Асқаралы алпыс жас

Асқаралы алпыс жас

Бүгін қадірлі ұстазымыз, профессор, көрнекті зерттеуші, тарихшы Бірлік Қыздарбекұлы Қыздарбеков ағайымыз мерейлі жасқа келді. Профессор Бірлік Қыздарбекұлы 60 жылға таяу уақыт бойы Қарағанды қаласының жоғары оқу орындарында ұстаздық қызмет жасап келеді. Бірлік Қыздарбекұлы еліміздің тұңғыш университеті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінде 40 жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарды. Профессор ағайдың әрбір лекциясы өте қызықты, тартымды, ғылыми мазмұны терең және деректерінің соншалықты молдығымен ерекшеленеді. Студенттік жылдарда ағайымыздың әр лекциясын тыңдаған сайын халқымыздың даңқты тарихының қатпарларына қанығатынбыз. Әсіресе ағайымыз түркі халықтарының тарихын ерекше шабыттанып оқитын еді. Сонау сақ, үйсін, қаңлы дәуірінен бастап келіп, Ұлы Ғұндардың заманына келгенде ағайымыз құдіретті «Мөде» мен «Құдайдың қамшысы» атанып, әлемді дүр сілкіндірген «Аттиланың» ерлігін баяндағанда әр студентті рухтандырып жіберетін. Түрік Қағандары Бумын, Мұқан, Білгенің тұлғалық қасиетін насихаттап, баһадүр Күлтегіндей болуға қазақтың балаларын тәрбиелеген ағамыздың еңбегі ұшан-теңіз. Профессор ағамыздың жеке басының батырлығы мен ержүректілігі де ерекшеленіп тұрды. Ғылыми конференцияларда ағамыз «Ұлттық тарихымызды — ұлттық, мемлекетшілдік көзқарас тұрғысынан жазуымыз керек» деп батыл түрде айтқан сөздерін студенттік жылдардан бастап естідік. Үздіксіз ғылыми-шығармашылық қызметпен айналысып, «Көне Русь», «Қазақтардың көне тарихына кіріспе», «Түркі тарихы» және т. б. ғылыми еңбектерін шығарып, Отан тарихын ұлттық көзқарас тұрғысынан методологиялық қайта зерделеуге үлес қосып келеді. 2017 жылы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетінің студенттеріне арнайы дәріс оқыған кезде де тың идеяларын қалың көпшілікке жеткізді. Құрметті Бірлік Қыздарбекұлы, сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағыңызға құт-береке мен ырыс, қызметіңізге шығармашылық табыс тілеймін. Тарих ғылымына әлі де тың идеяларды әкеле беріңіз.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,
тарих факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары