Рухани жаңғырудың алтын тұғыры

Рухани жаңғырудың алтын тұғыры

(Жалғасы)

VII-VIII ғасырлардағы Қорқыт ата мұрасы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тұғырының бірі.

«Қорқыт ата кітабы» — түркі тектес халықтардың тарихын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ақындық дәстүрін білдіретін тарихи мұра. «Қорқыт ата кітабының» екі қолжазба нұсқасы бар. Бірі – Германиядағы Дрезден қалалық кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақтаулы. Екіншісі – Ватикандағы (Италия) Аростолика кітапханасында сақталып келеді. 1922 жылы «Қорқыт ата кітабын» В. В. Бартольд орыс тіліне аударды.

Қорқыт ата туралы аңызда Қорқытты жүйрік желмаясына мініп, халқына мәңгі жасайтын жерұйық іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші қайсар жан ретінде суреттейді. Өмірінің соңында «өлмейтін нәрсе жоқ» деген қорытындыға келген. Сондықтан Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді. Шындығында, оның күйлері, ұлағатты ғибрат сөздері мақал-мәтелге айналып кеткен, өлең жырлары ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра ретінде жетіп, мәңгілік рухани қазынаға айналды. Оның күмбезі шамамен IX-X ғасырларда салынған. 1980 жылы ұлы күйшіге ғажайып обелиск орнатылды. Қорқыт ата мазары қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында орналасқан.

Ұлттық тәрбие беруде Қорқыт атаның «ер жігітке қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес; тозған мақта бөз болмас, ежелгі жау ел (дос) болмас; анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман; ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ» деген нақыл сөздері бүгінде мәнін жоймаған тұжырымдама десе болады.

(Жалғасы бар)

Н. А. БЕЙСЕНБЕКОВА,
«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,
т.ғ.к., доцент