Қарттарымыз қамкөңіл болмасын

Біз өмір сүріп жатқан мына заман бір кездегі ата-бабамыз ғұмыр кешкен дәуірден бір бөлек. Заман өзгерді ме, әлде біз – адамдар өзгердік пе?..

Күнделікті күйбең тірлікте түрлі адам сенгісіз іс-әрекеттерді көріп, өсіп келеміз. Құлаққа түрпідей тиіп, көзге құбыжық болып көрінген көріністерге қанша қарсы тұрғанымызбен, небір жаман індеттер қоғамды деңдеп кетті. Адамдықтың шегінен шыққан бассыздықтарға әлі де шектеу қоя алмай келеміз. Неге?.. Індет демекші, сөздің шынын айту керек, осы күні үлкенді сыйлаудан, қарттарды құрметтеуден қалып барамыз.

Иә, қарт деген сөзді естігенде, ең алдымен ата-әжелерімізді, әке-шешелерімізді ауызға аламыз. Бір сұрақ бізді тығырыққа тірейді. Осы өмірге келуімізге себепші болған ардақты жандарды ардақтай алып жүрміз бе? Көп жағдайда күмілжіп, әр нәрсені сылтау етіп, өзімізді-өзіміз ақтап алуға асығамыз. Өкініштісі сол, қазіргі қоғам өкілдері «үлкенді сыйлау», «ата-ана алдындағы борыш» сынды адами түсініктен ада, қартын төріне отырғызып, қазына деп білуден қалып барады. Төле би бабамыз осы заман сипатын «Өзіңнен туған ұл мен қыз сыйламаса, сол қайғы» деп өз дәуірінде болжап қойған тәрізді. Бауыр еті баласы жат көріп, сыртқа тепкеннен өткен сорақылық жоқ шығар, сірә. Қартайған шағында жылу көрмей, пана таппай қаңғыған, қайғыдан көкірегі қарс айырылған кәрілерді көріп, «адам кейде айуаннан да асып түседі екен ғой» деген ойға қаласың.

Қараусыз қалған қауқарсыз қарттарымызды мемлекетіміз далада қалдырмайды. Жыл санап Қарттар үйінің артып келе жатқаны соның бір дәлелі. Статистиканы сөйлетсек, агенттіктердің мәліметі бойынша еліміздегі қарттар үйінің саны 67-ге жетіпті, онда 12 мыңдай адам тұрып жатыр екен. Бұл көрсеткіштер біздің адами құндылықтарды ұмытып, ар-ұяттан жұрдай, қатігез құбыжыққа айналып келе жатқанымызды байқатады. Текті ата-баба ұрпағының азғындалып бара жатқанының бір белгісі іспеттес.

Мына жарық дүниеге әкеліп, ақ сүт беріп өсірген анасын, кең құшағына басып, басынан сипаған әкесін қартайған шағында «Қарттар» үйіне тапсырып, немересін бір иіскетуге зар еткен әке-шеше ертеңгі күнін неге ойламайды екен? Естіген құлақ, көрген көзде айып жоқ деген. Бала көргенін істейді.

Қарияларымыз жыламасын! Қарттарымызды қазынаға балаған халықтың ұрпағымыз ғой. Қартайған шағында өз үйінен пана таппай, қаңғырып, Қарттар үйін жағаламасын. Бұл біздің қазақтығымызға сын.

Айғаным КАРКЕН, «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы,
Айкүміс РЫМҚҰЛОВА, ҚарМУ студенті