Күн тәртібіндегі мәселелер

Күн тәртібіндегі мәселелер

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында қазіргі кездегі халықты алаңдатып отырған сұрақтарға жауап берді. Бұл арқылы халқымыз алдағы атқарылатын іс-шаралар туралы және індетке байланысты елдегі экономикаға, білім саласына, ұлттық валютаға, рухани құндылықтарға қатысты мәселелердің шешімі жайлы ақпараттарға ие болды.

Қазіргі таңда әлемдік індеттің салдары елімізді де сырт айналмай кеткені мәлім. Осыған байланысты алдыңғы шепте медицина, білім беру саласы, экономика, халықтың әлеуметтік жағдайы сияқты маңызды салалар орын алды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап беру барысында әрбір салада төтенше жағдай кезінде атқарылған іс-шаралар туралы айта кетіп, індет аяқталған соң да басты назарда ұстайтындығын, бұл салалардың алдағы уақытта да дамуға бағытталатынын айтты. Мысалы, халықты жұмыспен қамтуға байланысты 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылатындығын, білім беру саласында қашықтан оқытуды алдағы уақытта да жетілдіру қажеттігін мәлімдеді. Президентіміз індетпен күресу барысында мемлекетіміздің кемшін тұстарын да жасырмады. Ол әсіресе медицина саласында анық байқалды. Денсаулық сақтау саласының бәрінен де маңызды екенін дүние жүзін жаулаған індет айқындап берді. Бұл тек біздің елде ғана емес, әлем елдеріне ортақ мәселе. Елімізде індетпен күрес барысында медицина қызметкерлері де ауруға шалдыққаны белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұқбатта алдағы уақытта медициналық-биологиялық зерттеулердің, жалпы медицинаның дамытылатынын айтты.

Жоғарыда аталған күрделі мәселелермен қатар еліміздің рухани дамуы мен ұлттық құндылықтары да аса маңызды. Тек жаһандануды алға қойып дамуға болмайды. Бұл ұлттың ұлт ретіндегі ерекшеліктерін, қазынасын жойып жібереді. Ол туралы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Əлемде түрлі үрдістер қалыптасуда. Бірақ соның бəрі бірдей ұлттық мүддеге сай келе бермейді», — деп, бұл жолдағы күресте ұлттық құндылықтарымызды, әсіресе ана тілімізді сақтау керек екенін айтты. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін бәрінен биік қою жас ұрпақ үшін маңызды. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» дегендей, қазірден ана тіліміздің мәртебесін көтерсек, болашаққа ұлттық құндылығын сақтаған саналы ұрпақ табыстаймыз. Сұқбатта Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты» деген ой қорытты. Сонымен қатар, биыл халқымыздың дана тұлғалары әл-Фараби мен Абайға арналған мерейтойлар аясындағы іс-шаралар елдегі жағдайға байланысты онлайн форматта өткендігін, әлеуметтік желілер арқылы барынша насихатталғандығын атап өтті. Президент өзінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасын Абайдың «толық адам» философиясымен, әл-Фарабидің «бақытқа жету жолындағы қайырымды қоғам» қағидасымен үндесетіндігін айтты.

Адель МАКЕШОВА,
ҚарМУ студенті