Қыз қылығымен көрікті

Қыз қылығымен көрікті

«Гүл өссе жердің көркі, қыз өссе елдің көркі» дейміз. Ата-бабамыз осы бір мақалдың астарына үлкен ойды сыйдырған. Кезінде еліне көрік сыйлаған қазақ қызы қандай болған? Қырық үйден, қала берді қара күңнен тыйым көрген. Мінезімен, қылығымен көркін ажарландырған. Халқымыз қызды ертеңгі адал жар, ибалы келін, өмірге ұрпақ әкелетін аяулы ана, ақылшы ене, ел анасы деп таныған. Ал бүгінде осы мақалға қандай ойды сыйдырып жүрміз?..

Қай ата-ана болса да қызының бағы ашылып, бақытты болғанын қалайды. Жоғары білім алып, жұмыс істеп, жақсы жерге тұрмысқа шықса екен деп тілеуін тілейді. Алайда сол мәпелеп өсірген балапаны басқа үйдің босағасын аттап, ақ жаулық жамылып, ақ келін атануға дайын ба? Қызы қылығымен тәнті етіп, үй шаруасын үйіріп әкете ала ма? Мені осы сұрақ көп мазалайды. Оған себеп те бар – бүгінгі қоғамдағы қыздарымыздың бет-бейнесі. Сән қуған, ашық-шашық киінген, қызға тән әдемі қылықтан ада, «өз сөзім өзімдікі» дейтін, айғайлап сөйлеп, қарқылдап күлетін, білімдімін, сұлумын деп кеуде керетін, үй шаруасын істеуден арланатын аруларды көргенде, шыны керек, түңіліп күтем, ұйыған отбасының отанасы бола алмайды-ау күмәнданам. Осындайда Бұқар жыраудың «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда», Ғабит Мүсіреповтің «Дала қызының назданған еркелігінде мұң да бар, жігер де бар, жалынышы мен жалыны да бар. Жан тазалығы, саудаға салмас ар-ұят тазалығы да бар. Сондай қолтума өнерінен кіршіксіз ләззат ала аласың», Әзілхан Нұршайықовтың «Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігітке оның жымиғаны да жетіп жатыр» деген қанатты сөздері ойға оралады. Шынында кішкентайынан әдеп пен ибаны, адалдықты, ізеттілік пен мейірбандылықты, еңбекқорлықты, міне, осындай жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өсірген, жарасымды киінген, жүріс-тұрысына мән беріп, сыпайы сөйлеп, тәтті қылығымен, баяу үнімен, жібектей көркем мінезімен қыз ажарлы.

Халқымыз «Жақсы қыз жағадағы құндыз», «Қыздың қабағында құт бар», «Қыздың қабағы күлімдесе, құт келеді» деп қызды төрге отырғызған. Жастайынан жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қызының болашақта әдептілігінен, инабаттылығынан танбайтынын білген, зор сенім артқан. Қазір сол сенімге селкеу түскендей. Бұл бүгінгі күннің ащы бір шындығы…

Бүгінде сырт көз сүйсінетін көркіне ақылы сай қыз тәрбиелеу – ата-ананың, балабақша мен мектептің, жоғары оқу орнының, қала берді қоғамның міндеті. Қыз – ертеңгі ана. Ал ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді.

Қымбат САДЫҚ,
ҚарМУ студенті