Жаныңда жүр жақсы адам

Жаныңда жүр жақсы адам

Бүгінгі күні елім, жұртым деп жан күйдіретін, болашақтың қамын жейтін азаматтардың қатары кем емес. Солардың бірегейі деп Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, «Арқа» ақындар мектебінің жетекшісі, айтыскер ақын Айтбай Ботпайұлы Жұмағұловты айтар едік. Қай кезде де жастарға қолдау білдіруден жалыққан емес. Қажырлы еңбегімен мәдениет саласына айтарлықтай үлес қосып, қазақ руханиятына көңіл бөліп келеді. Атап айтатын болсақ, 2005 жылдан бері «Арқа» ақындар мектебінің жетекшісі. Жас айтыскерлерге бағыт-бағдар беріп, жыраулардан қалған сарқытты болашаққа аманаттап жүрген ағаларымыздың бірі. Бұқар жырау мұраларының мәңгі тірі болуына да септігін тигізіп келеді. Жыл сайын Қарағандының төрінде өтетін «Бұқарекең жырлайды» атты республикалық мүшайра мен ақын-жыршылар байқауының басында тұрады. Ұстаздығы бір бөлек. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатумен қатар, тәрбие мәселесіне де баса назар аударады. Сонымен қатар, қарағандылық жас ақындардың кең қанат жаюында да өзіндік үлесі бар. Жыл сайынғы дәстүрге айналған «Жылдың үздік ақыны» байқауының ұйымдастырушысы. «Жақсының жақсылығын айт» демекші, еңбегінің еленгені болар, таяуда ғана «Бұқар жырау ауданының құрметті азаматы» атанып, ізін суытпай «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағының» ұсынуымен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленді.

Жас қырандардың кең қанат жаюына үлесі мол Айтбай Жұмағұловтың отбасына береке, жұмысына сәттілік, шығармашылық мол табыс тілейміз!

Ақерке ӘБДІКӘРІМ,
ҚарМУ студенті