Ұялы телефон орнына кітап ұсыныңыз!

Ұялы телефон орнына кітап ұсыныңыз!

 «Менің балам ақылды, ұялы телефонды бірден меңгеріп алды», — деп мақтанды бір келіншек. Қасындағысы да: «Қазіргі балалар бәрін біледі. Тым ақылды», — деп қалысар емес. Бұл мақтаныш па?!.

Бала — жазылмаған ақ парақ, ненің жақсы, ненің жаман екендігін ата-анасынан, ұстаздарынан үйренеді. Үлкендер «балаларымыз кітап оқудан қалды» деп қойып, өздері алақандай телефонға үңіліп отыр. Ал бала айтқанды емес, көргенін қайталайды. Әке менен ананың әр іс-әрекеті қашанда балаға үлгі-өнеге. Сондықтан үлкендер жағы қайтсе де деңдеп кеткен заманауи кеселден айығуы керек. Ол үшін кітапты қолға алып, бар ынта-шынтасымен оқыса болды.

Менің айтпағым, ата-ана «балам телефонды меңгерді» деп емес, керісінше «менің балам жүз роман оқып бітірді, жарыстардың жеңімпазы атанды» дегендей әңгімелер айтып, мақтанса екен. Кітап оқып, ұл мен қызына да кітап оқытып жүрген ата-аналар, жоқ демеймін, бар. Бірақ олардың қатары аз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, балаға телефон емес, кітап ұсыныңыз.

Еркенұр АРИНОВА,
ҚарМУ студенті