Экология – болашақтың мамандығы

Экология – болашақтың мамандығы

Бүгін экологтар және қоршаған ортаны қорғау күні. Табиғаттың тылсым сырына үңіліп, тіршіліктің тілін түсінуге өмірін арнаған эколог мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Психологиялық көзқарас тұрғысынан қарар болсақ, табиғатты сүю, қоршаған ортаны аялау көркем мінездің қалыптасуына ықпал етеді екен.

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің биология-география факультеті 1998 жылдан «Экология» мамандығы бойынша мамандар даярлап келеді. Университет қабырғасында студенттер негізгі экологиялық пәндер, экология және табиғатты пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және Қазақстанның актуальды мәселелері, табиғатты қорғау, медициналық экология, өсімдіктер, жануарлар, микроорганизмдер, топырақ экологиясы, радиациялық экология негіздері сияқты жалпы білім беру пәндерін, шет тілі мен биологиялық ғылымдар негізін оқып үйренеді. Білім алушылар қоршаған орта өзгерістерінің заңдылықтары мен механизмін, экологиялық жағдайларды бағдарламалау мен модельдеуді, қоршаған ортаны ластанудан қорғау әдістерін және қоршаған ортаның мониторингін жүргізуге машықтанады. Студент-экологтардың теориялық дайындығы практикамен ұштастырылады. Оқу практикалары қоршаған орта және климат мониторингі ғылыми-зерттеу институтының зертханаларында, табиғат қорғау мекемелерінде, ал ботаника және өсімдіктер әлемінің әртүрлілігі, зоология және жануарлар әлемінің әртүрлілігі пәндерінен оқу-далалық практика Қарқаралы қаласындағы ҚарМУ-дың оқу базасында өтеді. Оқу-өндірістік практика кезінде студенттерге табиғатты қорғау және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану әдістерімен, экологиядағы зерттеулермен танысу үшін ғылыми зертханаларға, мекемелерге бару мүмкіндігі қарастырылған.

Қазір климаттың өзгеруі, табиғаттың ластануы, жасыл экономиканы дамыту, таза экологиялық өнімдерге деген қажеттілік, әлемдік экологиялық ахуалды жақсарту сынды экологиялық мәселелер күн тәртібіне көтеріліп, адамзатты алаңдататын әлемдік деңгейдегі мәселелердің біріне айналды. Бұл болашақта экологиялық білімі бар эколог мамандардың сұранысқа ие болатындығын аңғартады.

ҚарМУ баспасөз қызметі