Әжемнің бақыты

Ол кезде мен мектеп оқушысымын. Үлкен ағам шетел университетіне оқуға түсті. Біреуге жай, еш ерекшелігі жоқ оқиға болып көрінгенімен, біздің отбасымыз үшін бұл қуанышты жайт еді. Өйткені ол менің әжемнің тұңғыш немересі. Бауырына басып өсірген тұңғыш немересі бір төбе, қалғандарымыз бір төбеміз. Күн сайын мектептен қайтып келе жатып үйдегілерден кімді бірінші кезіктіретінімді білетінмін — ол менің әп-әдемі әжем болатын. Мені терезеден күтіп отырады да, жақындай бергенде шәйнекті ысытады екен. Кейін екеуміз әдемілеп шай ішеміз. Мен мектепте басымнан өткергенімді айта бастаймын.

— «Әлгі телефонға ызылдап бірдеңелер келіп жатқан. Ержантайымнан болар, өзім қарайын десем, көзім жетпейді, қарап берші», —деп өтінеді кейін. Шайымды тастай сала әжемнің жанына жайғаса, келген хабарламаларды қарап, көз жүгіртемін. Ағамның жіберген әдемі фотосуреттерін тамашалап, оның қызыққа толы студенттік өмірі мен жаңа достары жайлы жазған хабарламаларын оқи отырып, біздің әр күні бірдей өміріміз оған қызық емес екенін түсіндім. Біз уайымдамасын деп күн сайын хат жазатын. Басында сирек қоңырау шалатын, ол жақтың номерін алып, тарифін орнатуына біршама уақыт кеткен. Алғашқы жазған хаттарында әжемнің де, біздің де жағдайымызды сұрамайтын.

— Бәріңе сәлем, — деп бастайтынмын мен.

— Әжетайымның қал-жағдайы қалай? Ауырып қалған жоқ па? Оны қатты сағындым, дұғай-дұғай сәлем айтыңдар. Демалысқа келгенде не ала келейін, соны сұраңдар.

Көзімді әрі-бері жүгіртіп, әжем сезіктеніп қалмасын деп, оқып отырған сыңай танытып, әр хатты осылай бастайтынмын. Ал әжем, кәріліктің ең бақытты шақтарын басынан өткере отырып, қайта-қайта «айналайын, шырағымдап», күрсіне, түймедей қара көзіне жас алып, лавадай ыстық алақанымен шашымнан сипайтын.

Сағат сайын телефонда болған суреттерді тағы көрсетуімді сұрап, фотоларды махаббатқа толы көздерімен қарай беруден жалықпайтын.

Сөйтіп, әжемнің бақыты үшін амалсыздан оны алдауға тура келетін. Және де бұл өтірігім үшін ешқашан өкінбейтін шығармын.

Дина ҚАЙРУЛЛОВА,
Қарағанды университетінің студенті