Рухани жаңғырудың алтын тұғыры

Рухани жаңғырудың алтын тұғыры

(Жалғасы)

Ұлы Дала елінің білімді «құт» деп таныған тұлғасы Жүсіп Хас Хажиб Баласағұн болған. Ол ХІ ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі күллі шығыс елдеріне танымал болған данышпан-ойшыл.

Оның «Құтты білік» дастанында мемлекетті қалай басқару керек, оның ішкі және сыртқы тәртібін сақтап отыру үшін қандай заң-ережелер қажет, елді басқаратын патша мен сарай қызметкерлері, қоғам мүшелері арасындағы өзара қатынас қалай болу керек деген сұрақтарға жауаппен қатар, мемлекетті басқару әдістерін, адамгершілік қағидаттарын, қоғамдық-саяси мәні бар түрлі ережелер мен заңдарды, әдет-ғұрыптар нормасын табуға болады. Бұл дастан – түркі халықтарының ортағасырлық қоғамдық-саяси өмірінен, тарихынан, ғылымы мен әдебиетінен мол деректер беретін шығарма және сол кездегі елдегі Ата заң — Конституция қызметін атқарған.

«Құтты білік» дастанының басты идеясы төрт принципке негізделген: Мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы; Бақ-даулет, яғни елге құт қонсын деген тілек; Ақыл-парасат; Қанағат-ынсап. «Құтты білік» дегенде айтылатын «білік» — «білім»,«билік ету», «басқару», ал «құтадғу» — «құт», «бақыт», «мәртебелі» деген мағынаны білдіреді.

Жүсіп Баласағұн ел басқарған әкімдерді жаман қылықтардан сақтандырады:

«…Бек халықты тек білікпен сендірер,
Барлығын да ақылына жеңдірер.
Бек дегенің білікпенен берік тұр,
Білік кетсе, бек қалады – желік құр…
Халыққа жақ, көңілі тоқ, көзі тоқ,
Ойы – терең, тілі – майда, сөзі – шоқ…
Егер бегі қиянатшыл сұм болса,
Халқы сорлап, күн көре алмас құл да онша.
Зұлым күшпен бек ұзаққа бармайды,
Күш-зорлыққа халық шыдап қалмайды.
Елді дана келсе ұзақ билегің,
Заңды ұстап бұрсын елге бүйрегін!
Қара ішсе – малы желге ұшады,
Ішкіш бектің тозар елі құсалы!»

Алайда ел басқарған адам қанша зерек, қанша іскер болса да күллі мемлекетті, барша істі жалғыз өзі ойдағыдай басқара алмайды. Мемлекеттің күш-қуатын нығайтып, ұлыстар мен кенттерді гүлдендіре түсу үшін әкімшілік нығайып, ел дәулеті еселеп артуы үшін патшаға істің көзін білетін адал, білімді көмекшілер керектігін көрсетеді.

«Ұлы уәзір (хажип) адал болсын, ақ болсын,
Дінге берік, ақиқатқа жол болсын!..
Тегі асыл боп, ізгі жаны ашылсын,
Күн мен айын елін ойлап батырсын…
«Он нәрсе бар хажиптыққа керекті,
Ақыл, ажар, тіл, бой, білік, зеректік.
Жіті жанар, сақ құлақ һәм кең пейіл,
Құлық-қылық осыларға тең келер»
Заңды Хажип бұлтартпаса басынан,
Ел алдынан құт қақпасы ашылар».

