Жаңа әліпби – жаңа міндеттер

Жаңа әліпби – жаңа міндеттер

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен ҚР Үкіметі жанындағы Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобының ғалымдары сәуір айының 20-24 күндері «Жаңа әліпби негізіндегі ұлттық жазудың жаңғыруы» атты онлайн дәріс өткізді. Дәріске еліміздің әр аймағындағы жоғары оқу орындарының филологтары, магистрант, докторанттары, Тіл басқармалары мен оқыту орталықтарының мамандарынан құралған 100 шақты адам білімдерін одан әрі жетілдіру мақсатында қатысып, әліпби тағдырына қатысты жаңа идеяларға толы тың ақпараттармен танысты. Сондай-ақ онлайн дәріс Фейсбуктың «ONLINEda bol» парақшасында да қолжетімді болып, дәріс жазбасы сақталған.

Онлайн дәрісті филология ғылымдарының кандидаты, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов; профессор, филология ғылымдарының докторы, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек; профессор, филология ғылымдарының докторы, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Нұргелді Уәли; профессор, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Зейнеп Базарбаева; профессор, филология ғылымдарының докторы, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Айман Алдаш; профессор, филология ғылымдарының докторы, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Құралай Күдеринова; филология ғылымдарының кандидаты, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Ләззат Еспекова; филология ғылымдарының кандидаты, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті Мархаба Тұрсынова; филология ғылымдарының кандидаты, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Орфография басқармасының жетекші қызметкері Гүлфар Мамырбек; филология ғылымдарының кандидаты, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжан оқыды. Көтерілген дәріс тақырыптарының барлығы қазақ жазуының латын графикасына көшірілуі мен жаңа жазудың орфографиялық және әдістемелік мәселелері төңірегінде болды.

Жоғарыда атап көрсеткендей, ЖОО-дан филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мархаба Тұрсынова да Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі болғандықтан онлайн дәріске қатысты. Мархаба Ахметқалиқызы «Жаңа жазудың әдістемелік мәселелері» тақырыбында дәріс оқып, бекітілген әліпби мен жетілдірілген әліпби нұсқаларын ұштастыра отырып, емле ережесіндегі өзекті мәселелерге тоқталды, орфографиядағы қиындық туғызатын кейбір мәселелерді меңгертудің тиімді жолдары жайлы өз ойымен бөлісті. Дәріс барысында тыңдаушылар сауатты жазу дағдысын қалыптастыруға арналған бірнеше әдіс түрлерімен танысып, әліпбиді меңгерту, дауысты, дауыссыз әріптерінің емлесін, қосымшалардың жалғануын, шеттілдік сөздердің орфографиясы мен орфоэпиясын меңгертуге арналған жұптық, топтық сипаттағы тапсырмалар арқылы баяндады. Білімді бақылау формалары диктант, тест алу, аудиодиктант, оқу шапшаңдығын тексеруге қажетті тапсырмаларды түрлі мысалдармен практикалық тұрғыда дәлелдей білді және осыған байланысты басқа да әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, жаңа жазуымыздың емле ережелеріндегі қиындық туғызып жүрген проблемалы сұрақтардың басын ашып берді. Қарастырылған сұрақтар, көтерілген мәселелер аясында Мархаба Ахметқалиқызының латын әліпбилі емле ережелерін үйретуде қалыптасқан жүйелі базасы бар екендігі анық көрінді. Осы ретте ғалымдар, қатысушылар тарапынан жаңа графикаға қатысты әдістемелік оқу құралын дайындау жөнінде ұсыныс білдірді.

Осылайша бескүндік онлайн дәріс өз мәресіне жетті, тың идеяларымен, әліпби ерекшеліктерімен, оқытудағы әдістерімен бөліскен ғалымдардың дәрісі көпшіліктің сұранысымен тағы да жалғасын табатын болды.

Бүгінгі таңда қолданыстағы латын графикалы жазуды жетілдіруге байланысты атқарылып жатқан іс-шаралардан көпшілік хабардар екені белгілі. Осы тұрғыда жаңа әліпби негізіндегі ұлттық жазуымызды жетілдіру мақсатында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде филолог ғалымдар мен тіл мамандары арасында кейбір дыбыстардың таңбалануына қатысты ашық талқылау өткізіліп, біршама қарқынды жұмыстар атқарылған болатын. Сонымен қатар жаңа әліпбидің нақты нұсқасы бекітіліп, емле ережесі толық өзгеріске енгеннен кейін Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығы Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығымен бірлесе отырып, әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Зерде» зияткерлік ойыны, қазақ графикасының дамуына, шеттілдік сөздердің емлесін меңгертуге арналған әртүрлі тақырыптардағы рубрикалар, тренинг, дөңгелек үстелдер өткізеді. Сондай-ақ, жаңа қазақ жазуының емле ережелерімен таныстыру мақсатында Қарағанды мемлекеттік университеті профессорлық-оқытушылар құрамына арналған көшпелі дәрістер өткізілетін болады.

Айым ЕГЕШОВА,
Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығының маманы