17 мамыр — Қазақ қыздары күні

17 мамыр — Қазақ қыздары күні

Қыз бала — ұлттың ұяты, халықтың шырайы.

«Қызға қырық үйден тыю» деген дана философиялық қағидаға орай ата-бабаларымыз қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. «Қыз өссе, елдің көркі» дегенге сай болу үшін оны адамгершілікке, парасаттылыққа, еңбексүйгіштікке, әдемілікке баулыған. «Қыз жат жұрттық» деп айтылып, өмірден сабақ ала білген бабаларымыз бөтен елде қыздарының тәрбиелігімен, көргендігімен дараланғанын қалады. Сол үшін де ата салттың мәнін өзгертпей, оны қатаң сақтап, келесі ұрпаққа жеткізіп отырды. Нәтижесінде қазақ қыздары адами киелі қасиеттерді бойына жинап, өзге халықтардан ерекшеленді.

Әсіресе қыздардың еңбексүйгіш қасиеттері оларды отбасының, сондай-ақ бүкіл дәстүрлі шаруашылықтың ұйытқысына айналдырды.

Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетер болашақ ана, еркелеп мойныңа асылар аяулы қарындас, өмірлік серігің болатын асыл жар — ол қыздар. Айша бибі, Домалақ аналарымыздың жалғасы, Әлия мен Мәншүк апаларымыздың сынығы болған аяулы қазақ қыздары күні құтты болсын!

«Қыз деген — ана, ана деп ғана бағала оны, бағала!»

Бектас ЖҰМАН, ҚарМУ студенті