Рухани жаңғырудың алтын тұғыры

Рухани жаңғырудың алтын тұғыры

(Жалғасы)

«Әлемнің екінші ұстазының рухани байлығы» деген ұғым 870—950 жылдар аралығында ежелгі Отырар қаласында туған әл-Фараби есімімен байланысты. Дүние жүзі оны «Шығыстың Аристотелі» деп таныған. Ол Платон, Аристотель сынды философтардың шығармаларына терең ойлы трактаттар мен түсіндірмелер жазған.

Әл-Фараби «Ақылдың мәні туралы трактат», «Данышпандықтың інжу-маржаны», «Ғылымдардың шығуы», «Философияны оқу үшін алдымен не білу керек», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» («Поэтика», «Риторика», «Софистика» т. б.) атты еңбектерімен әлемге танылды. Оның әлеуметтік-қоғамдық және этикалық көзқарастарын танытатын еңбектері «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жайында» деп аталады.

Ол өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты кітабында қоғамдық, әлеуметтік, этикалық мәселелерді талдайды. Мұндағы «қала» деп отырғаны – мемлекет. Қала әкімдеріне қажетті адамгершілік қасиеттер туралы, әрбір адамның бақытқа жетуі үшін бүкіл қоғам болып бірігіп тіршілік ету керектігін жазады. Жақсы әкім – әділ, инабатты, мейірімді, жан-жақты білімді, жақсылыққа жаны құмар, жамандықтан жиіркенетін, батыл, жомарт, өнер мен әдебиетті сүйетін адам болуы тиіс деп мемлекет басқаратын адамға биік талаптар қояды. Сонымен қатар ол өз еңбектерінде қоғамда адамдардың емін-еркін, азат өмір сүретін, қоғам мүшелерінің бәрі тең, бірін-бірі құрметтейтін бақытты қоғам болуын жазады. Оның пікірінше, бүкілхалықтық бақытқа жетудің бірден-бір жолы – ғылымды, білімді игеру.

Əл-Фараби қаланың басшылары мен билеушілерінің түрлерін көрсеткен:

  • Әділетті заңдар болса, онда мемлекетті басқарудың ісін жетілдіруге мүмкіндік болады;
  • Заңға лайық билеуші, ал оның басқаруы заңды басқару деп аталады;
  • Басшылар — заң бойынша қойылуы керек;
  • Ел басқарушы əкімдер өздерінің жұмысында алдымен халық үшін игі істерді көп жасаса, қала-мемлекеттің өркендеуіне жол ашылады;
  • Нағыз əкім ол — бірінші басшы: дана, көреген, өз ісінің әділдігіне халықты қалтқысыз сендіруші, соғысты жүргізе алатын қабілеті жəне ел қорғаудағы сыртқы саясатта кемшілігі болмауы керек;
  • Мұның бəрін өз бойында ұштастыратын адам болса, оларды жұрт жақсы басшылар жəне қадірлі адамдар деп атайды, ал олардың басқаруы ең қадірлі адамдардың басқармасы деп аталады.

Ұлы гуманист соғыстарға, ел-жұртты тонауға, тақ пен тәж үшін болған қан төгістерге, әділетсіздікке қарсы болып, адамның еңбекке, білімге, бейбіт өмірге деген құқығын қорғаған. Сонымен қатар әл-Фараби өз заманының мықты ақыны болған. Оның «Өлең» деген кітабынан бүгінгі заман адамдарының таным-тәрбие алатын жолдары бар:

«Бауырым, сен теріс жолға түскен жандарға ерме,
Олардан аулақ жүр,
Қашанда әділдік жағында бол…
Түкке тұрғысыз атақ-даңққа таласып,
Қашанға дейін бір-бірімізді азаптай береміз…
Қашықтасың туған жер – қалың елім,
Не бір жүйрік болдырып жарау деген.
Шаршадым мен
Қанатым талды менің
Шаңыт жолға сарылып қарауменнен…
Зиялыаз біртұтам тіршілікте,
Әкімдікке күллісі жүгіреді.
Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,
Жаным менің түршігіп, түңіледі…»

Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби:

«Кімде-кім хикмат (философия, даналық) білімін оқып үйренуге кіріспек болса, ол ең алдымен жас болуы, ниеті дұрыс, әдепті, қайырымды адам болуы керек. Ондай кісі адамдарға мейірімді, таза, адал болуы, азғын қылықтардан: күнә, қиянат, зұлымдық пен аярлықтан таза болуы тиіс. Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойламауы қажет. Хикмат білімін оқып үйренуге кіріспек болған адам білімді де, ғалымдарды да құрмет тұтатын кісі болуы шарт».

Сонымен Ұлы Дала елі — әлемдік ғылымға маңызды үлес қосқан, басқа елдің тарихында да ерекше рөл атқарған есімі әлемге танымал тұлғаларды тудырған ұлылардың мекені. Оның шығармаларын бүгінгі күнгі өмірмен сабақтастыра оқып, тану арқылы жастардың санасына ұлтжандылықты, отансүйгіштікті, туған жерді құрметтеу, адалдық деген адами қасиеттерге тәрбиелеуге негіз бола алады. Өйткені ол «Тәрбиесіз берген білім — адамзаттың қас жауы» деген өсиет қалдырған.

(Жалғасы бар)

Н. А. БЕЙСЕНБЕКОВА,
«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,
т.ғ. к., доцент