Экологиялық сауаттылық – әлемнің тазалығы

Экологиялық сауаттылық – әлемнің тазалығы

Бүгінгі таңда экологиялық сауатсыздық мәселесі күн тәртібінде тұр. Алайда әлі де оң шешімін таппай келеді.

 Әуелде қандай да бір керекті зат алу үшін қаражат жұмсап, уақытымызды, білімімізді, күшімізді сарп етіп еңбектенеміз. Ал кейін сол зат оп-оңай қоқысқа айналып, жарамсыз болып қалады. Статистикаға сүйенсек, әрбір қазақстандық жылына шамамен 250-350 кг қоқыс шығарады екен. Оның тек 3%-ы қайта өңделеді. Бұл жылап көрісетіндей көрсеткіш. Мысалы, Қазақстанда қайта өңдеу жүйесінің жоқтығынан тұрмыстық қалдықтар жай ғана полигондарға шығарылады. Тұрмыстық қалдықтардың полигондары топырақты, өсімдіктерді, ауаны, жер асты және жер үсті суларын ластайды және жұқпалы аурулардың таралуына ықпал етеді. Бірақ, өкінішке орай, бұл жайлы саусақпен санарлықтай азшылық қана ойланып, бас қатыруда.

Тұрмыстық қалдықтарды басқару — «жасыл экономиканың» басты тармақтарының бірі. Экологиялық сарапшылардың айтуынша, қоқыс жәшігінің 80 пайызын қайта өңдеуге болады, бірақ бұл көрсеткішті біз бағындыра алмай келеміз. Басты проблематика — халықтың экологиялық сауаттылығының таяздығы, көпшіліктің үйде қоқысты сұрыптауға дайын болмауы.

Планетаны табиғат заңдылықтарын терең түсіну, табиғи қауымдастықтардағы көптеген өзара әрекеттесулерді ескеру негізінде жасалған адамдардың қызметі ғана құтқара алады. Адам баласы кішкентайынан қоршаған ортаға немқұрайлы қарамай, айналаны көздің қарашығындай қорғап, тазалық сақшысына айналуды санасына сіңіруі керек. Халықтың экологиялық сауаттылығын қалыптастырудың шұғыл қажеттілігін анықтау нәтижесінде білім мен тәрбиені экологияландыру аса маңызды. Осы тұста айта кетсек, Қарағанды университетінің Buketov Business School командасы экологиялық бағыт бойынша екі ауқымды жобаны қолға алды. Экологиялық сананы жаңғыртып, тұтынатын заттарға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған «PlastiCource» және тікелей пластикті өңдеумен айналысатын «RePlast» жобасы. «RePlast» жобасы БҰҰ-ның 6 мақсатымен сәйкес келеді: лайықты жұмыс және экономикалық өсу, жауапты тұтыну және өндіріс, климаттың өзгеруімен күрес, теңіз экожүйелерін сақтау, құрлық экожүйелерін сақтау, тұрақты даму мүддесіндегі серіктестік. Айтулы жобаның артықшылықтары: қоқыс полигондарының көлемін азайтады; экологиялық жағдайды жақсартады және денсаулыққа оң ықпал етеді; бөлек жинаудың сауатты жүйесі қайта өңдеуге болатын барлық нәрсе, яғни қалдықтардың 90%-ы қайта өңделетінін жоққа шығармайды; экологиялық сананы дамытады.

Эко-қозғалысты көпшілікке насихаттау басты назарға алынған, қалдықтарды дұрыс сұрыптауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бағдарланған таныстыру курстарын өткізу мектептер мен жоғары оқу орындарында наурыз айының орта тұсынан басталды. Курс практикалық бөлімді қамтиды, студенттер мен оқушылар қалдықтарды сұрыптау, саналы тұтыну және пластиктен бұйымдар жасау дағдыларына ие бола алады. Сондай-ақ, қоқыс өңдеу зауыттарына экскурсиялар жүргізіледі. Осы арқылы тұрмыстық қалдықтарды дұрыс өңдеуді үйреніп, табиғи ресурстарды ойланбастан тұтынуға жол бермей, әрқайсымыз қоршаған ортаны қоқыстан арашалай аламыз. Сіз бен біз пластикке екінші өмір сыйлауға ұмтылуымыз керек. Университетімізге пластикті қабылдауға арналған 12 контейнер қойылды. Насихат жұмыстары жүргізілуде. Жастар жиналған пластикті сұрыптап, басқа өнімдерден жіктеп алуға дағдылануда. Қайта өңдеуге жатпайтын пластиктер қайта өңдеу зауыттарына қайта өңдеуге тапсырылды. Студенттер жиналған пластиктерді өңдеуден өткізіп, кулон, сағат сынды түрлі бұйымдар жасап, сатылымға қойып та үлгерді. Жиналған қаражат эко-қозғалыстың жандауына жұмсалмақ.

Ғылым қарыштап дамып, өндіріс пен кәсіпорын өркендеп, тылсым табиғат құрдымға кетіп бара жатқандай. Ал эко-қозғалыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы көңілді көншітпей тұр. Материалдық өндірістің табиғи ортаға тигізетін теріс әсері шын мәнінде дағдарысты сипат алған. Қоқыс жайлаған бұлыңғыр болашаққа қараудың өзі қорқынышты. Дегенмен, бірнеше жылдан кейінгі болашақты елестету өте маңызды. Мүмкін, ластанған ауада, тозығы жеткен жерде, қураған тіршілікте өмір сүріп жатқан ұрпағымыз көз алдымызға елестер. Кезіндегі айдай сұлу әлемді аңызға айналдырған ата-бабасына өкпесі қара қазандай болар, бәлкім…

Табиғат — бұл сый, жаратылысқа аса зор жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Ауаның тазалығы, қоршаған ортаның басқа құрам бөліктеріндегі тепе-теңдіктің сақталуы адамның жұмыс қабілетіне, ұзақ өмір сүруіне, денсаулығына оң ықпал етеді. Табиғатты аялау арқылы адамзатты аялайтынымыз есімізден шықпаса екен.

Аида КАЛИЕВА,
Қарағанды университетінің студенті