Тәуелсіздіктің ақ таңы

Тәуелсіздіктің ақ таңы

Тәуелсіздік… Арада 29 жыл өтті. Әр күн сайын Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңымен оянып келеміз. Сонау 1991 жылдың 16 желтоқсаны дүйім жүртты бақытқа бөлеген, жұдырықтай жүректі тулатып, көзге жас келтірген, кеудені мақтаныш сезімі кернеген күн еді…

Салават КЕНТБЕК, Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының доценті:

— Күшпен тұрған Кеңестер Одағының құрамында болған республикалардың тәуелсіздікке ұмтылуы, тоталитарлық жүйенің күйреуі замана талабы ғана емес, бұл заңдылық еді, себебі Орталықтың, Кремльдің, Саяси бюроның өктемдігіне қарсы халық толқулары күшейгендігі аян. Ал, тәуелсіздік жолындағы халық қозғалысының басы 1986 жылғы Қазақстандағы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісінен бастау алды.

Ұлы дала өркениетіндегі бабалардан қалған ұлы аманат 1991 жылдың 16 желтоқсанында жүзеге асты. Еліміздің барлық ақпарат құралдары барша әлемге Қазақстанның тәуелсіздігін айғақ етті. Бұл қуанышты сәтті, ерекше күнді қалай ұмытпақсың. Әсіресе өткен ғасырдың 60-90-шы жылдарындағы мектеп оқушысы, студент, еңбекке араласқан біздер үшін, әкімшілдік-әміршілдік, тоталитарлық жүйенің кесапатын көрген буын үшін ерекше ғой. Телефон арқылы сүйіншілеп жаттық, ертеңіне сабақтарымызға келе сала бір-бірімізді құттықтап, студент жастарымызға Тәуелсіздіктің маңыздылығын жарыса айттық.

Желтоқсанның 17-сі күні сағат 14:30-да үлкен дәрісханада университеттің жалпы жиналысы өтті. Киелі қарашаңырағымыздың ректоры, Қазақстанның білімі мен ғылымына, өскелең ұрпақтың өркендеуіне ерекше үлес қосқан тәлімгеріміз Ж. С. Ақылбаев: «1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылдады. Барша университет ұжымын, отбасыларыңызды, отандастарымызды еліміздің Тәуелсіздігімен құттықтаймын!» деген сәтте оқытушылар, қызметкерлер, студенттер қауымы орнынан тік тұрып қол соғып, бірін-бірі құшақтап, құттықтап, шат-шадыман болды.

Үлкен дәлізде білім ордасының мақтан тұтар ұстаздары, ғылымда ерекше қолтаңбасы бар ғалымдарымыз, атап айтсақ, Төлеуғазы Әбжанов, Есмұханбет Смаилов, Аманжол Күзембайұлы бастаған шоқтығы биік азаматтардың қасында шоғырланып тұрған сәтте Төлеуғазы ағамыз «Қаншама ғасыр армандаған Тәуелсіздіктің таңы атты, тұғырлы болсын, ұрпақ бағалай білсін, еліміз, жұртымыз аман болсын! Енді алда үлкен асулар тұр» деп тебіренген еді…

Қайыржан БЕКІШЕВ, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, «Еуразия» ХЭА академигі:

— Мен Тәуелсіздік таңы атқан арайлы күн жайлы емес, сол күннің атуына ықпал еткен жылдар жайлы айтқым келеді. Шовинизм өршіп тұрған 1960—1970 жылдарға тоқталғым келеді. Ұлт тағдырын тәлкекке түсірген солақай саясатты іске асыруда СОКП Орталық Комитеті мен оның бас хатшысы Н. С. Хрущевтің белсенді рөл атқарғаны тарихтан белгілі. Сол жылдарда қазақ мектептері жаппай жабыла бастады. Бұл Хрущевтің қоғамға «Кеңес халықтары ұлы орыс тілінде сөйлеу арқылы коммунизмге соғұрлым тезірек жетеді» деп жаңсақ түсінікті қалыптастырған кезі. «Қазақ ұлтшылдығының дабылына айналған» деген желеумен 1960 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетін жабу мәселесі көтерілді. Орыс тілінен тәржімаланған мақалаларды мерзімді басылымдарға басу арқылы қазақ газеттерінің тынысын тарылту көзделді.

Ұлтымыздың басына қара бұлт үйірілген сол бір жылдарда Қазақстан үкіметін басқарған Жұмабек Тәшенов ағамыз аузынан жалын атып тұрған Н. Хрущевтің Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы арандатушылық саясатына ашық қарсы шықты. Диктаторлық саясат белең алғанда тұста Тәшеновтің: «Қазақстанды аумақтық жағынан бөлшектеу басталса, біз ұлттық республиканың құқықтары аяққа басылғаны туралы халықаралық ұйымдарға шағым жасаймыз», — деп тайсалмай қарсы шыққаны қазақ тәуелсіздігінің шежіресінде алтын әріппен жазылуға әбден лайық. Өйткені осы саяси мәлімдемеден кейін бұл мәселе қайтып қозғалмай, Хрущевтің беті қайтқан.

