Құс та болғым келеді

Құс та болғым келеді

Құстар. Өте керемет жаратылыс. Қанат қаққанының өзі бір ғанибет дерсің. Ауада қалықтап, қанаттарымен желпіп-желпіп жібергенде әлдеқандай тылсым дүниеге ойың кетіп, өзге әлемге бейне сапар шегесің. Олар еркін. Басы ауған жаққа ұшса да, көздеген жеріне қонса да өз еркінде. Бастысы, қауіпсіз мекен болса болғаны. Тұмсығын кең ашып қиқу салғанда ішкі әлеміңде бір белгісіз мелодия ойнайды. Осындай сәтте ақындар дәптерлеріне өлеңнен жаңбыр құйдырды, суретшілер шабыттана сиясын шашыратты десе, сенбеске амал жоқ шығар. Аспан жаққа сән беріп, көкжиекке көркемдік сыйлаған мұндай жаратылысты көріп тұрып Аллаға шүкір айта бергің келеді. Кей құстарға қарап адам атын жамылған әлдекімдерден биік қоясың. Иә, биік қоясың. Мейірімсіз пенделер қарлығаштай бола алмай, өзімшілдер кептердей бір түйір дәннің қадіріне жетпей жүргені жүрегіңді еріксіз суытып жіберердей…

Бұлбұлдардың ән салғанын естігенде өмірді сүре бергің келеді. Ән көңілдің ажары демекші, бір марқайып қаласың. Әсіресе, көктемгі көріністе құс атаулы одан сайын ажарланып кететіндей. Жадыраған жазда жазира даланы ән бесігінде тербетіп тұрады. Күз келгенде көңілде бір қимастық сезімі орын алады. «Жылы жаққа кетпеңдерші, ей, құстар» (Жадыра Байбұланова) деп қала бересің. Жаз өмірі мен мәз өмірін қысқартып қайтып бара жатқан құстарды қол бұлғап шақырып алып қалғың келеді.

Адам мен құстың арасында көзге көрінбейтіндей бір байланыс бар сияқты. Оны өлеңмен сезіну ақынға, суретпен сезіну суретшіге, ән не күймен сезіну күйшіге ғана бұйырған бақ шығар. Әйтпесе қарапайым адамдар мұны ұға да бермес. Неғұрлым құстарға еліктеген сайын адамзат та биікке көтерілетіндей. Құстардың еркіндігін өзіне көшіргендер төрт тарабым құбыла деп өз қабілетін дамытуда алдына жан салмайды. Анау менің шыңым деп көкке ұмтылғандар өз биігінде, өз шыңында тұр. Алайда құс боламын деп қанатын жарақаттап алғандар да қаншама. Құс екен деп тауық тағдырды кешетіндер де аз емес. Иә, құстар десе, менің көз алдыма осындай құбылыс, құлағыма осындай дыбыстар естіледі.

Қиял самғап биіктерге ұшқанмын,
Өз «мен» — імнен қалмасам ед жығылып.
Ақ жүрегім қанатына құстардың
Кеткен бе екен ілініп?

Арманыма апарар жол іздеп ем,
Тіпті көкте Күннен биік тұратын.
Жүрсем бе екен көңіл қалар ізбенен
Әлі бітпес қуатым.

Сезімімді бұлттар жатыр құшып ап,
Нөсерлері ішінде тұр тығылып.
Кеттім Айды алақанға қысып ап,
Жұлдыздарға сүрініп.

Өз-өзімді таба алмай жүрмін бе?
Әлде арман мекені сонша алыс па?
…Әлі аспанда жарқ еткізем бір күнде
Тұрып алып ғарышта.

Құстар, арманға бірге жетейікші. Мен де қанат қақтым…

Ақерке ӘБДІКӘРІМ,
ҚарМУ студенті