Мұражай – қаншама ғасыр қойнауынан бізге жеткен жәдігерлерді сақтаушы тылсым орын, адамзат жасаған ерекше өнер туындыларын жинақтаған жер. Әлемде 100 мыңға жуық мұражай бар деп есептеледі. Ең алғашқы мұражай, Александрия қаласындағы Мусейон атты ғимарат өз тарихын сонау б. э. д 290 жылдан бастайды. Мұражайлар өздерінің қалыптасу кезеңінде бір елдің басқа елдерді жаулап алған кезінде қолға түсірген қандай да бір өнер туындыларын, қайталанбас жәдігерлерін жинақтау үшін салынса, уақыт өте келе оның қызметі өзгеріп, мән-маңызы арта түсті. Қазіргі таңда мұражай тарихи маңызы бар ескерткіштер мен жәдігерлерді жинақтап, сақтауға қызмет етеді. Ерекше өнер туындыларын рухани құндылық ретінде дәріптейді. Сонымен қатар, ұлы тұлғалардың өмірінен сыр шертетін құнды заттарды ұрпаққа паш етеді. Осылайша мұражайлар тарихи, мәдени құндылықтарды әрі заттай, әрі рухани байытатын баға жетпес орынға айналды.