1960-61 жылдарда Қарағанды педагогикалық институтының студенті едім. Облыстық партия комитеті К. Сауғабаев, Д. Ахметов, О. Жаваров және өзге де жастарды «басқа қалалардағы «Жас қазақ» ұйымына қатынасып жүрсіңдер» деп айыптап, тергеді. Бірнеше рет жиналыста талқылап, біраз студентті еліне қайтарды. Бір жыл қой бағып, дұрыс мінездеме әкелген соң қайыра оқуларын жалғастыруға рұқсат етілетіндігі туралы шешім шығарды. Ал кей студенттерге қатаң сөгіс беріп, оқуда қалдырды.

Міне, осындай қиын-қыстау жылдарды көрген, сол жылдарда дүниеге келген ұрпақ 1986 жылдың желтоқсанында бой көтерді. Ұлттық рухты ұрандатып алаңға шықты. Мыңдаған жас жігіттер мен қыздар соққыға жығылды. Рухы биік азаматтар сотталып кетті. Сол бір қысылтаяң шақта «Қарағанды қаласында, облыста қазақтар 14 %-ды құрайды. Ал жоғары оқу орындарында қазақ студенттерінің саны көп» деп обкомның бірінші хатшысы В. Локотунин атқа мінді. Шолақ белсенділер, атқамінерлер бойында ұлттық рухы жалындаған жастарды қаралап, қудалап жатты. Ол уақытта мен ҚарМУ-да биология факультетінің деканы болып қызмет атқарамын. Жоғарыдан студенттерді бақылауға алыңыздар деген бұйрық келді. Таңғы сағат алтыда «Бульвар Мира» көшесі бойында орналасқан № 2 жатақхананы аралап шықтық. Сабақ таңертеңгі сегіз жарымда басталады. Оқытушыларға «студенттерге айтып түсіндіріңдер, ешкім ешқайда шықпасын» деп тапсырма бердік. Көше бойы толған автобус, ол кезде жеке меншік көліктер жоқтың қасы. Қадам басқан сайын КГБ-ның қызметкерлері әркімнің сөзін бағып қырағы қадағалап аңдып жүр. Бір кездегі бірге жүрген марқұм Қасымбек КГБ-да қызметте, мені көріп: «мыналарға тіл қатпаңыз, студенттеріңізге ие болыңыз» деп сыбырлап ескертті. Сол күні жатақхана комендантына, вахтерға айтып, сыртқы есікті жапқызып, студенттерді сыртқа шығармадық. Бұл толқу екі-үш күнде басылатындығын түсіндіріп, «өздеріңе сақ болыңдар, қазір далаға шықсаңдар, ана тұрған автобустарға мінгізіп, апарып жауып тастайды» деп мұғалімдер мен бәріміз студент жастарды әзер тоқтаттық.

Қазақ халқының ұлттық рухын оятқан Желтоқсан көтерілісі кеңестік империяның ұлттық намысты аяқасты етуіне, отаршылдық өктемдігіне қарсы бағытталған қаһарлы күрестің жарқ ете түскен алауы-тұғын.

Қойлыбай АСАНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

— Қазақ елі Тәуелсіздігін алғанда мен жиырма алтыдағы жігіт едім. 1991 жылы бұрынғы одақтас республикалар бірінен соң бірі Тәуелсіздіктерін жариялап жатқан. Соларға қарап елеңдеп жүрген шағымыз. Сөйтіп жылдың соңы желтоқсан айы жетті. 17 желтоқсан күні Қазақстан Тәуелсіздігін алғанын естідік. Желтоқсан көтерілісіне тура бес жыл толған. Өз алдымызға дербес ел болдық деген сүйіншілі хабарлар елден елге тарап жатты. Желтоқсан көтерілісі кезінде көрген зәбір есіме түсіп, тамағыма өксік кептелді. Соның алдында ғана облыстық «Қарағанды жастары» газетіне «Өз елімде өгей болғым келмейді» деген мақалам шыққан еді. Енді ешкімге жаутаңдап, ешкімге кіріптар болмаймыз деген сенім санаға үлкен сілкініс әкелгендей еді. Бірақ ТМД елінің құрамында болады екенбіз деген хабарға тағы да көңіл алаңдап қалғаны рас. Бұл қалай болады деген алаңдаушылық келе-келе басылды. Міне, еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқалы тұр. Тәуелсіз Қазақстанды төрткүл дүние таныды. Орта Азияның көшбасшы елі болып отырмыз. Тәубе, ел іргесі аман. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Тұрлыбек ҚАЗБЕКОВ, менеджмент кафедрасының доценті:

