Рухани жаңғырудың алтын тұғыры (Жалғасы)

Рухани жаңғырудың алтын тұғыры (Жалғасы)

XV-XVIII ғасырлардағы Ұлы Дала ойшылдарының мұрасы – рухани жаңғырудың өшпес тұғыры болып табылады. Осы уақытта (ХV ғасырдың екінші жартысында) Ұлы Далада қазақ халқының өзінің ұлттық мемлекеті — Қазақ хандығы құрылды. Халықтың болашағы үшін алаңдаған талай тұлғалар өмір сүрді. Соның бірі — Асан Қайғы желмаясына мініп, жаңадан құрылған хандық үшін «Жерұйық» іздеп шыққан кезі осы заманның тұсында болды.

Асан Қайғының хандықтың халқын топтастырып, елге құтты қоныс болатын жер іздеп кетуі бұл аңыз емес, ақиқатқа негізделген тарихи шындық. Оған керегі мемлекеттік құрылысқа қажетті жер. Ата-қоныс Еділ-Жайық өңірі ендігі жерде тұтасымен келер ұрпақтың қонысы болмайтыны белгілі болды. Жаңа ұрпаққа жаңа жер керек, ол құт-мекеннің аты «Жерұйық». Қазақ халқының аңызындағы Асан Қайғының іздеген «Жерұйық» ілімі, қазіргі саяси тілмен айтсақ, геосаясат болып шығады. Мемлекеттілік — жер мәселесінен басталады. Жерсіз, нақты белгілі бір территориясыз ел де, мемлекет те болмайды. Жаңадан құрылатын қазақ мемелекеті қай жерден құрылуы керек деген геосаясат мәселесімен айналысқан тұлға халық даналығында Асан Қайғы болып сақталды.

Заман талабының үрдісінен шыққан «Жерұйық» идеясы қазақ халқының тұңғыш ұлттық мемлекеті – қазақ хандығының мемлекеттік идеологиясы бола алды. Осы «Жерұйық» идеясынан өріс алған Қазақ хандығы Орталық Азияда қуатты мемлекетке айналып, өздерінің ұлттық идеясын қалыптастырып, елдің берік саяси топтасуына негіз жасай алды.

Асан Қайғы заманында Алтын Орда ыдырап, оның орнына Қырым, Қазан, Өзбек хандықтары пайда болды. Ноғай ордасы тарап, Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуы хандықтар арасындағы қым-қиғаш талас-тартысты аласапыран кезең болды. Ол қазақтың ханы Әз Жәнібектің ақылшысы болған. «Әз Жәнібек ханды уақытша табысқа мастанып кеттің, қазақ халқының, Алтын Орда болашағын жете ойламайсың», — деп сөгеді Асан Қайғы:

 «…Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің»,

— дей келе, ел іргесі берік, ағайын арасы тату болуы жолында күреседі. Асан Қайғы ең алдымен хандық үкіметті күшейту, елдің қорғаныс-қабілетін арттыру қажет деп санайды:

 «Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа».

Асан Қайғының жерұйықты іздеудегі мақсаты — халқының жайлы жерге қоныстанып, болашақта «Мәңгі Ел» болуын армандаған. Оның елдің ішіндегі тыныштықты сақтай отырып, мемлекетті нығайту туралы ойлары, ХХІ ғасырдағы тәуелсіз жаңа қазақ елі үшін негізгі ұлттық код бола алады.

Қазақ ойшылдары «Мәңгілік Ел» болудың басты ұстанымы ретінде мемлекетті басқаруға қажетті нұсқауларды көрсеткен. XVI ғасырда өмір сүрген Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашиди» еңбегінде былай деп тұжырымдалады: өз елін аздырмайтын, тоздырмайтын көшбасшысы қандай болу керек?! Ол ел басқарудың он рухани, пендешілік, әкімшілік негіздері мен шарттарын ұсынады:

Бірінші шарт: Кез келген істі шешер кезде мемлекет басшысы өзін бағынышты кісінің орнына қойып, ол адамды өзіне әмір жүргізуші деп есептесін, әміршінің үкімі олай болмаса екен деп тілегенін мемлекет басшысы ретінде өзгеге де бұйырмасын.

