Жас буынға кеңес

Міне, білім айдынындағы үлкен кемені артқа тастап, қимастықпен қоштасқан жас түлектер жүктерін жинап, жаңа үміт, жаңа мақсатпен жаңа өмірге қадам басу үшін өзге қалаға аттанған болатын. Мен де өз қатарластарым секілді мектеп бітіріп, бала күнімнен келе жатқан арманымды жүзеге асыру үшін мақсатыммен жоспарымды арқалап, әкеммен еріп Шымкент-Қарағанды бағытындағы поездге міндім. Кірген бетте жүзі жылы биязы мінезді жас қызбен таныстым. Есімі Айжан. Таныса келе, елордадағы белгілі жоғары оқу орнының филология факультетінің соңғы курс студенті екенін білдім. Алтын ұядан енді ғана ұшып, үлкен шаhарды бағындырамын деген нық сеніммен келген маған оның қандай кеңес айтары қызық болды. Ал ол болса жылы шәйін іше өз әңгімесін бастады:

— Жаңа өмір. Жаңа қала. Еркіндік. Бостандық. Алғашқы жылы ойыңа не келсе, көжеңе соны қатық қыл дегендей, тағдырымның жаңа парақтарына түрлі-түсті бояулармен жол салынып жатты. Дәл осы кезеңде әкенің қанымен, ананың сүтімен келген тәрбие, көрген өнеге сыртқа шығады екен. Ауылдан ұзын кең етектен, қос бұрымын өріп келген қыздардың екі-үш айдың ішінде адам танымастай өзгергенін де көрдім. Қанша қыздың оқудан шығып кетіп, ата-ананы алдап, біраз істің басын қайырып жүргеннен де хабардар болдым. 17-18 жастағы қылығына көз тояр сұлулығымен әлемді тамсандыра алатын бойжеткендердің еркіндікті ессіздікпен шатастырып алулары өзекті өртейтін. «Студенттік менің ғұмырым» деген кітапты тәтті естеліктермен толтыру өз қолыңда, — деді де өз әңгімесін аяқтады. Осы сәтте межелеген жерге де жетіп, студенттік өмірге сәттілік тілеп, жүгін көтере кете барды. Ал мен болсам оның әпкелік ақылы мен тектілігіне таңдана, айтқан сөздерін жадымда сақтап, ұзақ ойға баттым.

Ұлжан ДАДАН,
ҚЖ-12 тобының студенті