Бас уәзір (хажип) – әмірші-қағанға ақыл қосатын кеңесші, ол мемлекет заңдары мен сол елдің әдет-ғұрпының дұрыс орындалуын қадағалап отырады. Сондай-ақ ұлы уәзір – қазына ісін басқарушы адамға, сарайда қызмет ететін хат көшірушілер мен қолөнершілерге патша атынан әмір береді, елшілерді қабылдап, шығарып салып отырады, ресми түрдегі салтанатты жиындардың заңға сәйкес өтуін қадағалайды, әрі кедейлер мен жетім-жесірлердің арызын тыңдап, оны ел басқарушысына жеткізіп отырады деп жазған. Сонымен қатар ол өз дастанында мемлекет басқарудағы елшілер туралы да айтады:

«Елші ерекше, барлық елдің сарасы,
Артық біткен білім, ақыл-санасы.
Құдайдың ең асыл құлы – елшілер,
Ізгілерде ақылды, ұлы – елшілер!
Талай ізгі істі солар тындырар,
Ақылымен жауыздықты сындырар.
Жасқау керек қиялымен жасынды,
Тілге шешен, болу керек ақылды…
Елші ердің төрт құбыласы тең болсын,
Елде – кісі, сыртта бүтін ел болсын!»

– деп елші болатын адамға осындай жан-жақты әрі жоғары талаптар қойған.

«Құтты білік» дастанында ғалым адамдармен қалай сөйлесіп, қалай ақыл-кеңес алу керектігі айтылады.

«Тағы бір топ ғалымдар мен даналар,
Ілім беріп, халық жолын саралар.
Құрмет қылып қадірле сөз, түйгенін,
Көп пе, аз ба білімдерін үйренгін.
Солар жарар-жарамасты парықтар,
Пәк турашыл жолды тұтып, анықтар.
Олардан сен үйрен, тырыс, білім біл,
Жақсылықты жаса, таратып тіліңді.
Хақихат, дін зердеге сап жаттары,
Білімдері-шын шариғат шарттары.
Ғалым, дана болмағанда жаһанда,
Жерде игілік өнбес еді қашанда.
Білімдері шырақ болды халыққа,
Түн жолы да адастырмас, жарықта…».

«Мәңгілік Ел» идеясының өміршеңдігі қазақ мемлекетінің рухани, экономикалық дамуының нәтижесінде ғана болады. Экономикалық, рухани жағынан жақсы дамыған, әділ заңы болған ел ғана мәңгі өлмейтін ел болатындығын өз заманында Жүсіп Баласағұни былай деп көрсеткен:

«…Біл, әділ заң – басқарудың тұғыры,
Бегі әділ ме?! Берік елдің жұлыны!
Бек елінде тура заңды ұстаса,
Бар тілекке жетер қолы қысқасы…
Тағы бір топ ғалымдар мен даналар,
Ілім беріп, халық жолын саралар.
Қатты сүйіп, қадірлесе сөз, түйгенін,
Көп пе, аз ба білімдерін үйренген…»

«Құтты біліктің» негізгі мақсаты жер бетінде әділетті басқару мен мықты бір мемлекет жүйесін қалыптастыру болған.

«Құтты білік» дастанында «елдің (халықтың) әкімдерге» қоятын және «әкімдердің елге» қоятын талаптары көрсетіледі. «Әкім, халықтың сенде үш түрлі ақысы бар: сен ақысын төле. Бұл ақының бірі: ақшаның нарқын көтеру, ақша құрамындағы алтын мен күмістің үлесін арттыру әрі оның төмендеп кетпеуін қадағалап отыру. Тағы бірі: ел үшін сенімді, берік және әділ заңдар шығар, мұны ел сенен күтеді. Үшіншісі: жолдарды қарақшылардан, адам өлтірушілерден тыныш етіп, сақтай біл». Ақынның осы ұстанымының бүгінгі мемлекет басқарудағы өзектілігі өте жоғары.

