Әлемді кітаппен таны

Әлемді кітаппен таны

Кітап — адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» — деуі осыдан.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске асырылуда. Осы жоба асында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры құрылды. Мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы Қазақстанда бұрын-соңды іске аспаған. 100 оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғары білім беру орындары, ғылыми орталықтар және оқулық шығаруға маманданған баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатылды. Кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми зерттеу және баяндау әдістерін игеруге зор мүмкіндік береді.

Тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, инновация ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайлар жасалуда. Осы жоба аясында Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ университетінің кітапханасына барлығы 49 атауы бар басылымның 10 650 данасы келіп түсті. Оқулықтар туралы кітапханамызда әртүрлі таныстыру шаралары өткізіліп, яғни әдебиеттерге шолулар жасалып, кітап көрмелері қойылып, жедел ақпараттар таратылып, студенттер мен оқытушыларға жан-жақты ақпарат берілуде. Оқулықтар авторлары әлемге танымал беделді ғалымдар. Кітаптар Ұлыбритания, Франция, Ресей, Швейцария, АҚШ елдерінің үздік еңбектері болып табылады.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітаптар ғалымдар мен болашақ филолог мамандарға таптырмас оқу құралы. Жарық көрген әлемнің үздік туындылары студенттерге жаңа сапалық деңгейде білім беруге жол ашады.

Янсон Торе. Тіл тарихы: Кіріспе. Торе Янсон 2000 жылы зейнетке шыққанға дейін Гетеборг университетінде шығыс және африка тілдерінің профессоры болды. Оған дейін дәл осы университетте латын тілі профессоры және латын тілі тарихының әлемдік сарапшысы ретінде қызмет атқарды. Халықаралық бестселлер авторы.

Бұл кітапта тілдердің жалпы даму тарихы баяндалады. Тілдердің қалыптасуы, оның жойылуы, олардың тағдыры әр қилы, тілдерді қолданатын халықтың тіршілігімен тікелей байланысты. Тіл мен тарих бір-бірімен сабақтаса байланысқан егіз құбылыс. Оқырман қытай, грек, араб, латын, ағылшын, испан, португал, мысыр, герман және славян тәрізді кең тараған ірі тілдермен қатар, африка тайпалары мен австралиялық бушмендер сөйлейтін хойсан және банту тобындағы ұсақ тілдердің пайда болу тарихы мен сыр-сипаты туралы ақпаратты ала алады. VI бөлімдегі тарауларда тілдердің болашағы, оның ішінде ағылшын тілінің халықаралық тіл ретінде заманы туып тұрғандығы, оның шарықтауы жайында, қытай тілі мен Қытайдағы ағылшын тілі жайында талқылайды. Сонымен қатар кітапта айтылған оқиғалары мен іс-әрекеттері көрстеліген хронология мен оқулықтағы ұғымдардың ағылшынша-қазақша сөздігі берілген. Бұл еңбек жоғары оқу орындарының тарих, лингвистика және шет тілдері факультеттері студенттеріне оқулық ретінде арнайы жазылған.

Фромкин В., Родман Р., Хайамс Н. Тіл біліміне кіріспе, 10 басылым, Халықаралық басылым. Америка тілшілері қоғамының президенті Виктория Фромкин бастаған ғалымдар тобының «Тіл біліміне кіріспесі» тілдік өзгеріс, тілді меңгеру, жазба тілдің негіздері, тіл және адам миы сияқты мәселелерді жаңаша талдайды. Еңбек келешек филолог мамандарға, шет тілі филологиясын оқитындарға, жалпы оқырман қауымға лингвистика ғылымы жөнінде алғашқы мағлұмат береді. 12 тараудан тұратын кітапта тіл ғылымы, фонетика, грамматика, морфология мен синтаксис мәселелері баяндалады. Кітаптың 10-шы басылымы болғандықтан, онда елеулі толықтырулар мен жаңалықтар бар. Мұнда тіл мен тілді пайдалануға қатысты көкейкесті мәселелерге де жауап таба аласыздар. Басылымдағы жаттығулар студенттердің материалдарды қаншалықты игергенін тексеруге мүмкіндік береді.

Редакторлардың айтуынша. кітаптағы кейбір эпиграфтар мен мысалдар, кестелер мен кейстер түпнұсқа тілде берілген. Мысалдарды талдау және сөздердің маңызын жоғалтпау үшін оларды ағылшын тілінде қалдырған. Терминдерді де түпнұсқа тілінде қалдырған. Өйткені ағылшын тіліндегі дыбыстардың кейбір қасиеттері қазақ тілінде басқаша немесе тіл дыбыстарына қатысты кейбір анықтамалар қазақ тілінде мүлдем жоқ. Дегенмен олардың қазақша мағыналары да келтірілген.

Тер-Минасова С. Г. Тіл және мәдениетаралық коммуникация.

Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты оқулығы түрлі ұлт және мәдениет өкілдерінің өзара ұғынысып, тіл табысуы үшін не маңызды екенін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Мәдениетаралық коммуникация — бүгінде кез келген салада қызмет ететін маманға, әр адамға қажетті жаңа пән. Кітап тілшілерге, дипломаттарға, әлеуметтанушыларға, психологтар мен мәдениеттанушыларға, сондай-ақ қызметі мен күнделікті өмірде ұлтаралық және мәдениетаралық коммуникация мәселелерімен бетпе-бет келетін көпшілікке арналады.