— Тәуелсіздіктің 29 жылында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер мен сәттіліктерге қол жеткіздік: Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болдық; Экономикалық нарықтық, құқықтық мемлекет құра бастадық; 14 мың шақырымға жуық құрлықтағы, 3 мың шақырымға жуық судағы шекарамызды шегендедік, яғни мемлекеттік шекара бойында демаркация үдерістерін сәтті орындап шықтық; Ел аумағының орталығынан мемлекетіміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтан қаласын тұрғыздық; Мемлекеттік рәміздерді бекіттік; Төл теңгемізді енгіздік; Тұрақты банктік-несиелік, республикалық және жергілікті бюджетпен салық жүйелерін құрдық; Үш тармақты басқару билігінің барлық бағытын орнықты еттік, яғни қос палаталы Парламент құрдық; Экономика мен әлеуметтік өмірдің барлық дерлік нысандары мен мәселелерін реттейтін Үкімет, әлемдік құқықтық талаптарға сай сот жүйесін қалыптастырдық; Қырағы қарулы күштер қатарын жасақтадық; Ата заңымыз – Қазақстан Республикасының конституциясын, ондаған Кодекстерді, 300-дей заңдарды қабылдадық, солардың ішінде кейбір заңдарды ТМД елдері арасында ең бірінші болып, мысалы, трипартизм, яғни әлеуметтік әріптестік туралы заңды Ресейден бір жарым жыл бұрын қабылдадық; Басқарудың президенттік жүйесінен президенттік-парламенттік жүйесіне көштік; Көпұлтты мемлекет нышаны – Қазақстан халқы ассамблеясын құрдық; Индустриалды-инновациялық дамудың 2 бесжылдық бағдарламаларын (2010-2014жж., 2015-2019 жж.) сәтті орындап, 3 бесжылдық бағдарламасын (2020-2025 жж.) жүзеге асыра бастадық; Шағын бизнестің дамуына қажетті алғышарттар жасадық; Нарықтық экономикаға көшкен мемлекет ретінде дүниежүзіне ТМД елдері арасында ең бірінші болып танылдық, ал бұл Еуропалық Одақ елдерінен инвестиция тартуға аса маңызды және қолайлы шарт. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, оның 11 жыл бойы өткізілмей тұрған саммитін өткізіп, Астана декларациясын қабылдадық; Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізетін тұрақты орынға айналдық; Сириядағы қарулы қақтығыстарды реттеу жолында бірнеше мәрте Астана процесі өткізілді, ол Женева процесінің заңды жалғасы болып табылады; 2017 жылы елордада «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өткізіліп, оған 115 елден 4 млн. адам делегат ретінде қатысты.

Тәуелсіздік жылдары елімізде жоғары, орта және арнайы орта білім беру жүйелері оңтайлы ұштастырылды. Жоғары білім берудің үш деңгейлі (бакалавриат, магистратура және докторантура) сатысына, ал орта білім беруде жаңартылған бағдарлама бойынша оқыту жүйесіне көштік. Нұр-Сұлтан қаласында әлемдік озық талаптарға сай келетін Назарбаев университеті ашылып, отандық және шетелдік жастарға заманауи білім беруде. Облыс орталықтарында Назарбаев зияткерлік мектептері, сонда-ақ дарынды балаларға арналған мектептер мен лицейлер ашылған. Осы және толып жатқан басқа да жетістіктеріміз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруге мүмкіндік берді. Ендігі міндет – дамыған 30 елдің қатарына ену.

Әлімжан ЖАҚАН, журналистика кафедрасының аға оқытушысы:

1991 жылдың желтоқсан айында мен ҚарМУ-дың 5 курс студенті едім. Филология факультетінде оқитынмын. Жастық шақ, жалындап жүрген кезіміз. Осы желтоқсанның ортасында бір күні елімізге Тәуелсіздік жетті. Тәңірдің сыйындай, табиғаттың тартуындай болған ғаламат құбылысты есту, көру, сезіну қандай бақыт десеңізші?! Сол сәтте менің студенттік дәптерімде көлдария көңіл күймен бірнеше өлең, публицистикалық жалынды сөздер жазылып еді (Өкінішке орай, жылдар өте жоғалтып алдым). Арада алты айдай уақыт өткенде сол кезде шығып тұрған Қарағанды – Жезқазған аймақтық жастар басылымына жұмысқа келдім. «Замандас» деп аталатын сол газетте екі жылдай журналист болғанымда жаңа заманды, тәуелсіздігін енді алған жас мемлекетті халық арасында кеңінен насихаттадық. Жас ұрпаққа ұғындыруға тырыстық. Ол да бір дәурен, романтикалық кезең еді. Қысқасы, осынау Тәуелсіздік құдіреті – филолог мені журналист қылып жіберді…