Сонымен бірге ол «әкімдер елге» мынадай үш талап қоюға құқығы бар деп есептеген: «Елдің көсемі, халықтың өзіңе қойған үш талабын орындағаныңнан кейін, өзің де халықтан төмендегі үш нәрсені талап етуге құқықты боласың: бірі – сен қандай жарлық шығарсаң да жұрттың бәрі оны сөзсіз тез орындауы керек. Екіншісі – мемлекет салықтарын өз уақытында жомарттықпен мемлекет қазынасына тапсырып тұрсын. Үшіншісі – бүкіл халық досыңа – дос, дұшпаныңа – дұшпан болу керек». Мемлекет пен халықтың арасындағы тікелей байланыстың маңыздылығын көрсетуі де бүгінде өміршең ұстаным бола алады. Бұндай талаптар мемлекеттің күшеюіне, заңды құрметтеуге ықпал етеді.

Жүсіп Баласағұн оқыған, парасатты, білімді адамдардың, ғалымдардың ел басқару ісінде, ел-жұрттың талап-тілектерін жүзеге асыруда патшаларға, түрлі дәрежедегі әкімдерге, бектерге ұдайы ақыл-кеңес беріп көмектесіп отыруын және ел билеушілердің білімді адамдардың ақыл-кеңесін тыңдап, соған сәйкес елге билік жүргізуін басты шарт деп санаған. Жүсіп Баласағұн еңбегінде мораль, этика, әдептілік, тәлім-тәрбие, өсиет-ғибрат, жақсылық пен жамандық, әдептілік пен дөрекелік, шындық пен өтірік, аңқаулық пен аяушылық мәселелері қарастырылған. Бұл ұстанымдар ХХІ ғасырда да өзекті болғандықтан, қазіргі билік басында отырғандардың үстелінің үстінде «Құран» кітабындай жату керек.

Сонымен қатар оның шығармасында жақсы мінез-құлық, әдептілік, кішіпейілділік, ең алдымен адамның тәлім-тәрбиесіне байланысты да құнды пікір айтылған. Жас нәресте өмірге келісімен-ақ оны тиісінше тәрбиелей бастау – әке-шешенің қасиетті борышы. Жастарды өркөкірек, тәкаппар, қуыс кеуде болудан көбірек сақтандырып, кішіпейілділік – үлкенге де, кішіге де бірдей жарасатын қымбат қасиет деп ескертеді:

«… Кісілік қымбат емес, кішілік қымбат.
Ұлық болсаң, кішік бол»,

– деп әдептіліктің сан түрін жазып, солардың ішіндегі ең бастысы – тіл әдептілігі деген қорытынды жасайды.

«Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,
Қор қылар тіл, кететұғын бас болар…
Қалар мұра – сөз, кісіден кісіге.
Сөзді мұра тұтсаң пайда ісіңе…».

Сонымен қатар ақын білімді де өте жоғары бағалаған.

«…Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын,
Білім – жарық, нұрын саған шашатын…
Білім – байлық, азаймас һәм жоғалмас,
Еш қарақшы, ұрыға да тоналмас!
Ақыл, білім бейне кісен кісіге,
Кісенді ашып бармас қылмыс ісіне»,

– деп ғалымдарды мадақтап, олардың орны әрқашан да төрде болуы керек дейді. Ал жоғары қызметке ие болып жүрген білімсіз, қараңғы, надан жандардың төрден алған орнының өзі босаға секілденіп қалатындығын айта келе:

«Наданға төрден орын тисе, қор етеді,
Данышпанға босағадан орын тисе, төр етеді»,

– дейді.

Сонымен Жүсіп Баласағұн қоғамдық әлеуметтік көзқарасында үлкен прогрессивтік маңызы бар ағартушылық, моральдық, этикалық принциптерді жырлап, оларды әлеуметтік мәселе ретінде көрсете білген тарихи тұлға. Оның «Құтты білік» дастанының әдеби, ғылыми, рухани маңыздылығы бүгінде өз тарихи құндылығын жойған жоқ. Жақсы мінез-құлық, тәлім-тәрбие, әдептілік жайлы айтқан қанатты сөздері қашанда біздің санамыздың рухани жаңғыруының берік тұғыры болып қала бермек.

(Жалғасы бар)

Н. А. БЕЙСЕНБЕКОВА,
«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,
т.ғ. к., доцент