Әдебиет теориясы: Кіріспе. Кітап авторы Майкл Райан АҚШ-тың Темпл университетінің кино және медиаөнер профессоры. Бірнеше кітаптың авторы, екі романның авторы. Бұл еңбек АҚШ пен Англияда үш рет басылып шыққан. Әдебиет пен мәдениеттің формализм, структурализм, тарихи, этностық, гендерлік және ғылыми таным тәрізді күрделі мәселелеріне қатысты қазіргі заманғы көзқарастар тұрғысынан жан-жақты зерделенген материалдар енген.

Әдебиет теориясы: Антология. 1-том.. Бұл оқулық қазақ оқырмандарын әлемдік әдебиет теориясының тың зерттеу бағыттарымен таныстырады. Шығарманың мазмұнын зерттеп қана қоймай, оны тілдік тұрғыдан талдаудан сан қырлы әдістерімен сараланған мақалалар — біздің сыншыларымыз бен оқырмандарымыз үшін де таптырмас үлгі. Сонымен қатар бұл еңбекте телевизиялық сериалдарды талдаудың айрықша зерттеу тәсілдері де сөз болады.

Автор Джули Ривкин — америкалық белгілі әдебиет сыншысы, Коннектикут колледжінде (АҚШ) ағылшын тілінен, Америка әдебиетінен және «Қазіргі кезеңдегі жазушы әйелдер», «Әдебиет теориясы» пәндерінен дәріс берген. Бірнеше еңбектің авторы.

Әдебиет теориясы: Антология. 2-том. Кітап постструктурализм ағымы жан-жақты саралауға арналған философиялық толғамдарға және оның әдебиетпен, тіл білімімен, психологиямен арақатынасына арналады. Әр бөлім жеке бір әдеби шығарманы талдауға арналған қос тараумен тиянақталады. Жан-Жак Руссодан бастап, Нобель сыйлығының лауреаты Элис Монроға дейінгі жазушылардың шығармашылығына қатысты сан алуан қызықты пікірлер айтылған.

Әдебиет теориясы: Антология. 3-том. Еңбек үлкен екі бөлімнен тұрады. Әр бөлім бірнеше тарауларға бөлінген. Атап айтқанда, еңбек мәселесі, мемлекет пен идеология, тарихшылдық, тарих философиясы, құрылымдар, ориентализм, отарлық, жаһандану, мәдени бірегейлік пен диаспора, аударма, эмпиризм, этика тәрізді ауқымды мәселелер теориялық тұрғыдан жан-жақты зерделенеді.

Уилиям Шекспир, Елизабет Бишоп, Макс Жакоб, Джон Галт, Элис Манро сияқты белгілі қаламгерлердің шығармалары жаңаша пайымдалады.

Әдебиет теориясы: Антология. 4-том. Оқулықта XX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазірге дейінгі әдебиет теориясының қалыптасуы, даму бағдары және оған ықпал еткен факторлар туралы жан-жақты түсінік беретін америкалық және еуропалық ғалымдардың эсселері топтастырылған.

Антологияға енген мақалалар жиынтығы көркем әдебиеттің мазмұны мен құралымын, жанрлық сипатын, көркем шығармаларды аудиторияны қабылдау ерекшеліктерін қайтадан пайымдауға, билік пен идеология табиғатын, этносаралық қарым-қатынастарды, халықаралық байланыс саласындағы жаңа тұжырымдарды, әлемдегі постотарлық ахуалды тыңнан зерделеуге жол ашады.

Еңбектердің әр тақырыптық бөлімі түбегейлі редакциялық түзетуден өткен, әдебиет пен мәдениеттанудың негізгі ұғымдары мен терминдерін молынан қамтитын глоссарий енгізілген.

Оқулықтар әдебиеттану мен лингвистика, сондай-ақ гуманитарлық мамандықтардың студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына, философтар мен мәдениеттанушыларға, жалпы оқырман қауымға арналған.

Бүгінгі күні еңбектер ғалымдардың талқылауында болды, аударма сапасы, жаңа ғылыми ұғымдар, терминдер қолданысы, бір топ батыс әдебиетшілері дайындаған еңбектің мазмұны мен құрылымына және оларды оқу бағдарламасына енгізу туралы мәселелерге кеңінен тоқталды. Ғалымдар мен әдебиетшілер бұл еңбектердің қазақ тіліне аударылуы қазақстандық әдебиет саласы мен ғылыми ортаның дамуына, тіліміздің заманға сай әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті. Ғалымдар осыншама тыңғылықты ізденістер мен жинақталған материалдар негізінде жалпы көлемі 5 кітаптан тұратын оқулықтар кешені біздің әдеби ортаға үлкен олжа болғанын айтуда.

«Ұлттық аударма бюросы» осы күнге дейін аударылған кітаптардың негізінде ғалымдар мен редакторлар 8 мыңға жуық сөздің глоссарийін жасады. Бұл — өте ауқымды шаруа.

Оқулықтардың барлығы шетелдік беделді жоғары оқу орындарында, яғни Оксфорд университетінде, Кембридж университетінде, Харвард университетінде, Станфорд университетінде, М. В. Ломоносов атындағы ММУ, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде, Э. Бауман атындағы ММТУ-де және тағы басқа жоғары оқу орындарының оқу үрдісінде пайдаланылуда.

Құрметті оқырмандар, кітапханаға келіңіздер, оқиық, ойланайық, толғанайық!

ҚарМУ ғылыми кітапханасы