«Отан отбасынан басталады»

«Отан отбасынан басталады»

«Отбасы – шағын мемлекет» деген екен дауылпаз ақын Қасым Аманжолов. Осы шағын мемлекеттер бірігіп отырып үлкен бір қоғамды құрайды. Қоғам болса бір мемлекеттің негізгі тірегіне айналады. Сол себепті кез келген мемлекет үшін онда өмір сүріп жатқан отбасылардың жағдайы маңызды. Ең алғаш 1993 жылы осы тақырыпты қозғай отырып, қоғам назарын отбасына аудару мақсатымен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 15 мамырды Халықаралық отбасы күні деп жариялады.

Мемлекеттің дамуында отбасы құндылығы үлкен рөл атқарады. Өйткені отбасы – кез келген тұлғаны тәрбиелеп шығаратын алғашқы мектеп. Ол салт-дәстүр мен ұлттық қасиеттерді сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, тіпті ана тілімізді де таза күйінде ұрпаққа табыстаушы қызметін атқарады. Халқымыздың дүниетанымында отбасы деген киелі ұғым бар тәлім-тәрбиенің ошағы саналады. Ол біздің ұлттық ерекшелігіміз бен болмысымыздың қалыптасуының алғашқы ұйытқысы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген, міне, осындай сөздік қорымызда ежелден жүрген даналық сөздерден-ақ қазақ халқының отбасы мәселесіне қатты назар аударғанын байқаймыз. Қазақ халқы үшін отбасы мен оның құрамындағы әрбір жанның алар орны мен атқарар қызметі жайлы білу үшін мақал-мәтелдерімізді тізіп айта берсе болады. «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», «інісі бардың тынысы бар, ағасы бардың жағасы бар», «бала – ананың бауыр еті», «ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп», «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей көптеген рухани қазынамыздан отбасы институтының қағидаларын, отбасы рөлін білеміз. Үлкенді сыйлау секілді біздің ұлтымызға тән қасиет осы отбасы құндылығынан шыққан деп сеніммен айта аламын.

Бір өкініштісі, қазіргі таңда елімізде осы отбасы құндылығының маңызы төмендеп барады. Бүгінде жаһандануға бет бұрған халқымыз үшін бұл ауыр қасірет. Статистикалық мәліметтердің айтуынша, Қазақстан әлемде ажырасу бойынша алғашқы ондыққа кірген. Отбасының сақталмауына әртүрлі факторлар әсер етеді. Дегенмен әрқашан отбасы құндылығын сақтап өткен халқымызда мұндай көрсеткіштер бұрын-соңды болмаған. Мұның салдары халқымыздың демографиялық өсуіне де кері әсерін тигізбей қоймайды. Ал ата-бабадан қалған ұлан-байтақ жерді бос қалдырмай, өзіміздің қоныстанып, сақтап, игеріп, келешек ұрпаққа жеткізуіміз де маңызды міндет. Қарап отырсақ, бір мәселеден бір мәселе шыға береді. Оның бәрі бастапқыда айтқан отбасы ұғымынан туындады. Демек, отбасы барлық игіліктің бастауы һәм тірегі. Сол себепті отбасы құндылығын алдыңғы орынға шығарғанымыз жөн.

Отбасы ұғымын, отбасы құндылығын әр халық әртүрлі қабылдап, әртүрлі түсінсе де, отбасы барлық адамзатқа ортақ. Жаратушының өзі әу баста белгілегені бойынша ұлы қасиеттерді арқалаған киелі одақ. Отбасы мәселесін айтулы күндерде ғана пікір алаңына салмай, қоғамның ажырамас бөлшегі ретінде әркез назарда ұстаған жөн.

«Отан отбасынан басталады». Ұлттың негізі – дәстүрлі отбасылық құндылықтарымызбен қаланады. Отбасы – тәрбие көзі. Халқымыз «не ексең, соны орасың» деген. Отбасы күні құтты болсын! Отбасымыз аман, Отанымыз тыныш болсын!

Адель МАКЕШОВА,
ҚарМУ студенті