Латын әліпбиін насихаттау жалғасын табуда

Латын әліпбиін насихаттау жалғасын табуда

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесін күн тәртібіне қойғаны белгілі. Мақала жарық көрген күннен бастап, осы мәселе қоғамда кеңінен талқыланып, латын әліпбиінің маңыздылығы, өзектілігі жан-жақты айтылды.

«Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ-ның Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығы өз жұмысын бастағаннан бері Қарағанды облысы бойынша қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі туралы түсіндіру жұмыстарын өткізуге атсалысып, жаңа қазақ жазуын меңгертуге қатысты іс-шараларды жүргізді.

Биылғы оқу жылының бекітілген жоспарында да Қарағанды қаласы білім саласы қызметкерлерімен бірге жаңа емле ережелерін меңгерту мақсатында онлайн семинар-тренинг өткізу; емле ережелеріндегі жаңалықтармен хабардар ету мақсатында Қарағанды облысы мектеп мұғалімдеріне арналған онлайн семинар өткізу; «Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ-ның профессорлық-оқытушылар құрамы арасында «Жаңа әліпбиді меңгердім» тақырыбында сайыс ұйымдастыру; әлеуметтік желіде «Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ-ның профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылар арасында латыннегізді қазақ жазуының өзекті мәселелеріне арналған жарияланымдары бойынша акция өткізу және «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ресурстық тіл орталығы» КММ-мен бірге өткізетін бірнеше іс-шара жоспарланған.

Аталған жоспарға сай профессорлық-оқытушылар құрамын қазақ жазуын латын графикасына көшірудегі жаңалықтармен хабардар ету мақсатында ZOOM платформасында «Латын әліпбиі: жетілдіру жұмыстары» тақырыбында онлайн дәріс өткізілді. Дәрісті Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығының жетекшісі, ҚР Үкіметі жанындағы Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобы мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мархаба Ахметқалиқызы Тұрсынова бастап, жаңа қазақ жазуының өзекті мәселелері туралы айтты және латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі және емле ережелеріндегі өзгерістер туралы, әліпбидегі жаңалықтар жайлы ақпарат берді. Дәрістен соң аталған орталықтың маманы, педагогика ғылымдарының магистрі Толқын Аманжолова тренинг өткізді. Тренинг жұмыстың әртүрлілігімен және латын графикасын меңгертудегі маңызды сәттеріне баса назар аударуымен ерекшеленді, қатысушыларға жаңа әліпби мен емле ережелері бойынша тапсырмалар берілді. Тренингке қатысушылар дәріс барысында алған ақпараттарды тәжірибе жүзінде пысықтап, латын әліпбиінде жазу, оқу дағдыларын қалыптастырды. Жазу немесе оқу машығын қалыптастыруда берілген тапсырмалар биылғы жылы 175 жылдығы тойланып жатқан ұлы Абайдың шығармашылығымен байланыстырылғаны семинар-тренингке қатысушылардың қызығушылығын оятты.

Дәріске қатысушылар айтылған мәселелер мен жаңалықтар төңірегінде ой бөлісіп, жаңа жазуға қатысты сұрақтарына жауап алды және пікірлерін ортаға салып, оң баға берді. Алдағы уақытта атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жалғасын таба бермек.

Толқын АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ,
Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығының маманы