Екінші шарт: Мемлекет басшысының ең басты мінәжаты — мұсылмандардың мұң-мұқтажын орындау болуға тиіс.

Үшінші шарт: Мемлекет басшысы ас ішу мен киім киюде халифалардың қарапайымдылығын қабылдап, мәртебелі басын ас та төк тамақ пен әлем-жәлем киімге үйір қылмасын.

Төртінші шарт: Орынсыз қаталдыққа, бос сөзге бой алдырмай алдына келген кісімен жұмсақ сөйлессін, әлсіздер мен кедейлердің кеңесін тындаудан арланбасын.

Бесінші шарт: Мемлекет басшысы жұртқа жағамын деп шешім қабылдаған кезде әлсіздік, екіжүзділік танытпасын және әркімнің көңілін табамын деп әділет пен шариғаттан аттамасын.

Алтыншы шарт: Мемлекет басшысы еліне төнетін қауіп-қатерден қаперсіз болмасын және ол әміршінің әділ билігі халықты бақытқа кенелтіп, артына мәңгілік жақсы атын қалдыратынын есіне мықты ұстансын.

Жетінші шарт: Мемлекет басшысы көзі ашық құдай жолындағылармен қарым-қатынас жасауға һәм кеңесіп отыруға үйір болсын және олардың кеңесін тыңдауды бақытым деп есептесін. Ол арамза, өтірікші, бұзақы пенделермен кеңес құрудан бойын аулақ ұстасын, өйткені ондайлар діни сенімді тұншықтыруға құмар келеді.

Сегізінші шарт: Мемлекет басшысы өркөкіректік пен паңдыққа басып халықты өзінен үркітпесін, керісінше, мейірімділік пен әділеттілік танытып, бағыныштылары мен әлсіздерге қамқор болсын, халықтың махаббатына ие болсын.

Тоғызыншы шарт: Мемлекет басшысы қатыгез басшылардың қылмысты істеріне және қарауындағыларды қасқырдай талайтын безбүйректерге немқұрайлы қарамасын. Қандай да бір жөнсіздік пен әділетсіздікке жол берген басшыны дереу жазаласын, өйткені соған қарап басқалары аяқтарын тартады. Мемлекет басшысы ел басқару ісіне аса жауапкершілікпен қарап, ел тізгінін сеніп тапсырған адамдарды кеңесе білуге мен жазалай білуге тәрбиелесін.

Оныншы шарт: Көрегендік. Мемлекет басшысы ел өміріндегі әрбір оқиғаға тереңнен үңілуге және оның себептері мен салдарын біліп отыруға міндетті. Біліп қой, мемлекет басшысы қарамағындағы мұсылмандарының құқықтарымен санасуға міндетті.

Мұхаммед Хайдар Дулатидің ел басқаруға көрсеткен осы шарттары «Мәңгілік Ел» болуға апаратын әдістердің бірі.

Ғұлама тарихшының «Мәңгілік Ел» болып қалуға арналған ой-пікірлерін бүгінгі мемлекет басында жүрген қазақ азаматтарының күнделікті өмірде пайдаланатын әдістемелік нұсқау ретінде қолдануының артықшылығы жоқ. Және сонымен қатар, Қазақ мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметкерлерді оқытуды оқу жоспарына енгізу арқылы «Мәңгілік елді» басқарудың қыр-сырын үйренуге болатындығын есте сақтаңыздар.

