«Педагогикалық ғылымдар» даярлау бағыты бойынша магистранттардың республикалық олимпиадасы

«Педагогикалық ғылымдар» даярлау бағыты бойынша магистранттардың республикалық олимпиадасы

Сәуір айында А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде «7М01-Педагогикалық ғылымдар» даярлау бағыты бойынша магистранттардың республикалық олимпиадасы онлайн форматта өтті.

А. Байтұрсынов атындағы ҚӨУ, Ө. Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институттың педагогика және психология кафедрасының басшылығымен ұйымдастырылған олимпиада 2 кезеңді қамтыды. 9 жоғары оқу орнының 14 командасы олимпиаданың көрігін қыздырды. Педагог кәсібінің маңыздылығын, кәсіби кредомен кәсіби акмеге жету перспективаларын ашатын 3-4 минуттық бейнефильмнен тұратын «Менің мамандығым — педагог» өзін-өзі таныстыру байқауы ұйымдастырылды. «Қазақстан Республикасы шектеу шаралары аясында мектеп оқушыларына білімдерін толықтыруға көмектесетін педагогикалық құралдар» тақырыбында ғылыми жобаны қорғау мультимедиялық презентация форматында ұсынылды. Ғылыми жобаны зерттеу білім алушылардың кең ауқымды дағдыларын дамытатын цифрлық интерактивті тренажерларды құрастыру және тиімділігін дәлелдеуді көздеді. «Ғылыми мақаланың пікірі» байқауында магистранттарға чат арқылы ғылыми мақала беріліп, интернет желісінің әр жағында бақылаушы магистранттардың іс-әрекетін бақылап отырды. Мақалаға сын пікір беру уақыты 40 минутқа созылды, сайысқа қатысушылар тапсырманы бағалау критерийлеріне сай орындап шықты.

Қорытындылау кезінде Республикалық олимпиада жеңімпаздары бірінші, екінші, үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталды. Эстафета бірінші орынды жеңіп алған Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда университетіне жолданып, жоғары оқу орнына 2022 жылы олимпиданы өткізуге ресми құқық берілді. Ал қарашаңырағымыз Қарағанды университетінің «Golden teachers» командасы бас жүлдені иеленді. Озық білімімен танылып, олимпиаданың тұғырынан көрінген 7М01300301 — Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі мамандығының 1 курс магистранты Сара Ризаны, 7М01200201 – Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығының 1 курс магистранты Айжан Асылбекті, 7М01902101- Дефектология мамандығының 2 курс магистранты Әсел Шашкенованы, 7М01902101 — Дефектология мамандығының 2 курс магистранты Жарқынай Олжатаеваны және ғылыми жетекшілері бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Баян Шаушекованы жеңісімен құттықтаймыз!

Педагогика факультеті