Жүрегімнің түбіндегі сырымды,<br>Орамалдың кестесінен ұғып ал…

Жүрегімнің түбіндегі сырымды,
Орамалдың кестесінен ұғып ал…

Қайнаған қызу тірлік ортасында жүріп, көк кимешекті аспанның астында ұзақ ойға кеттім. Алдымнан ақ орамал таққан әп-әдемі жеңгей өте шықты. Ойымда «Қыз Жібек» әні шырқала бастады: «Орамалы тұрады бес жүз жорға, әгугәй-әгугәй»… Бір кездері биші қыздар тобында жүріп осы әнге билегенде бұл сөздерге қалай мән бермегеніме таң қалдым.

Бала кезде той-томалақ, жиындардан анам мені қалдырмаушы еді. Орамал туралы бар білгенім, жоқ, көргендерім көз алдыма елестеді де тұрды. Мені кішкентай ғой, әлі ес білмейді деп ойласа керек, бір күні әпкем орамалының ұшына жүзігін байлады да қолымнан жетектеп сіңіліме кәмпит аламын деп сыртқа шығып кетті. Мен кәмпит жейтініме мәзбін, әпкем шыққанына мәз. Сөйтіп, қолындағысын алдымызда күтіп тұрған бір жігітке ұстатты да қызара жөнелді. Сол кезде бұл салт екенін, анау кісінің болашақ жездем екенін білсемші… Тереңге үңіле берсең, тарта береді екен. Ақ жеңгелерім ақ босаға аттағандарында ақ орамалдарын тастамайтын. Бір күні осы ақ маңдайлыларымның бірі ағаммен әңгіме айтып отыр екен: «Анау келіншектің басында өзі байланып тұрған орамал бар екен. Жаңадан шығыпты, сондай алып берші», — деп ернін бұртитып қойды. Басқа дүниенің бәрін қойып, жеңешемнің ең асыл затты сұрағанын енді ғана аңғарыппын ғой. Өсе келе заман мен адам арпалысындағы кезеңде жүріп анама «орамал тартпаңызшы, шашыңызды сәндеп беремін» деп айтқанымда анам маған аздап ренжігені де бар. Алдына отырғызып қойып сонда біраз ақыл айтқан.

Бүгінгі күні осы құндылықтар жоғалып бара жатқанын көріп, ішімде бірдеңе өртенгендей болады. Жеңгелеріме қарап отырып: «Сен орамал тағып жүрсең майысып, Менің саған ұқсағым-ақ келеді» деп қоятыным да бар. Құдайдың қазаққа берген қасиетті жаулығын ұлықтаған әже-апаларым өз дәрежесінің бүгінгі күнде қандай жоғары екенін білсе ғой…

Иә, өзегімді өртеген ойлар бұнымен ғана біткен жоқ. Күнделігімнің бір бұрышына қиялдағы біраз оқиғаларды тізіп қойдым. Кесте тігуге деген құлшыныс пайда болды. Мүмкін, жүректегімді орамалға кесте арқылы бейнелеп, жолда күтіп тұрған бір кісіге ұсынармын.

Айтпақшы, осындай ой салған жаңағы ақ орамалды ақ жеңешеге алғысым шексіз. Егер сол кісімен кездесіп қалсам, міндетті түрде әп-әдемі аппақ орамал сыйлаймын…

Ақерке ӘБДІКӘРІМОВА,
ҚарМУ студенті