Қазақ хандығы өз алдына дербес мемлекет болып құрылған кезде жан-жақтағы қауіптен сақтанып, Ұлы далада «Мәңгілік Ел» болып қалудың негізгі тарихи істерін атқарды. Қазақ хандығының ел басшылары елге ел қосты, қазақ елінің шекарасын анықтады, территориясын кеңейтті, хандықты нығайтты. Мәңгі өлмейтін мемлекетті басқарудың құқықтық негіздемесі «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» заңдар жинағында қабылданды. Бұл заңдарда елдің ішкі жағдайын реттеудегі саяси-құқықтық тәртіпті қазақ халқының дүниетанымына сәйкес келтірді.

Тәуке ханның Ұлы даланы басқарудың негізгі ұстанымдары жеті жарғыда көрсетілді. Онда көрсетілген басты қағидалар жер мен елдің бірлігін сақтау, көрші елдермен тату тұру, рақымшыл, қайырымды болу, елге қауіп төндіретін іс-әрекеттерді жасаған жағдайда қатаң жазаланды. Олай болса, қазақ даласындағы сонау «Жеті жарғыдан» бері қарай келе жатқан ел болып қалудың ұстанымы әділ заң, әділ ел билеушісі болып келеді. Дала заңының озық демократиялық негіздері бүгінгі тәуелсіз еліміздің Ата заңында жалғасын тапты. Бұл да «Мәңгілік ел» идеясының нақты айғағы болып саналады.

Қазақ халқы мемлекеттілігінің сақталып қалу жолында ел басқарушылардың жанында ақылгөй, данышпан билері болды. Олардың әрбір айтқан сөзі мәңгі өлмейтін, рухани құндылық болып саналады. 1718 жылы Тәуке ханның қайтыс болуымен Қазақ хандығының классикалық кезеңі аяқталды. Отаршылдық заман қазақ халқының басына түссе де, мемлекетті, халықты сақтап қалу мәселелері қазақтың ауыз әдебиетінде, хандардың саясатында, би-сұлтандардың іс-әрекеттерінде өз жалғасын тапты.

«Мәңгілік Ел» идеясының Ресей отаршылдығы заманындағы жалғасуы қазақ хандығы тұсындағы тарихи сабақтастығын түсіну үшін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің рухани мұраларын оқып білу керек. Қазақ халқының басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясатты жүргізген Абылай ханның саясатында Төле бидің қызметі орасан болды.

 «Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол.
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол.
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол.
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала,
Өзегің талса, өзен бойын жағала,
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол,
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол.
Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі.
Өзіне келер ұятын,
Өзі біліп тұрса игі.
Жаудан бұққан немені,
Ортасына қуса игі… », — деп жырлады.

Ел қамын ойлаған ұлы би артында қалдырған нақыл сөздерінде: ең қымбаттысы — ар сақтау, бәрінен ардақтысы — өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық…» деген. Атақты Төле бидің осы сөздерінен түйетін ойымыз: атаның ғана баласы емес, халықтың баласы болу, озық ата-салт дәстүрге адал болу, яғни елін, жерін қорғай алатын азамат болу, адамгершілік арды сақтау, ұлтыңның намысын қорғау.

Қазыбек бидің айтқан мына сөздерінен:

 «Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм-тұзды ақтай білген елміз»,

— деп, қазақ халқы ежелден-ақ бейбітшілікті жақтайтын, достыққа адал, елінің құт-берекесін сақтау үшін туған жеріне қауіп төндіретінді аямайтын батыр халық екендігін және басқаларыменен терезесі тең тұратын халық болғандығы көрінеді. Және осы ұстаным қазақ халқының «Мәңгілік Ел» идеясының принциптеріне кіреді.

Әйтеке бидің «Өмірім — халқымдікі, өлімім ғана өзімдікі. Бай болсаң, халыққа пайдаң тисін, Батыр болсаң, дұшпанға найзаң тисін…», — деген рухани бай қанатты сөздерінің астарында да «Мәңгілік Ел» болып қалатын халықтың ұрпақтарына арналған өсиет жатыр.

(Жалғасы бар)

Н. А. БЕЙСЕНБЕКОВА,
«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,
т.ғ. к., доцент