«Наурыз квест» республикалық сайысы

«Наурыз квест» республикалық сайысы

Қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен «Наурыз квест» атты ZOOM платформасында республикалық сайыс өткізілді.

Студенттердің қазақ тіліндегі коммуникативтік құзыреттіліктерін арттыру, мәдениетаралық коммуникацияны дамыту, қатысушылардың сөйлеу дағдысын жетілдіру, тілдік деңгейлерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған республикалық сайысқа Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің атынан «Скифтер» командасы, ал академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінен «Қырандар» командасы жарысқа түсті. «Ұлыстың қадам басқан ұлы күні» тақырыбында қатысушылар суреттерді сөйлетіп, Наурыз мейрамына қатысты сөздерді атап көрсетті. Топтық жұмысқа арналған сайыстың бұл кезеңінде студенттердің ұйымшылдықпен тапсырмалардың шешімін дұрыс тауып, жылдам шешуге ұмтылғандары байқалды. «Сиқырлы сандық сұрақтары» кезеңінде әр команда бейнежазба бойынша ұяшық таңдап, жасырылған сұрақтарға жауап берді. «Кім тапқыр?» кезеңінде екі командаға екі суреттен берілді. Студенттер суреттерді салыстыра отырып, айырмашылыған атап көрсетуде еш жаңылмады. «Наурыз көже» деп аталған соңғы кезеңде команда капитандары сайысып, HTTPS://KAHOOT. IT платформасында сұрақтарға жауап беріп, бақтарын сынасты.

Сайыс барысында Наурыз мерекесіне арнайы дайындалған презентациялар көрсетіліп, қажетті ақпараттар берілді. Сайыс қорытындысы бойынша академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Қырандар» командасы жеңіске жетті. Командалар дипломдармен, алғыс хаттармен марапатталды. Сайыс соңында команда жетекшілері, команда капитандары сайысқа оң бағаларын беріп, ризашылықтарын білдірді.

Загира ОРДАБАЕВА,
қазақ тілінің практикалық курс кафедрасының аға оқытушысы