Спартакиаданың берері мол

Спартакиаданың берері мол

Қаңтар айының 13-22 аралығында Қарағанды университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері арасында ұйымдастырылған ректор кубогіне арналған «Сергектік және денсаулық» спартакиадасының жабылу салтанаты Студенттер сарайында өтті.

Бүгін спартакиаданың жеңімпаздары анықталды. Жалпыкомандалық есеп бойынша жеңіске жеткен командалар марапатталып, жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Он күнге созылған жарыста спорт саласында жүрген оқытушыларымыз өздерінің шыңдалған шымыр маман екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Әдемі ойын көрсетіп, мықты қарсылас бола білді. Алайда дене мәдениеті және спорт факультеті мен педагогика факультетінен жасақталған «Барыс» командасына өзге командалар да есе жібермей, тіпті кей сайыстарда басымдық танытып, алдыңғы шептен көріне білді.

Шетел тілдер факультетінің тәрбие жұмысы бойынша деканның орынбасары Мөлдір Айдосқызы: «Біздің команда биыл да белсене қатысты. Қарсылас командалардың жарыстың қай түріне болсын тыңғылықты дайындықпен келгенін ойын барысында көрдік. Факультетіміздің атынан «Асық ату» сайысына қатысқан шетел тілдері кафедрасының оқытушысы Федор Снегиревты ерекше атап өткіміз келеді. Өзге ұлт өкілінің ұлттық ойынымызға қызығушылық танытуы қуантты. Ол алдағы жылдары да осы ойын түрінен дайындықты арттырып, болашақта жүлдегерлердің қатарынан көрінуге ұмтыламын дейді. Факультетіміздің оқытушылары спартакиадада жоғары көрсеткіштер көрсетпесе де, қалған факультеттерге көңілді, достығы мен бірлігі жарасқан, ештеңеден тайсалмайтын, ұтылып жатса да қайтпайтын шыншыл құрам ретінде үлгі болды деп ойлаймын. Себебі басты мақсат — жеңіске жету болған жоқ, басты мақсатымыз — салауатты өмір салтын сақтап, денсаулығымызға оң әсері бар және көңіл-күйіміздің көтеріңкі болуына ықпал ететін осы спартакиадаға қатысутұғын. Әйелдер арасында өткен волейбол ойындары қызыққы толы болды. Жарыс үш күнге созылды. Үш күнде әртүрлі құрамалармен ойын көрсеттік. Ойын барысында қуанышты да, өкінішті де сәттер орын алды. Өзге командалардың ойындарын тамашалап, өзімізге көп ақпарат алдық. Біздің волейбол командамызда нақты ақыл-кеңес беретін бапкер болмағаны біршама қиындық туғызды, шыны керек, көп оқытушыларымыз бұрын-соңды бұл ойынды ойнап көрмеген. Соның салдарынан ойын барысында біздің тараптан өте көп қателіктер мен кемшіліктер кетті. Бірақ бұл бізге ары қарай жұмыс істеуге, дамуға үлкен мүмкіндік. Командалар арасында ең жас команда ретінде танылдық. Сондықтан алға қойған мақсаттар көп және ең бастысы талпыныс бар. Айта кету керек, оқытушы мамандығы өмірдегі ең қиын мамандықтардың бірі және көп жағдайда біз өз денсаулығымызға көңіл бөлуге оңтайлы уақыт таба бермейміз. Ал осындай сайыстардың ұйымдастырылып отыруы, әрине, біз үшін үлкен мүмкіндік. Сайыстан кейін, көп физикалық қозғалыстың нәтижесінде осы жарыстардың денсаулығымызға, көңіл-күйімізге қалай әсер ететінін байқадық. Халқымызда «Тәні саудың — жаны сау» деген жақсы сөз бар. Дені сау адам үнемі жақсы көңіл-күйде, айналасына тек жағымды эмоциялар қалдырады. Алдағы уақытта әр спорт түрінен дайындығымызды арттырып, келесі жылда жоғары көрсеткіштер көрсететінімізге кәміл сенеміз», — дейді.

Баспасөз қызметі