Әліпби мәселесі талқыға түсті

Әліпби мәселесі талқыға түсті

Үстіміздегі жылдың наурыз айының 5-ші жұлдызында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М. Әшімбаевтың латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жетілдіру жұмыстарын қорытындылау сатысындағы жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес филолог ғалымдар мен тіл мамандары арасында ашық талқылау өткізді. Отырыстың басты мақсатымен Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Г. Х. Қаңтарбекова таныстырды. Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығының жетекшісі М. А. ТұрсыноваОрфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және IT-cүйемелдеу жұмыс тобының бірлескен отырысында мақұлданған әліпбимен, сондай-ақ, өзгертуге қатысты тапсырмалармен таныстырып өтті.

Талқылауға профессорлық-оқытушылар құрамы, Қарағанды қаласындағы өзге де жоғары оқу орындарының ұстаздары, студенттер қауымы қатысып, әліпбиіміздің тағдырына бей-жай қарамайтындықтарын танытты. Аталмыш отырыс барысында қызу пікір-талас тудырып жүрген әріптер графикасына қатысты төмендегідей:

  • С әрпін әліпбиге енгізу;
  • енгізілсе, С әрпімен Ч дыбысын белгілеу;
  • С әрпімен Ц-ны белгілеп, Ç — мен Ч дыбысын белгілеу;
  • ұсынылған әліпбидегі Iɪ — i мен İi — мен и таңбалары ұқсас болғандықтан, шатастырмас үшін Ии-дыбысын Jj-мен,
  • ал Ẓẓ -мен Жж дыбысын белгілеу;
  • i мен İi — мен и дыбысын орындарын ауыстыру немесе сол қалпы қалдыру;
  • Ң – әрпін латында жоқ Ŋ-таңбасымен берген дұрыс па, әлде N әрпінің үстіне тильда немесе бревис қою арқылы таңбалау;
  • Ww, Xх, С таңбалары тек пернетақтада орналасу керек дегенді құптау, құптамау жайлы мәселелер көтеріліп, жан-жақты талқыланды.

Қатысушылар арасынан Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің профессор-оқытушылары, атап айтсақ, Ж. Қ. Смағұлов, Б. С. Рахимов, Б. А. Қалиев, Ж. Ж. Жарылғапов өз ойларын білдіріп, умлаутты әліпбиді қолдайтындықтарын жеткізді.

Көрсетілген сауалдарға қатысты қатысушылардың басым көпшілігінің ой ортақтығы басы артық әріптер таңбаларын алмау мәселесінде анық байқалды. Жоғарыда қойылған сұрақтардың, өткізілген талқылаудың нәтижесі наурыз айында толық шешім табады деген үміттеміз.

Айым ЕГЕШОВА,
Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығының маманы