Жарайсың, Бектас!

Жарайсың, Бектас!

Бүгін философия және психология факультетінің 2 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты, «Ұлағат» шығармашыл жастар клубының жетекшісі Бектас Жұман Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбектің алғыс хатымен марапатталды. Аймақ басшысы: «Пандемияға орай төтенше жағдай кезінде қауіп пен қиындыққа қарамай, ауызбіршілік пен жауапкершілік танытқан волонтерлердің еңбегі аса зор. «Saryarqa Jastary» облыстық волонтерлер штабының бастамасымен жүзеге асқан игі іс-шараларға белсене араласып, ерік-жігер мен табандылығыңызды танытқаныңыз үшін сізге алғыс білдіремін!» — дей келе, ізгі тілегін жеткізген. Көпке үлгі болып үлгерген, «Мен тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Алаштың Әлиханының ұлағатты сөзін бойтұмар етіп ұстанған Бектас Бақытұлы: «Меніңше, бойыңда қайрат барында, жастықтың жалыны тасып тұрған шағыңда тоқтамау керек. Демалып үлгереміз ғой әлі. Иә, қолымыздан келгенше мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға етене араласуды жөн көреміз. Ерікті болу тек жақсылық жасау мен көмектесумен ғана шектелмейді, сонымен қатар жаңа орта, жаңа дос табуға, ішкі жан-дүниенің ашылуына зор ықпал етеді. Еңбектеніңіздер. Талаптаныңыздар. Ұмтылыңыздар. Ұйқы деген жақсы, бәріміз де жақсы көреміз. Дегенмен, ұйықтауға асықпаңыздар, үлгересіздер әлі ұйықтап. Жақсылық жасауға асығыңыздар, бір жаманды өзгертуге, артыңыздан үлкенді-кішілі із қалдыруға тырысыңыздар жақсы жағынан», — дейді.