Ойын арқылы ой-санамыз өссе екен

Ойын арқылы ой-санамыз өссе екен

Nomad play — ұлттық ойындарды насихаттауға арналған танымдық жоба. Оның аясында «Қыз қуу», «Күме алу», «Қыдырайық» сынды үстел ойындары өмірге келді.

Даму жолындағы танымдық таңда саналы ұрпақты тәрбиелеу өте маңызды. Қазіргі қоғамда тәрбие мәселесі, оның ішінде ұлттық тәлім-тәрбие жыларман күйде десек, артық айтпаспыз. Бүгінде жастардың көпшілігі гаджеттерге тәуелді, соның кесірінен отбасылық құндылықтар қадірі құлдырау үстінде. Балалар өздерінің эмоцияларын түсіне алмайтындай халге жетті. Баласының көңіл-күйін көзінен танитын ата-аналарымыздың да қатары, өкінішке орай, сиреп барады. Мұхтар Шахановша: «Түсінбестік — секілді бір көк тұман, Сол көк тұман тудырады көп күмән» дегің келеді.

Қоғамда салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға, ұлттық ойлау жүйемізге, танымымызға деген немқұрайлық дәрежесін азайту үшін ата-бабаларымыздың бізге аманат етіп қалдырған ұлттық құндылықтарын қайтадан заманымызға лайықтап жаңғыртуымыз керек. Қарағанды мемлекеттік университетінің «Enactus» командасы осы тұрғыда жұмыс жасап, жоғалып бара жатқан жақұттарымызды қайтадан жандандырып жүр. «Қыз қуу», «Күме алу», «Қыдырайық» сынды жобаларды жүзеге асырған ҚарМУ студенттері: «Бүгінде қызықты әрі жаңа деректерді үйретететін танымдық, есте сақтау қабілеттерін арттыратын топтық ойындар өте пайдалы. Мәселен, «Қыз қуу» тарихты тануға негізделген, «Күме алу» — қаржы тұрғысынан сауаттылықты арттырады. Ал «Қыдырайық» — тарих пен географияны білуге негізделген мозайка, яғни нақышталған ойын түрі. Бұл ойындар адамның жан-жақты ойлануына ықпал етіп, есте сақтау қабілетін арттырады. Көңіл-күйдің көтерілуіне де әсері бар», — дейді.

Аида ҚАЛИЕВА,
ҚарМУ студенті