Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет

Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет

Қазанның алғашқы жексенбісі елімізде кең көлемде аталып өтілетін ұлық мерекенің бірі – Ұстаздар күні. Осы бір айтулы датаны тағатсыздана күтіп, білім-ғылымға баулыған ұстаздарымызды құттықтап, қуантуға асығамыз. Жүрекжарды жылы лебіз – шәкірттің ұстазға құрметі.

Білім — адам өмірінде маңызды рөл атқаратын асыл қазына. Білімді жан әманда өз арман, мақсатына жетеді. Әлбетте, білімді, саналы шәкірт атану ұстаз біліктілігімен тікелей байланысты. Елбасымыздың «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деуі де сондықтан.

Оқушыларының білім мен ғылымға, өнерге ұмтылысы, өмірге талпынысы қай кезде де ұстаздың назарынан тыс қалмайды. Білім теңізіне сүңгіп, інжу-маржан теріп, жан дүниесін байытқан шәкіртті көру ұстаз үшін бір бақыт. Қанатын қатайтып, самғап ұшқан түлегіне қашанда тілеулес. Ата-ананың тілеуі, мұғалімнің талабы баланы шыңдап, ширатады. Ұстаз өнегесі жас ұрпаққа өмірлік азық. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», — деген екен. Әр баланың жүрегіне жол тауып, бойындағы дарынды аша білген ұстаздарымыз армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітірген ғажайып күш иесі.

Өлшеусіз еңбек иелеріне қандай құрмет көрсетсек те аздық етеді. Саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Шәкірттеріңіз әрдәйім топ жарып, биіктерден көріне берсін!

Баспасөз қызметі