Алтыға жиырма бар
Менің асыға күтпеген аптам келіп жетті. Ертең менің миыма қона бермейтін, өзім аса жақтыртпайтын, бірақ оқуға тура келетін, бәзбіреулердің айтуынша, ғылымдардың патшасы болып саналатын математика пәнінен суммативтік жұмыс жазамыз. Сол күннен-ақ менің мазам кете бастады. Мектептің тәтті түскі асына тойып алып, достарыммен сөйлесіп тұрсам да есімнен бір сәтке болсын ертеңгі күн кетпеген-тұғын. Ертеңгі күнді көз алдыма елестетіп отырмын. Сабақтар аяқталды, барлық оқушылар Г-218 кабинетіне жарыса жүгіріп, ертеңгі сынаққа дайындалу үшін мұғалімнен кеңес алуды ұйғарды. Сыныпта адам толы, мұғалім де жаны қалмай оқушыларға қайталау жүргізіп түсіндіруде. Оның жанын мен сезіп тұрмын, тоқсан бойы оқыған оқушы жақсы баға алса өзі үшін де жақсы емес пе?..