Ала доп аламаны өтті дүбірлеп…

Бүгінгі күннің басты жаңалығы — мамырдың 19-28 аралығында Қарағанды университетінде көптен күткен дүбірлі дода — шағын футболдан чемпионат дүбірлеп өтті. Алғашқы ала доп аламанына ҚарУ-дың «футбол десе, ішкен асын жерге қоятын» қарулы оқытушылары мен қызметкерлері, докторанттары және аймағымыздағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен өнер адамдары қатысты. Қолдау танытып, шығармашылық адамдарының шашбауын көтеріп келген «Saryarka football team» және «BAQ football team» командаларына алғыс айтамыз.

Чемпионаттың ашылу салтанатына келген қадірлі қонақтарымыз — «Ә. Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі» КММ басшысы, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Ерден Халилин, Қазақстан футбол федерациясының төрешілер комитетінің мүшесі, Қазақстан футбол федерациясының төрешілік-сараптамалық комиссиясының мүшесі, Төрелік ету және қадағалау департаментінің ұлттық нұсқаушысы, жоғары ұлттық санаттағы төреші, Қазақстан Премьер-Лигасының инспекторы, Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының атқарушы директоры Николай Бублинский, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, кеңес футболшысы, қорғаушы, КСРО спорт шебері (1982), бапкер, функционер Пётр Асылбаев, белгілі атлет, армрестилинг бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қол күресінен Азия чемпионы, ҚР бес дүркін чемпионы, әлем рекордшысы Тимур Спатаев, «Шахтер-ҚарМУ» ФК бұрынғы ойыншылары Татьяна Мыльцева мен Татьяна Ткач жеребе тарту рәсімінің куәгері болды. Көрермен экстремалды жаттығулар бойынша әлем рекордын жаңартқан қазақ балуаны Тимур Даулетбақұлының өнерін тамашалады. Алып күш иесі адам толы үш жеңіл көліктің үлкенін тісімен, қос қапталындағы екеуін шынашақтай шынашағымен тартып, «BUKETOV UNIVERSITY — 2021» чемпионатында рекорд жаңартты.

Ашық асан астында күннің ыстығына қарамай ойынның қызығына берілген ойыншыларға қарап бір сүйсіндік. Ала допты ұршықша үйіріп, шаршы алаңда шапшаң қимылымен қорғанысты бұзып, қарсыластың қақпасына допты дөп түсірген майталмандар — легионерлердің тамаша ойын үлгісінен футболсүйер қатысушыларымыз сабақ алды. Әуесқой ойыншылардың арасында да сұрмергендер бар екен. Тепкен теңбіл добы ауа қармап қалмай, қақпаға қойып кеткен жарқын сәттер де көп болды.

Ауа райы тосын мінез танытпады. Мамырдағы құралайдың салқыны айналып өткендей. Шағын футболдың бұқаралық сипат алуы көпшілікті қуантты. Жанкүйерлер де жанын салып өз командасына қолдау танытты. Ойынның үшінші күнінде әкесімен ойын алаңына келген кішкентай балақай теңбіл допты теуіп, ойыншыларды одан әрі қанаттандырып жіберді. Түйіп айтсақ, бес күнгі ойынның көрсеткіші көңілден шықты. 1 орынға ие болған командаға 250 мың теңге, 2 орынға — 125 мың теңге, 3 орынға — 60 мың теңге жүлде қоры тағайындалды. Жеке номинациялар бойынша үздік қақпашыға, үздік қорғаушыға, үздік шабуылшыға, үздік сұрмергенге, үздік жанкүйерге 30 мың теңгеден үлестірілді.

Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі, ақын Жәлел ШАЛҚАР:

— Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ұйымдастырған шағын футболдан «BUKETOV UNIVERSITY — 2021» чемпионаты жоғары деңгейде өтуде. Бұған дейін де бұл аяқ доп додасы жайлы еститінбіз. Биыл «Saryarqa aqparat» медиахолдингі мен «SARYARQA» телеарнасы құрамасын қонақ ретінде шақырды. Ойынымыз жаман емес. Осы турнирден көп нәрсе үйреніп, тәжірибе жинақтаудамыз. Бұрыннан қоғамдық жұмысқа белсенді ҚарУ бұл жолы тағы да сол биігінен көріне алды. Университетте жаңа спорт нысандары ашылып, көптеген спорттық шара қолға алынуда. Ректор Нұрлан Орынбасарұлы үнемі елдің жағдайын ойлап жүретін аптал азамат. Осы турнир арқылы біраз дос арттырып, аралас-құралас болып жүрміз. Тек спорт қана емес, достық қарым-қатынасқа, рухани байланысқа таптырмас мүмкіндік. ҚарУ ұжымынан алдағы уақытта тағы да жақсы идеялар күтеміз. Арқаның еңселі білім ордасы, еліміздегі ең үздіктер қатарында. Бірлігіміз сетінемесін, елдігіміз бекем болсын!

Мәулен ЖАКИН:

— Иә, бәрінен де бұрын бұйығы түрде, өз ішімізде ғана, тек әр факультеттің бетке ұстар тұлғаларының әр жетістікті желеу қылып, ескі залда ғана ұйымдастырып жүрген «кішкене қуаныш әлемін» — мини-футбол жарысын мынадай таза ауаға, тамаша жасыл алаңға, ашық, әлемдік ақпарат кеңістігіне шығарғаны шынында да керемет серпіліс болды. «ҒАРЫШ»-«КОСМОС» болып тұр! Тартысты керемет ойындарын тікелей көре алмағандар өкініштен іштері ашып, артынан хабарын алып, кейінгі ойындарды үздіге күтетін күйге түсті. Айызымыз қанып тамашалаған ойындарда күнде сенсация! Бір күнгі ойынды көріп, өзіңше тон пішіп: «олай болады, былай болады» деп келсең, долбарыңның аяғын аспаннан келтіріп, жеңіледі деген команда ең мықты деп жүргенді ойсырата жеңіп немесе ең әлсіз деген команда сөзсіз чемпион деп кесіп-пішіп қойған командамен тең түсіп жатыр. Тура АПЛ-дың алдын болжатпайтын, ашық тартысты, тек ең мықтылары, намыс пен төзімнен жаралғандары ғана табиғи сұрыпталып шығатын атмосфера қалыптасты. Бұл, шынын айтсақ, өңіміз түгілі, түсімізге де кірмеген жағдай. Осындай керемет жарысты ұйымдастырған қарашаңырағымыздың басшылығына және әкімшіліктегі азаматтарға алғысымыз шексіз. Ойыннан алған әсер мен рух өмірдегі, шығармашылықтағы жетістіктерге себеп болуына жазсын!

Гүлнәр МАХАН