Ұрлық түбі — қорлық

Ежелден қазақ халқы үшін біреудің мүлкін ұрлау, дүниесіне қол сұғу өте ұят саналған. Әйтседе ұрлық бүгінгі таңға дейін бір тыйылған емес. Біреудің дүниесін біреу ұрлап кетіпті дегенді жиі естіп жатамыз. Сондай жаман іске баратын адамдарды ұстап, кезек-кезекпен жақсылап жазасын бергің де келетіні рас. Бір жағынан біреудің мүлкіне қол сұғу заңмен жазаланатынын да естен шығармаған абзал. Яғни ол пәленің жазасын сен бермесең де не сот, не арғы өмірде құдай береді.

Ұрлыққа барған адамды әр мемлекетте әртүрлі жазалайды екен. Мәселен, ертеде шекаралас көршіміз Қытайда ұрлық жасаған адамның саусағы мен қолын кесу жазасы болған. Жалпы өз басым біреудің дүниесіне қол сұғып, арам жолмен арам пайда тауып көрген жоқпын. Ондай арам пиғыл ойымда мүлде болмаған, болмайды да! Бір зат өзіне қызығушылық тудырып, сені өзіне құмар қылса, сенің оны алуға мүмкіндігің болмаса, онда оны міндетті түрде ұрлап алу керек деген қағиданы ұстанып немесе солай ойлау дұрыс емес. Оның соңы тек саныңды соғып, опық жеуге алып баратынын естен шығармаған жөн. Керісінше еңбек етіп, адал жолмен ақша жинап, өзің қалаған дүниені адал жолмен алатындай әрекет пен жұмыс қылу шарт! Адалдықтың соңы амандық екені айдан анық! Көп адам өзіне ұнаған затын амалын тауып, алдап-сулап сұрап алғанды мақұл көреді. Ол бір жағынан ұрлап алғаннан гөрі дұрыс шығар, бірақ қазақ тарихындағы ұлы тұлға Абай атамыз өзінің қарасөзінің бірінде айтқандай: «амалын табам, сұрауын табам деп қорлықпен өмір өткізгенше, не жерден, не аққан терден сұрау керек қой».

P. S.: Шариғат заңы бойынша ұрлық жасау ауыр қылмыс болып саналады. Бұл күнәны істегендерге дүниеде де, ақыретте де ауыр азап бар екендігін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Біреудің маңдай термен тапқан табысын жымқырып, мал-мүлкін барымталау ауыр күнә, ондай пенде иманынан айрылады. Жақында ұрлық жасау ауыр қылмыстар санатына көшкендігін, қылмыстық жауаптылықтан босатылмайтындығын, тіпті 5 жылдан 12 жылға дейін жаза арқалап кете баратынын естідік.

Айбек САЛДАТБЕК,
ҚЖ-12 тобының студенті