтың өшпес белгісіндей сақталып келеді.

Үндінің азаттық үшін күрескен тұлғасы Махатма Ганди: «Мен әлемдегі барлық мәдениеттердің үйіме кедергісіз енуін қалаймын, десек те мені сүріндіргенін қаламаймын» деген екен. Ұлы Жібек жолы мен Ұлы далаға ұлы ілім де келген. Күллі мұсылман әлемін тамсандырған Александрия кітап қоймасындай Ұлы дала елінде Отырар кітапханасы болған. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің міндеті – ата-бабаларымыздан қалған рухани мұраларымызды еліміздің іргетасы, идеологиялық факторлары ретінде қазіргі заманға сай одан әрі дамытып, жас ұрпақтың санасына сіңіру, оны әлемдік мәдениеттің жаңашыл үрдістерімен үнемі толықтырып, жаңарту.

Сондықтан да мынадай алтын тұғырды білу керек:

1. Тасқа жазылған дастандардың тарихи мәні

552-745 жылдары Түрік қағанаты өмір сүрді. Алғашқы көсемдері Бумын, Істеми, Күлтегін тәрізді қағандар. Олар өздерінің қаһармандық істерін, мемлекет құрудағы зор жетістіктерін мəңгі тасқа арнайы ойып жазған. Бұл — бірліктің, ынтымақтастықтың символы болған киелі орын, Мəңгілік Ел орнатамыз деген елдің тұтастығының белгісі. Күлтегін жырында түрік мемлекетінің тəуелсіздік актісі — «Мəңгілік Ел» идеясы саяси манифест түрінде халыққа арналған «Мəңгі Ел» орнату жолындағы түрік тарихының шежіресі.

Елді басқарған қағандар үшін, түрік халқын оятып, біріктіріп, түрік қағанатын орнату жолындағы ұлы жорықтар жасап, ортақ мақсатқа елді жұмылдыруға осындай үндеу-манифест аса қажет болды. Манифесте түріктерді азат болу үшін күреске шақырып, өзге елге кіріптар, бағынышты болмауға, көрші қуатты мемлекеттің шығарған тұрмыстық заттарына қызығып, олардың арбауына түсіп қалмауға шақырады. Түріктердің еш елден кем емес, қайта артық екенін мəлімдеп, оларға өздерінің құқықтарын қорғауға үндейді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін түрік халқының рухын оятып, «көк түрік» болып бірігу міндеті тұрды. Өзге елге бодан болмай, өз алдына тəуелсіз еркін Түрік империясын орнату қолға алынды. Күлтегін ескерткішіндегі жарияланған үндеуде Түрік халқының алға қойған мақсаты «Мәңгілік Ел» концепциясы мен идеологиясы айтылады.

Бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде «Күлтегін» жырларындағы мынандай өлең жолдарына назар аударып, талдағаны дұрыс:

Қаның судай ақты,
Сүйегің тау боп жатты…
Тізеліні бүктірдік,
Бастыны еңкейттік…

Осы қанатты сөзге айналған өлең жолдарында ерлік пен ездік, соғыс пен бейбітшілік, құлдық пен тәуелсіздік туралы айтылуының мәнін түсіне білу өте маңызды. Сондықтан да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тарихи маңыздылығын түсіну үшін Енисей өзенінің маңынан табылған тасқа жазылған дастандар (құлпы тастар) тарихын білген жөн. Ол туралы Сібірде айдауда жүрген швед офицері Табберт-Страленберг пен немістің ғалымы Д. Г. Мессершмидт ХVІІІ ғасырдың басында жазған. Скандинавия халықтарының тілінде «Рунь» яғни, «руна» деген сөз қазақша «сыры ашылмаған, құпия» деген мағынаны береді.

1889 жылы саяхатшы, ғалым Н. М. Ядринцев басқарған орыс география қоғамының Шығыс-Сібір бөлімі Монғолияға арнайы экспедицияға барғанда «құпия жазуы» бар үлкен екі тас-ескерткішті табады. Академик В. В. Радлов 1891 жылы сонда барып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, руна жазуының 15-ке жуық әрпін анықтайды. Кейіннен ол үлкен тастардағы мәтінді оқып, аударма жасаған.

1893 жылы 25 қарашада Дания корольдік ғылым академиясының мәжілісінде Вильгельм Томсен Орхон мен Енисей өзендерінің бойынан табылған ескерткіштердегі құпия жазудағы «тәңірі» және «түрік» деген сөздерді оқығандығын айтады.

Тасқа жазылған дастандарда: Түркі елінің қағандарының елінің «төрт бұрышындағы» барлық жауды жеңіп, елде тыныштық, бейбіт өмір орнатқандығы және «Күлтегін түркі халқын тәуелсіз етті, байлыққа кенелтті» деген ой айтылады.

Түркі халқын ауызбірлікке, сыртқы жауға қарсы ұйымдасқан күреске, ата-баба жолын берік ұстауға шақырған дастанда ерекше көңіл аударған мынадай мәселелер болған: Түркі халқы ата-баба дәстүрін берік ұстаған кездерінде ешкімге тәуелсіз, жақсы өмір сүргенін жырлай келіп, осы жолдан тайып, дұшпанға алданған сәттерінде:

«Бек ұлдары – құл болды,
Пәк қыздары – күң болды», — дейді.

Тасқа жазылған «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларында бүгінгі ел билігінде отырған азаматтар сабақ алатын уағыз, өсиет, нақыл сөздер бар:

«… Түнде ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым.
Қызыл қанымды төктім,
Қара терімді ағыздым.
Күш-қуатымды аямадым…»

Өз елі, жері үшін түркі қағандары жеңістің оңай келмегендігін тек ақыл-кеңеспен, ерлік істерімен келгендігін жазып қалдырғаны бүгінгі мемлекеттің қауіпсіздігін сақтауда мықты ұстаным бола алатындығын мына өлең жолдарынан көруге болады:

«… Бүкіл түркі халқына
Қарулы жау келтірмедім,
Атты әскер жолатпадым.
… Кедей халықты бай қылдым,
Тату елге жақсылық қылдым.
Төрт бұрыштағы халықты
Бәрін бейбіт қылдым.
… Еліміз қайта ел болды,
Халқымыз қайта халық болды…».

Қорыта айтқанда, қазақ халқының сонау VI-VIII ғасырларда басталған түп тамыры Түркі қағанатының қоғамдық-әлеуметтік өміріндегі ел басқару үрдісін, әдет-ғұрпын, наным-сенімін, әдебиетін танып білу еліміздегі қоғамдық сананың жаңғыруына үлкен үлес қосатын құнды материал.

(Жалғасы бар)

Н. А. БЕЙСЕНБЕКОВА,
«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,
т.ғ. к., доцент