Рухани жаңғырудың алтын тұғыры

Рухани жаңғырудың алтын тұғыры

(Жалғасы)
Ұлы Дала елінің даналығы — рухани жаңғырудың алтын тұғырының бірі — Ахмет Яссауидың «Даналық кітабы» (Диуани хикмат).

Ахмет Яссауи Сайрам қаласында туған. Ол түркі тілдес халықтардың аса көрнекті ақыны, есімі ислам әлеміне танымал болған ойшыл қайраткер. Ол әділдік жолына түсу, ақиқатты іздеп табу, адамның рухани өмірінің таза болуы сияқты құбылыстарды ислам дінінің шарттары арқылы түсіндіруге әрекет жасады. Соның өзінде ақын әлеуметтік қайшылықтар мен теңсіздіктерді сынап, халық мүддесін ескергісі келмеген тәкаппар жандарды әшкерелеп отырады. Халықты ізгі қасиеттерге, адамгершілікке үндейді:

«…Әділетсіз залым патша болғаны-ай,
Ордасына өңшең қудың толғаны-ай.
Бірін-бірі жиналысып, қолпаштап,
Су төгілмес жүр ғой бәрі жорғадай…».

Ғұлама ғалымдар мен жағымпаз жандар туралы былай дейді:

«…Білгірі заман ақыр залым болды,
Жағымпаз жан алғыштар ғалым болды,
Сойқанды елге ашық айта алмаудан
Ішіме менің дертті жалын толды…»

Сонымен қатар ақын өмірде ақиқаттан артық қасиет жоқ деген қорытынды жасайды.

«…Қожа Ахмет, басыңды елге ие біл,
Ақиқатты ары таза сүйе біл.
Дүниеқорлар кетсін бықсып өзімен
Халық қана дүниеге ие бұл.
Арыңды сақта, болсаңда малға кедей…»,

яғни, ол адам бойындағы ізгі қасиеттерді мадақтап, оларды әділ, мейірімді, сабырлы, жомарт, кішіпейіл болуға шақырады. Оның жырлары бүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ мұра, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, рухани қазына ретінде өмір сүріп келеді. Оның дәлелі бүгінгі киелі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі — адам баласының рухани тұрғыдан жаңаруына күш беретін қасиетті орын, киелі жер.

(Жалғасы бар)

Н. А. БЕЙСЕНБЕКОВА,
«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,
т.ғ.к., доцент