Қаныш Сәтбаевтың назары түскен қарақат тоғайы

Қаныш Сәтбаевтың назары түскен қарақат тоғайы

Қаныш Сәтбаев бала кезінде менің туған жерімде болған екен. Әкесі Имантаймен бірге Өкпе атамыз отырған Төре қыстауына (бүгінде Жарылғап ауылының дәл іргесіндегі Ортауыл қыстауы) келіпті. Немере атам Өкпе Дүйсенбайұлы әйгілі құсбегі болған. Бабы келген қыран құсты Сәтбай, Шорман әулеттеріне талай баптап берген көрінеді. Өкпе атамыздың әңгімесін тыңдап, ол кісінің ұлы Мұхамеджанмен біраз сырласып, серуендеп, Егіндібұлақ шілігінен қарақат теріп жеген екен.

Мұхамеджан атамыз Кәрімтай атамыздың бір туған үлкен ағасы. Бұл атамыз да өз заманының білгірі болған, Мұхтар Әуезов Алматыға академияға шақырғанда белгілі бір себептермен бара алмаған көрінеді. Содан уақыт өтеді, кешегі бала Қаныш үлкен ғалым, Ұлттық ғылым академиясының президенті атанады. Қайбір жылдары туған жері Баянауылға іссапармен келгенде ел-жұрты қошеметпен қарсы алады. Мұхамеджан атамыз Қанекенге бір шумақ өлеңмен алыстан дауыстап келіп сәлем беріпті. Қаныш бірден кім екенін тани алмай аңтарылып қалса керек. Мұхамеджан өзінің Өкпенің баласы екенін айтқанда бірден танып, Өкпе атамыздың қал-жағдайын, елдің жай-күйін сұрай келе, «Төре ауылындағы Егіндібұлақ шілігіндегі қарақаттар қалай, жайқалып өсті ме?» деп сұраған екен. Мұхамеджан атамыз өзі бала кезде дәмін татқан сол шіліктегі қарақатқа қазақтың Қанышы соншалықты көңіл бөледі деп ойламадым депті. Қаныш Сәтбаев тілге тиек етіп сұраған сол шіліктегі қарақат бүгінде жайқалып үлкен тоғайға айналды. Егіндібұлақ тоғайының қарақатын Жарылғап ауылының тұрғындары күні бүгінге дейін теріп жеп жүр. Ортауылдың дәл іргесінде орналасқан қайың терегі араласқан шілікті тоғай қазақтың Қанышының назарына осылай іліккен болатын. Қаныш Имантайұлы геолог болса да барлық салаға бірдей қараған. Ол кісі өсімдікке қаншалықты мән бергенін ел-жұрты жақсы біледі. Тіпті соғыс уақытында Мәскеуге барып, ботаника, зоология институттарын ашуға қолдау білдіруін сұрағанының өзі өз алдына бір жеке әңгіме. Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданынына қарасты Үлгі ауылында Қаныштың өз қолымен отырғызған ағаштары бүгінде үлкен орманға айналды.

Ернар КЕЙКІ,
ботаника кафедрасының аға оқытушысы