Өнерліге өріс кең

Өнерліге өріс кең

Адам баласы дүниеге келген сәтте бойында аса бір дарыны мен өнері болса, ол дарыны мен өнері көптің көзіне түспей қоймайды. Қазақтың қанына сіңген өнер қашанда көзге түсіп келеді. Ата-бабамыздан қалған, бізге жеткен мәдениет пен өнер – өміріміздің алтын діңгегі. Көпұлтты мемлекет бола тұра, ұлтымызға тән ерекшеліктерімізді жоғалтпай, дәстүрлі құндылықтарымызды сақтап келе жатқан еңселі елміз. Әрине, бұл біздің осы салада жүрген мықты майталмандарымыздың еңбегі, төккен тері. Қазақтың маңдайының бағы, талай белесті бағындырып, аты мәшһүр болған тұлғаларымыз жетерлік.

Мәдениет пен өнерді қолдау – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», — деген еді. Рухани құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, мәдени мұраларымыз бен асыл қазына — кітапты дәріптеп, көпшілікке насихаттап жүрген мұражай қызметкерлері мен кітапхана қызметкерлерінің, сонау ғасырлар қойнауындағы тарихымызды тірілтіп, жазушыларымыздың шығармаларын киелі сахна арқылы жаңғыртып жүрген театр қызметкерлерінің, ұлттық аспаптарымыздың тынысын тарылтпай, дәстүрлі өнерді насихаттап, түрлі бағыттағы әндерімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырған әншілердің, саф алтындай өнер туындыларын өмірге әкелген күйшілер мен сазгерлердің, суретшілер мен мүсіншілердің қажырлы еңбегі еліміздің мәдени қорын толықтыруда. Әр істеріне асқан сүйіспеншілікпен қарап, тәулік бойы талмай еңбек етіп, еліміздің мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосуда. Бұл – әдебиет пен мәдениетке, салт-дәстүрге, өнерге, тілге деген зор құрмет.

Мәдениет және өнер өлкесінде жүрген барша қауымды атаулы мерекелерімен құттықтаймыз! Алар асуларыңыз, бағындырар биіктеріңіз көп болсын!

Аяулым МҰРАТОВА,
ҚарМУ студенті