Мархаба Тұрсынова, Қарағанды университеті жанындағы Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығының жетекшісі

Мархаба Тұрсынова, Қарағанды университеті жанындағы Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығының жетекшісі

— Міне, 2021 жыл есік қағып тұр, тағы бір жылды артқа тастап, жақсы ниетпен, зор үмітпен Жаңа жылды қарсы алмақшымыз.

2020 жыл бүкіл әлемді жайлаған пандемиямен басталып, ел басына ауыртпашылық түскені аян. Бірақ мұндай кезеңде де халқымыз жұмыла көтерген жүк жеңіл екендігін көрсете білді. Жаңа күннен, Жаңа жылдан жағымды жаңалық, жарқын сәттер күтетініміз белгілі ғой, сол себептен де әрбір отбасын, әрбір мекемен ұжымын, соның ішінде өзіміздің қара шаңырақ Қарағанды университеті ұжымын құттықтай отырып, келе жатқан Сиыр жылы берекелі, табысты болсын деп тілеймін!

Бүгінгі таңда ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша латын әліпбиін жетілдіру жұмыстары жүзеге асып жатқаны белгілі. Бұның барлығымен көпшілік қауым құлақтанып отыр және өз ұсыныс-пікірлерімен де бөлісуде.

Жаңа қазақ жазуындағы жаңалықтармен хабардар ету мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес, осы сипаттағы атын әліпбиіне көшу жұмыстары «Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ-да өз дәрежесінде жолға қойылған. Атап айтсақ, ғылыми басылымдарда, БАҚ материалдарында латын әліпбиіне көшуге байланысты мақалалар жарияланып, латын әліпбиінің маңызы, латын әліпбиіне көшудің қажеттілігі сияқты өзекті мәселелермен қоса әліпби нұсқаларына байланысты сараптамалар жасалып, жаңа қазақ жазуының емле ережелеріне қатысты пікірлер ұсынылуда.

Атқарылған да, атқарылатын да бұндай шаралар биылғы оқу жылында да қолға алынып, Қарағанды қаласы білім саласы қызметкерлерімен бірге жаңа емле ережелерін меңгерту мақсатында онлайн семинар-тренинг өткізу, «Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ-ның профессорлық-оқытушылар құрамы арасында «Жаңа әліпбиді меңгердім» тақырыбында сайыс ұйымдастыру, әлеуметтік желіде «Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ-ның профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылар арасында латыннегізді қазақ жазуының өзекті мәселелеріне арналған жарияланымдары бойынша акция өткізу және «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ресурстық тіл орталығы» КММ-мен бірге өткізетін бірнеше іс-шара жоспарланған.

Жаңа жылдан жақсылық күтетін әрбір адамға алдына қойған мақсат-міндеттерінің іске асқанын, еңбекте табысқа жеткенін, отбасында бақытты болғанын тілеймін.