Әке

Әкелерді асқар тауға теңегені бекер емес қой. Таудай асқарлығымен үлгі болса, сол асқарлығымен қорған да болады. Әкелік қамқорлық, бар сүйіспеншілік пен бар махаббат әкелеріміздің қатулы жүзінің әр жағында жасырынып тұрады. Саған өміріңде бір рет болсын «Мен сені жақсы көремін, балам!» деп айтып көрді ме? Маған әлі айтқан жоқ. Айтпаса да әкемнің әр көзқарасы, әр ақылы, әр сөзі, жәй бір қалыпты бет жүзінің өзі сол сөздерді секунд сайын қайталап тұратын.

Әкелердің жанарынан, елең еткен көңілдерінен әр баласының әр қадамына алаң болғанын, балалары үшін бір сәтте бар өмірін беруге дайын тұрғанын аңғарасың. Аңғарасың да тәңірден «әкешімнің еш уайымы болмасыншы» деп тілейсің. Сен қанша тілесең де әкеңнің алаң болған көңілін баса алмайсың. Баласы тұрғанда әкенің от жүрегі соқпай, уайымдамай тұрмайды, себебі оның жүрегінің бір түбінде балалары орналасқан. Сен не сезесің, соның бәрін сенімен бірге анаң мен әкең сезеді. Сенің өміріңе, сенің әр күніңе, қиындығың мен қуанышыңа жауапты адамдай, көз жасыңды төккізбей алақанында аялап, тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай өмірге тәрбиелеп, бойындағы бар жақсыны дарыта білген жанның шыңына жету мен осы сөздерді жазудың өзі аз.

Ауылға демалысқа барғанымда ерте тұрғанымды көрген әкем: «Сені ұйықтатпады ма, ерте оятып алғандары не, менің баламда несі бар осылардың», — деп анаммен әзілдеседі. Анам болса: «Иә, әдейі сенің қызыңды тұрғызып алдым», — деп күледі. Әкем сонда да қоймай: «Бар, алтыным, ұйықтай ғой», — дейді. Таңертеңгі күнін осылай өз жүзінен жылу бөліп, бізге қуаныш сыйлаумен бастайды. Ал кеш тұрғанымды көрсе: «Неге ерте тұрдың, балам, біраз жата тұрмадың ба», — дейді. Бұл сөздердің астарында қандай мағына жатқанын оның қара қызы жақсы білетін. Әйтсе де күліп, ертең ерте тұрмасам ба дейді. Әкемнің аузынан ешқашан «өзім» деген сөзін естіген емеспін. Не болсын, өзі қандай көңіл-күйде болсын біз үшін қысты жаздай жайнатып, көңілімізді көтеріп, әзілдесіп, ойнап жүреді. Ал біздің әңгімемізге келер болсақ, шежіреден бастап, айтыспен аяқтаймыз. Әкемнің өлең шығаратыны да бар.

Әкемнің кішкентай күнімізде жылаған кезде ұрысқаны есімде. Сонда анама неге ұрсады деп сұрап барғанымда: «Әкең сендердің тек күліп жүргендеріңді қалайды, мұңайған түрлеріңді көрген оған ұнамайды. Сендерге болмашыға жылағандарың үшін ренжіп, ұрысқаны ғой», — деді. Есейе келе әкемнің біздің ғана емес, бар сәбилердің жылағанын ұнатпайтынын байқадым, әкем үшін сәбилер тек күлуі керек, бақытты болуы керек. Мен анамнан осы сөздерді естіген күннен бастап әкемнің көзінше бір тамшы жас шығармайтын болдым. Ол кезде мектепке енді аяқ басқан кішкентай оқушымын. Мектепте балалар тиіссе, құлап қалсам, басқа бір жағдайлар болса, үйге жылап бармайтынмын. Ол да өмірде өз пайдасына жарады. Жылағанмен түк өнбейді, күліп алсаң өмірің ұзарады емес пе?! Бірақ, жасты сұрап алмайсың, жылағың келетін кездер де болады. Бастысы әкем жылағанымызды көрмесе болды. Әкелердің махаббаты қымбат.

Дияна САҒЫМБЕК,
ҚарМУ студенті